Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жаңадан тағайындалған Қазақстан Республикасындағы елшілерден Сенім грамоталарын қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Президентке Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Корольдігінің Төтенше және өкілетті елшісі Дэвид Джон Моран, Беларусь Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Валерий Брылев, Иран Ислам Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Горбан Сейфи, Түркіменстанның Төтенше және өкілетті елшісі Мақтымқұлы Ақмырадов Сенім грамоталарын тапсырды.
Рәсімде сөз алған Н.Назарбаев елшілерді дипломатиялық қызметтерінің басталуымен құттықтады және олардың қызметі екіжақты қарым-қатынастарды жан-жақты кеңейтуге және тереңдетуге, олардың ұзақ мерзімдегі дамуын қамтамасыз етуге айтарлықтай ықпал ететініне сенім білдірді.
Мемлекет басшысы Қазақстан еліміздің ірі сауда серіктесі болып табылатын және қазақстандық экономикаға тіке инвестиция тарту көлемі жағынан төртінші орынға ие Ұлыбританиямен ынтымақтастыққа үлкен мән беретінін атап өтті.
– Лондондағы қазақстандық-британиялық сауда-өнеркәсіп кеңесінің келесі отырысының күн тәртібіне екіжақты байланыстарды кеңейту және тереңдету жөніндегі тиімді шаралар енгізілуі қажет деп есептеймін, – деді Н.Назарбаев.
Президент Қазақстан мен Беларусь ынтымақтастығы жаңа сапалы деңгейге көтерілетінін атап өтті.
– Біз БҰҰ, ЕҚЫҰ, ТМД, ЕурАзЭҚ, ҰҚШҰ аясында халықаралық аренадағы ынтымақтастықты белсенді жалғастырып келеміз. Біздің Кеден одағын құру бойынша бірлескен жұмысымызды ерекше атап өткім келеді. Бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыру жөніндегі жұмыстарды келешекте бірлесе отырып белсенділікпен жүргіземіз деген үміттемін, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Қазақстан Иранмен дәстүрлі достық және серіктестік қарым-қатынастарға үлкен мән береді.
– Біз халықаралық аренада, соның ішінде ИКҰ, ШЫҰ және ЭҚҰ тәрізді ұйымдардың аясында табысты байланыс орнатып отырмыз. Қазақстанда Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесті, сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезін шақыру жөніндегі бастаманы Теһранның қолдауы жоғары бағаға ие, – деді Президент.
Қазақстан сондай-ақ Түркіменстанмен өзара тиімді ынтымақтастықтың одан әрі дамуына қызығушылық танытады.
– Екі елдің арасында бірлескен ірі жобалар табысты жүзеге асырылуда – біз мұнай-газ секторындағы ынтымақтастық туралы келістік, біз Түркіменстан арқылы Иранға жол салудамыз – бұл көлік-транзит кешенін құрауда маңызды. Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық дамитын болады, – деп атап өтті Н.Назарбаев.
Брифингте сөз алған Дэвид Джон Моран Қазақстанда елші болып қызмет атқару өзі үшін үлкен құрмет екеніне тоқталды.
– Британия Қазақстанмен қарым-қатынастарды дамытуға үлкен мән береді. Екі елдің арасында саяси, іскерлік, білім беру, мәдени және әскери салалардағы екіжақты байланыстар кең ауқымда дамып келеді, – деді британиялық елші.
Беларусь Республикасының елшісі Қазақстанның табыстарына жоғары баға берді.
– Менің елші қызметіндегі жұмысым біздің елдердің халқын одан әрі жақындастыруға бағытталатын болады деп үміттенемін, – деді Валерий Брылев.
Горбан Сейфи Қазақстан мен Иран екіжақты форматта, өңірлік әрі халықаралық ұйымдар түрінде өзара қарым-қатынастарды табысты жүргізіп отырғанын атап өтті.
– Иран мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастар анағұрлым белсенді дамуы үшін өз қызметімді белсене атқарамын деп ойлаймын, – деп атап өтті Иран Ислам Республикасының елшісі.
Түркіменстан елшісі Қазақстан мен Түркіменстан арасында бірде-бір шешімін таппаған немесе проблемалық мәселе жоқ екеніне назар аударды.