Таяуда облыс орталығынан шалғай жатқан Қаражал қаласында 215 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Мұндай игі іс бос тұрған көпқабатты үйді қайта қалпына келтірудің нәтижесінде мүмкін болды.
Бұдан бөлек қалада жергілікті бюджет қаржысына бос тұрған жеті коммуналдық пәтерге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл 32 отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Қаражал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары, құрылыс және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Нұрсұлтан Саутбаев былтыр қайта құру жұмыстары басталған үйлердің құрылысы осы жылдың қазан айында аяқталатынын айтады.
– Қайта құру нәтижесінде 215 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі, бұл кезекті 50%-ға төмендетуге мүмкіндік береді. Бүгінде Қаражал-Жәйрем аймағы бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға кезекте 425 адам тұр, – дейді Н.Саутбаев.
Айта кету керек, барлық коммуникация республикалық және қалалық бюджет есебінен жөнделеді. Үйлер орталық жылуға қосылады. Жалпы, қаладағы маңызды мәселенің бірі – қалпына келтіруге жатпайтын бос тұрған үйлерді бұзу. Өткен жылы дәл осындай сегіз үйді бұзу жұмыстары аяқталған. Сонымен қатар Қаражал қаласы мен Жәйрем кентінде бос тұрған тоғыз үйді бұзуға сметалық құжаттаманы әзірлеу бойынша жұмыстарды бастау жоспарда бар екен.
Мұның сыртында, облыста Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы «Зекет» қайырымдылық қоры мұқтаж және көпбалалы отбасыларға, сондай-ақ ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасыларға пәтерлер мен үйлер сатып алды. Соның нәтижесінде биыл «Ел үлесі – пәтерге!» жобасы аясында Қарағанды облысында 13 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілген болатын.
«Зекет» қайырымдылық қорының Қарағанды облысындағы жауапты өкілі Мұхит Жарымбетов мұндай игі шаруалардың алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді.
– Бізге аз қамтылған отбасылардан өтініштер келіп түсуде. Біздің комиссия бұл адамдардың тұрғын үйге қаншалықты мұқтаж екендерін тексереді. Содан кейін біз пәтерлерді ала бастаймыз. Жақында Қаражалда бір отбасын баспанамен қамтамасыз еттік. Мұндай игі істерді одан әрі жалғастырамыз, – дейді ол.
Айта кету керек, аз қамтылған отбасылар үшін қайырымдылық арқылы тұрғын үй сатып алуды мақсат ететін «Ел үлесі – пәтерге!» жобасы 2018 жылы құрылған. Жалпы, осы жоба аясында республикада 400-ден астам отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілген екен.
Баспана мәселесін айтқанда, таяуда болған мына қайырымды істі де назардан тыс қалдыруға болмайды. Қарқаралы ауданындағы Борлыбұлақ бөлімшесінің тұрғындары Түркістан облысынан көшіп келген екі отбасына үй тарту еткен. Қырғыз ауылдық округіне қарасты Борлыбұлақ бөлімшесінде тұрғындарының саны 225 адамды құрайтын 47 отбасы тұрады.
Бөлімшеде жалпы орта білім беретін мектеп бар. Соған қарамастан, жас отбасылар мен жастар ауылда тұрақтамай жүр екен. Мектеп жасындағы балалардың жетіспеушілігі жергілікті мектептің орта мектептен бастауыш мектепке ауысуына қауіп төндіруі мүмкін. Бұл мәселені шешу үшін жергілікті атқарушы органдар Түркістан облысындағы отбасыларды өз ауылдарына көшіп келуге шақырған.
Жаңа жерде баспаналы болған тұрғынның бірі – Мұзафар Махамадалиев. Ол – бес бала тәрбиелеп отырған үлкен отбасының иесі. Балаларының үлкені 18 жаста, қалған төртеуі әлі мектепте оқиды екен.
– Көшкенге дейін біз Түлкібас ауданында тұрдық. Біздің үйіміз және жұмысымыз болды. Бірақ онда халық көп, тиісінше, мал да көп. Ал жайылымдық жерлер жетіспейді. Бізге Қарағанды облысына көшуді ұсынғанда, ойланғанымыз рас еді. Алдымен осында келіп, жергілікті адамдармен таныстық. Барлығы ұнаған соң, көшуге бел будық. Мұнда халықтың тығыздығы Түркістан облысындағыдай емес, жер де жеткілікті. Жұмыс та бар, – дейді ол.
Қырғыз ауылдық округінің әкімі Бауыржан Қапашевтың айтуынша, оңтүстіктен келіп қоныстанған екі отбасына арналған үй жөндеуден өткізілген. Түркістандық азаматтар болашақта жылыжай салып, көкөніс өсірумен айналыспақшы. Ал жергілікті тұрғындар болса, ұсақ малды тегін беруге ниет танытып отыр.
Таяуда онлайн форматта өткен жастар ісі жөніндегі кеңестің отырысында Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек қазіргі таңда жас отбасыларды баспанамен қамтамасыз етудің басты назарда екенін айтты.
Аталған жиында жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету және өңірдің жастар ресурстық орталықтарының қызметі мәселелері талқыланды. Бүгінде облыста 8 мыңға жуық жас тұрғын үй кезегінде тұр.
Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Біржан Әлімжанов тұрғын үй алуға кезекте тұрған жастардың көпшілігі жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санатына жататынын жеткізді.
– Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша 2020-2022 жылдарға арналған тұрғын үймен қамтамасыз етудің кешенді жоспары әзірленді. Бірінші жартыжылдықта 72 пәтер берілді, – деді ол.
Сондай-ақ отырыста жас мамандар үшін қолжетімді ипотека туралы мәселе көтерілді. Қазір жұмыс өлшемшарттарын анықтау үшін «Отбасы банкпен» келіссөздер жүргізілуде.
Өңір басшысы «Жастар ипотекасы» облыстық бағдарламасы жас қарағандылықтарды қолдаудың маңызды құралына айналғанын атап өтті. Осы орайда ол иелері жеңілдетілген ипотекалық несиелендіруге үміттене алатын мамандықтар тізімін мұқият қарастыруды тапсырды.
Қарағанды облысы