11 Қаңтар, 2014

Берен талант Бердібек

71 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Қазақ балалар әдебиетінің қазіргі алтын сақасы, тоқсаннан асқан ақсақалы Мұзафар Әлімбаев қайсар қаламгер, дара талант Бердібек Соқпақбаев туралы бір мақаласының тақырыбын «Берен талант Бердібек» деп қойғаны бар. Шынында, сол берен талант биыл жазға салым 90 жасқа толғалы отыр. Жыр жампозы Мұқағали Мақатаев: «Жылдар өтеді, жаңа ұрпақ келеді, біздің әрқайсымызды солар өз орнына қояды. Мен өз жайымда мынаны айтамын. Мен ХХІ ғасыр ұрпақтарының құрдасымын, бәлкім, одан да әрідегі ұрпақтың туысымын да», деген екен. Бұл сөзді Бердібек Соқпақбаевқа да ортақ десек, орынды болар.

Мұндай абырой-беделге тек дара талант иелері, алыптар шоғыры ғана жетсе керек. Сондай халқының жүрегінен, әсіресе, жас ұрпақтың ойынан ойып тұрып орын алған, керемет шығармаларымен, келістіріп суреттеген кейіпкерлерімен бірге жасасып келе жатқан, тұғыры мықты тұлға Бердібек Соқпақбаевтың өз оқырмандарымен тағы бір қауышатын жылы биылғы жыл.

Қазақ балалар әдебиетінің қазіргі алтын сақасы, тоқсаннан асқан ақсақалы Мұзафар Әлімбаев қайсар қаламгер, дара талант Бердібек Соқпақбаев туралы бір мақаласының тақырыбын «Берен талант Бердібек» деп қойғаны бар. Шынында, сол берен талант биыл жазға салым 90 жасқа толғалы отыр. Жыр жампозы Мұқағали Мақатаев: «Жылдар өтеді, жаңа ұрпақ келеді, біздің әрқайсымызды солар өз орнына қояды. Мен өз жайымда мынаны айтамын. Мен ХХІ ғасыр ұрпақтарының құрдасымын, бәлкім, одан да әрідегі ұрпақтың туысымын да», деген екен. Бұл сөзді Бердібек Соқпақбаевқа да ортақ десек, орынды болар.

Мұндай абырой-беделге тек дара талант иелері, алыптар шоғыры ғана жетсе керек. Сондай халқының жүрегінен, әсіресе, жас ұрпақтың ойынан ойып тұрып орын алған, керемет шығармаларымен, келістіріп суреттеген кейіпкерлерімен бірге жасасып келе жатқан, тұғыры мықты тұлға Бердібек Соқпақбаевтың өз оқырмандарымен тағы бір қауышатын жылы биылғы жыл. 

Жазушының қай шығармасын алсаң да өзі өмір сүрген қоғамның кесір-кесапатын астарлап айтып, әжуамен жеткізіп, баланың сөзі ғой дегізіп отырады. Ғажап шеберлік! Ол кісінің ақындығы да керемет еді. Кейде төңірегіндегі іс пен сөздің үйлеспей жататынын көргенде бір шумақ өлеңмен түйреп түсіп, болмаса ақиқатты: «Қарын тоқ, киім бүтін, уайым көп, Қалқайып әзер жүрмін, құлайын деп. Ойласам жер тағдырын, ел тағдырын, Еріксіз кемсеңдеймін жылағым кеп», деп айтып сап қарап тұратын.

Мінеки, осындай айтулы жазушының еңбегін елеп, абыройын көтеру жөнінде өткен жылдың тамыз айында «Егемен Қазақстан» газетінде, белгілі жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мархабат Байғұттың «Бірегей Бердібектің бер бағасын...» атты көлемді дүниесі жарық көріп, онда қаламгердің атына Алматыда, Талдықорғанда көше беру, өзге де игі шаралар ұйымдастыру жөнінде мәселе көтеріп, бұған қатысты Үкімет арнайы қаулы қабылдаса, Алматы облыстық әкімдігі ұйымдастыру жұмыстарын ертерек қолға алса деген тілегін талқыға тастаған еді. Содан бері де біраз уақыттың жүзі болды. Қимыл, қозғалыс жоқ. Балалардың сүйікті жазушысының 90 жылдығы елімізде қалай аталып өтеді деген мәселе енді жұртшылық арасында айтыла бастады. Өткен жылдың желтоқсан айында болған халықаралық ПЕН-клубының алқалы жиынында, айтулы қаламгер, бүгінгі қазақ сөзінің көшбасында тұрған көсемі Әбдіжәміл Нұрпейісов: «Шетелде Бердібек Соқпақбаевты кім біліп жатыр?» деп сұрақты төтесінен қойып, қадірлі замандасының өлмес дүниесінің өрісін кеңейтіп, әлемге таныту мәселесін қозғады. Мұны біз абыз ақсақалдың естір құлаққа, сезер жүрекке ескертуі деп білеміз.

Шындықтың шырайын келтіріп, ақиқатты астарлап жеткізген болмысы бөлек тұлғаның мерейтойы ел көлемінде қалай өтеді, әсіресе, туған топырағындағы биліктің тұтқасын ұстап отырған Алматы облысындағы әкімдік қызметкерлері қандай қам-қарекетте екен, атаусыз қалдырмай атап өтуге ұмтылыстары бар ма деген ойды ортаға сала отырып, Отанымыздың екі аймағынан бұл туралы өз байламдарын жұртқа жеткізуді құп көрген білімдар профессор мен белгілі ақынның мақаласын ұсынып отырмыз.

Классик

 «Егемен Қазақстан» газетінің өткен жылғы 1 тамыздағы нөмі­рінде «Үкімет назарына» айдарымен жарияланған жазушы, Қа­зақстанның еңбек сіңірген қай­раткері Мархабат Байғұттың «Бі­ре­гей Бердібектің бер бағасын» ат­ты мақаласын тұшына оқыдым. Ав­тор көтерген мәселенің жүрегіме жаққаны сондай, өзім қадір тұтатын жазушының қиыла қараған суретін көре отырып, керемет қимастық сезіммен онымен кездескен сәт ойыма оралды.

Алматыға ғылыми ісса­пар­мен барған сексенінші жыл­дар­дың аяқ кезінде  академик Зей­нолла Қабдоловпен бірге келе жатқанбыз. Гоголь мен Желтоқ­сан көшелерінің қиылысар тұсында Бердібек ағамен кездесіп қалдық. Зекең онымен іш тарта сөйлесіп, амандық-саулық сұрасты. Жай ғана сөйлейтін адам екен. Бұрын тек газет-журналдардан суретін көргенім болмаса, жүзбе-жүз жолығуым бірінші рет. Жүзінде адамды баурап алатын жылылығы, сөйлеген сөзі, байсалдылығы бірден аңғарылды. Мен екі әдебиет корифейінің көшеде кездесіп, сөйлескенін көріп, бір әдемі сезімге кенелдім. Бердібекті кім білмейді? Бұл жазушының шығармашылық «тұтқынына» баяғыда-ақ түскен едік қой. Әдебиет алыптарының сәлемдесуі 4-5 минуттай шамасында болды. Бердібекпен қош­тасқаннан кейін Зекеңмен арамызда төмендегідей диалог өрбіді.

– Жаңағы адамды таныдың ба? – деді Зекең.

– Әрине, Зеке, Бердібек қой ол.

– Өзін таныдың, атын білесің. Ал енді оның затына бойладың ба?

 – Зеке, шығармаларының бә­рін де оқыған едім, – дедім мен.

 – Бұл адам, бұл – Бекең – Бер­дібек – қазақ әдебиетінің классигі!

 Зейнолла ағаның «классик» дегені кейін есімнен бір шықпады.

 Иә, біз бала кезімізде Марк Твеннің «Геклиберри Фин­нің ба­сынан кешкендері», «Том Сойер­дің таңғажайып оқиға­лары», Стивенсонның «Қазына ара­лы», Даниэль Дефоның «Робин­зон Крузо», Джонатан Свифтің «Гулливердің саяхаттары», Жюль Верннің романдарын оқып, таңғалып, қиялымыз шарықтаған соң, өткен ғасырдың елуінші жылдары сол қиялдың шарықтату шыңын қазақ жазушыларының шығармалары алған-ды. Көңілге ерекше шабыт берген жазушының бірі, бірі емес-ау, бірегейі – Бердібек Соқпақбаев болды. Студент кезі­мізде «Балалық шаққа саяхат», «Ме­нің атым – Қожа», «Жекпе-жек», «Өлгендер қайтып келмейді», «Қай­дасың, Гауһар?» деген туынды­ларын бірінен соң бірін қызыға оқығанбыз.

Міне, қолымда 1987 жы­лы шық­қан таңдамалы шығар­ма­ла­ры­ның екі томдығы. Бұрын­ғы оқы­ған­дарымды тағы да ес­ке түсіру үшін бір шолып өт­тім. Бердібектің биылғы 90 жыл­ды­ғы қарсаңында қайта бір оқып шығу керек деп шеш­тім. Х.Досмұхамедов атын­дағы Атырау мемлекеттік универ­ситетінде бірқыдыру жылдар менің жүктемемде «Қазақ балалар әдебиеті» атты пән болып еді. Студенттерге дәріс оқып жүрген кезімде мен балалар әдебиетінің прозадағы классигі – Бердібек те, поэзиядағы классигі – Қадыр Мырзалиев деген тоқтамға келдім. Бұл – менің өз пікірім.

 Бердібектің «Менің атым – Қожа» повесі аттас кино дүние жүзін аралап кетті. Бүкіл әлем балаларының  сүйікті кейіпкері – Қожа. Ал Қожа кім? Бұл – қазақ әдебиеті тудырған бейне. Оны дүниеге әкеліп, әлемді аралатқан Бердібек. Осы бір ғана шығарма жазушыны заңғар биікке көтерді. Қазақ балалар әдебиетін де, қазақ жазушысын да дүние жүзіне танытты. Қазақтың әрбір баласы балалар әдебиетінде Қожаны біледі. Француз композиторы Руже де Лиль жалғыз туындысы – «Марсельезасымен», Польша композиторы Михаил Огинский жалғыз шығармасы – «Полонезімен» әлемге әйгілі ұлы адамдар атанды. Ал қазақ жазушысы Бердібек Соқпақбаев «Менің атым – Қожамен» әлемнің ұлы жазушысына айналды.

Оның ұлылығы әлдеқашан, бұдан жарты ғасыр бұрын дәлел­денсе де, оның талантын мойындамай келе жатқанымыз әрине, өкінішті. Бұл – біздің елдігімізге сын. Қазақ әдебиетінің інжу-маржаны Қасымның (Аман­жолов) «Абдолла» дастаны болса, балалар әдебиетінің інжу-маржанға айналған жауһары –«Менің атым –Қожа»! Бұл ешқандай дәлелдеуді қажет етпеуі де, талассыз болуы да қажет. Солай десек те, халықтың сүйікті жазушысына айналған Бердібекті көзі тірісінде елемесек, енді өмірден өткеннен кейін де еске алу сиреп бара жатқандай. Сонда одан нені қызғанамыз? Әлде өзімізден асып кетеді дедік пе? Бердібектей талантты жазушының шығармашылығын насихаттау, атын есте қалдыру секілді кейінгі ұрпаққа өнеге боларлық шараларды іске асыруға кесірін тигізіп тұрғандай.  

 Талантты мойындаудан гөрі өзімізді дәріптеуге келгенде кеу­демізді қағып, көкірегімізге тау сыймай кетеді. Өзімізді кемеңгер санаймыз. Өзімізді көбірек дәріп­тейміз. Өзімізді классик дәре­же­сіне жеткізбек болып, аянбас­тан, ерінбестен, қоймастан жарнама жасауға бейімбіз. Дақпырттанып мақтанамыз-ай келіп. Осы қы­лық­пен халыққа таныламыз деген мақсатымыз бар. Көп­шілік жұрт ондайлардың ешбір шығармасын оқымаса да мақталып жатқан соң: «Шы­нын­да да классик екен ғой», деген ойға қалады. Сондай дәре­жені қолдан жасаудың тамырына балта шабылмай келеді. Шы­ғармаларымыз дүниеге келсе, мақтаттырып, өзімізден кішілерге сала құлаш мақала жаздыртамыз. Қанша мақтағанмен, нашар шығарма мықтыдан бәрібір оза алмайтынын білмейміз. Сөйте тұрып, «Маған сыйлық бер» деп өжектейміз. «Менің шығармама неге мемлекеттік сыйлық берілмейді», «Маған неге халық жазушысы деген атақ берілмейді?» деп байбалам саламыз. Ал атақты алғаннан кейін «шығармаларымызды» дәріптеуді тоқтатудың орнына одан сайын үдете түсіп, теледидардан да, радиодан да сөйлеп, газет-журналдарға көл­дей мақала жариялатамыз. Осы тұста, «беделге» ие болған «классикті» мақтауға жандайшаптар да шаршамайды. Себебі, өзін мақ­таған соң, классиктер біз туралы жылы сөз айтады деп дәмеленеді. Солай болады да! «Сыйға-сый, сыраға-бал» дегендей, бірін-бірі асыра мақтап жатқан заманда Бердібектей талантты жазушы ұмыт қалмай қайтсін!

Әдебиеттегі  «пұшай­ман­дықты» білген, көрген Бердібек Соқпақбаев мұндай «ханталапайдан» өзін аулақ ұстады. Өзін дара ұстады. Ешбір мақтаусыз, дәріптеусіз клас­сик атанды. Өзін біреуге мақтатуға да құмар болмады. Сый­лық алу үшін пысықайлық таныт­пады. Оның талантын тек оқыр­ман қатарындағы қарапайым жұрт­шылық қана таныды. Шы­найы сүйіс­пеншілігін білдірді. Ха­лық­тың сүйіспеншілігі барлық атақ­тардан да, сыйлықтардан әлде­қайда абыройлы, әлдеқайда биік еді. Мұқағали Мақатаевқа «ха­лық сүйіспеншілігі» сыйлығы оқыр­ман жүрегі арқылы берілген еді.

Тоталитаризм, шовинизм зама­нын­да Мәскеуді жаудан қорғаған Бауыржан Момышұлына, Рейхс­тагқа алғаш ту тіккен Рахымжан Қош­қарбаевқа, жауынгерлік тапсыр­мамен әуеге 300 рет көтеріл­ген, өлім отын шашып жатқан жау ошағын бомбылаған, бірнеше рет жараланса да қазақтың қай­сарлығын таныта білген ұшқыш Хиуаз Доспановаға,  фашистерге қырғын салған партизан Қасым Қайсеновке Кеңес Одағының Батыры атағы қазақ болғандықтан берілмей қалды. Бердібек Соқ­пақ­баев та батырларымыз секілді қыз­ғаныштың құрбаны болды. Ұсынылған сыйлықтан құр қал­­ды. Жазушының талантына қыз­ға­нышпен қарау әлі де бәсең­си қой­маған секілді. Зиялы қауым өкіл­дері жазушының шығар­масын наси­хаттауға сон­шалықты құлықты емес.

Бірақ халықтың шынайы сүйіс­пеншілігіне бөленген жазу­шы­ның таланты бұдан ортайып қалған жоқ. Шығармашылық мұра­сы да жоғалған емес. Деген­мен, әлі де Бер­дібек Соқпақбаевтай дара жазу­шының мұрасын наси­хаттауға жете көңіл бөлінуі қажет. Әсіресе, 90 жылдық мерейтойы қарсаңында ғана еске алумен шек­телмей, кейінгі ұрпаққа өнеге боларлық іс-шара ұдайы өткі­зіліп тұруы тиіс. Өйткені, Бер­дібектей талант екінші рет өмірге келмейді. «Менің атым – Қожа», «Балалық шаққа саяхат» секілді туындылар екінші рет жазылмайды. Қорыта айтқанда, Бердібек Соқ­пақбаевтың Алаш баласына ортақ жазушы екенін мойындауымыз қажет. Сол себептен, жазушының мұралары барлық өңірде насихатталса, 90 жылдығын Алатаудан  асып бүкіл қазақ халқы атап өте алса, нұр үстіне нұр!

Қадыр ЖҮСІП,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы.

Атырау облысы.   

Шығармалары – халық қазынасы, ұрпақ несібесі

Қазақ балалар әдебиетінің классигі, балалардың ғана емес, ересектердің де сүйікті жазушысы Бердібек Соқпақбаев туралы қазақтың көрнекті ақыны Қадыр Мырзалиев: «Бәріміз де бала болдық. Қазір есейдік, ересек тарттық. Дегенмен, сонау кезіміздегідей пәк емеспіз. Ал сол көңіл-күйімізді айна қатесіз бейнелеген «Менің атым – Қожаны» барлығымыз оқып шықтық. Біз соны жазған Бердібек ағамызға сол кезде-ақ балалық көңілдің Мемлекеттік сыйлығын сыйлап қойғанбыз...», деп жазып еді.

Мемлекеттік деп аталатын дәрежелі сыйлықты алмаса да, халық атынан берілетін кез келген сыйлыққа лайықты жазушының кейіпкерлері Қожа ғана емес, Жанар, Жантас, Сұлтандар кешегі аға буынның жастық шағының айнасындай болатын. Қожа туралы кітап әлемнің көптеген тілдеріне аударылды, орыс және француз оқырмандары мен көрермендері де оның лайықты бағасын берді. Қожа мақтаншақ кейіпкер емес, ақылы бар, ата-анаға, достарға мейірімі бар «есті тентек». Оның кейбір шалыс басқан қылықтарының өзін жазушы кейіпкерлердің көзқарасы, жан-сезімі арқылы ақтап алады.Сондықтан да қазақ балалар әдебиетіндегі Тазша бала, Ыбырай Алтынсарин әңгімесіндегі Асан мен Үсен секілді Қожа да қазақ балалар әдебиеті галереясының құрмет тақтасына алтын әріп­тер­мен жазылуға лайықты қаҺарман.

Қазіргі қазақ фильмдерінің бірде-бірі «Менің атым – Қожаның» шаңына да ілесе алмай жатқаны бір жағынан ізденістің аздығы десек, екінші жағынан сценарий авторы Бердібек ағамыз бен фильм режиссері Абдолла Қарсақбаевтың шебер­лігінің нәтижесі дер едік. «Ме­нің атым – Қожа» фильмі фран­цуздың Канн қаласындағы жас­тар мен балаларға арналған кинофильмдердің халықаралық фестивалінде арнайы сыйлыққа ие болуы да ел мерейін өсірген құбылыс болатын.

Балалар жазушысы болу қиын­ның қиыны екенін әдебиет сыншылары айтудай-ақ айтып келеді. Бала тілін табу, олардың психологиясын тану үшін қаламгер аз тер төккен жоқ. Жазушының «Пионер» және «Балдырған» журналында, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» студиясында, Қазақстан Жазушылар одағында балалар әдебиеті жө­нін­де әдеби кеңесші болып қызмет атқаруы да өз жемісін берген болуы керек. Сол тұста балалар әдебиеті де одан әрі дамып, кең өріс алды.

Қаламгердің «Өлгендер қай­тып келмейді», «Қайдасың, Гау­һар?», «Балалық шаққа саяхат», «Жек­пе-жек» секілді кітаптары бұл күндері оқырмандар із­деп жү­ріп оқитын, кітап дүкен­дері сө­релерінен таба бермей­тін жауһар­лар қатарында. Жазу­шы­ның тырнақ­алды шығармаларын өлең жазудан бастағанын біреу білсе де, көбі біле бермейді. Оның «Бұлақ» атты өлеңдер жи­нағы 1950 жылы жарық көрген болатын. Алайда, қаламгердің сүйікті жанры проза болды. Бұл жанрда ол өзін нағыз тұлпар ретінде таныта білді, көсіле шапты және алысқа шапты.

Өткен жылы «Егемен Қазақ­стан» газетінде  жарық көрген жазушы Мархабат Байғұттың Үкімет назарына ұсынылып отырған «Бірегей Бердібектің бер бағасын» деп аталған мақалада орынды ұсыныстар айтылған екен. Біз де соларға толық қосыламыз. Бердібектің бағасын беру және оның әдеби мұрасына шынайы қамқорлық керек. Ол – халық қазынасы, жас ұрпақтың несібесі. Осыны қаламгерлер ғана емес,  іс басында отырған лауазым иелері ұқса, қане?! Әсіресе, Бекеңнің атажұрты саналатын Алматы облысының әкімі бірінші ескерсе құба-құп. Оны өзгелер қолдап жатса,  өсер елдің ұрпағына тән жақсы қасиет болар еді.

Ақылбек ШАЯХМЕТ,

Ахмет Байтұрсынов атындағы ҚМУ профессоры, жазушы.

ҚОСТАНАЙ.