(«ПИК – күрмеуі күрделі кооператив», «Егемен Қазақстан»,
26 желтоқсан, 2013 жыл)
Әр отбасы үшін тұрғын үйдің жайлылығы қажет. Бүгінгі жаңарған дәуірде салынғанына 40-50 жылға таяған ескі үйлер туралы дәл бұлай дей алмайсың. Неге? Мұның нақты бірнеше себебі «Егемен Қазақстан» газетінде «ПИК – күрмеуі күрделі кооператив» деген сараптамалық мақалада талданды.
* Жазылған жайдың жаңғырығы
(«ПИК – күрмеуі күрделі кооператив», «Егемен Қазақстан»,
26 желтоқсан, 2013 жыл)
Әр отбасы үшін тұрғын үйдің жайлылығы қажет. Бүгінгі жаңарған дәуірде салынғанына 40-50 жылға таяған ескі үйлер туралы дәл бұлай дей алмайсың. Неге? Мұның нақты бірнеше себебі «Егемен Қазақстан» газетінде «ПИК – күрмеуі күрделі кооператив» деген сараптамалық мақалада талданды.
Автор мәселені өте орынды көтеріп отыр. Шындығында, пәтер иелері кооперативтерінің тұрғындардан ақша жинағаннан өзге бітіріп жатқан шаруасын көрмейміз. Алайда, ПИК басшылары пәтер иелерінен қанша қаржы жиналады, қалай жұмсалатыны туралы жақ ашпайды. Тұрғындар ПИК-тің штатында қанша адам жұмыс жасайтынын да, олардың қанша жалақы алатынын да білмейді.
Жалпы, ПИК төңірегінде күрделенген мәселе көп. Әсіресе, бір күрек бойынан-ақ жерасты суы жылтылдап көріне бастайтын біздің Атырау үшін бұл аса өзекті мәселе. Себебі, соңғы жылдары әр қалада тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргенмен, негізгі тұрғын үй қоры бұдан 30-50 жылдай бұрын салынған, жертөлелері лас-қоқыс суға толы, кірме дәліз бен пәтер бөлмелері қысы-жазы масадан арылмайтын ғимараттар.
Рас, арнайы агенттік құрылды, тұрғын үй қоры, пәтер иелері кооперативтері (ПИК-тер) туралы ережелер шықты. Осы салаға жылма-жыл қыруар қаржы бөлінсе де, еліміздің барлық қалаларында ескі тұрғын үй қорының жайлылығы жақсарып кете қоймай тұр. Қайда да коммуналдық шаруашылыққа бөлінген қаржы көпқабатты үйлердің жертөлелеріне жетпей қалады. Жергілікті коммуналдық қызмет басшылары жекешеленген үйдің жай-күйіне біз жауапты емеспіз деп, барлық міндетті ПИК-терге аудара салады. Қолында не қаржысы, не техникасы жоқ ПИК-терден қандай қайыр болмақ? Олардың аула сыпырудан, пәтерақы жинаудан басқаға шамасы жетпейді. Мәселен, өзіміз тұратын көпқабатты үйдің жертөлесін лас судан тазартуға қаржы жинадық, техника жалдадық. Пластикалық құбыр тартқыздық, жылу жүйесі үшін есептегіш қондырғы орнаттық.
Баршаның есінде болар, Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев 2011 жылғы Жолдауында тұрғын үйдің жайлылығына кішігірім проблема деп қарамады. Бұл Елбасы арнайы айналысар ірі мәселенің бірі болмаса да, ел халқының бір бөлігінің көкейкесті проблемасы ретінде көңіл бөлді. Сөйтіп, «тұрғын үй қатынасының оңтайлы моделін құру», сондай-ақ, «жөндеу мен қалпына келтіру ісін қосыла қаржыландыру тетігін жасау» жөніндегі міндеттерді айқындап берген еді.
Енді, міне, «Егемен Қазақстан» газетінде тұрғын үй төңірегіндегі қиюы қашқан проблема арнайы қозғалғаннан кейін баршаның «бас ауруы» іспетті түйіндер біртіндеп оң шешімін тауып қала ма деген сенім ұялап отыр. Үкімет бұл мәселені егжей-тегжейлі зерттеп, бақылау жасағаны жөн.
Қилыбай ҚУАНЫШБАЕВ,
еңбек ардагері.
Атырау облысы.
Өз баспанасына өзі селқос қараған соң тірлік оңа ма?
Үлкен қалалардағы көпқабатты үйлердің біріндегі жайлы пәтерге қол жеткізу, әрине, арман. Бірақ сол аңсаған арманыңыз орындалып, қоныс тойын тойламай жатып-ақ құрылысшылардың салдыр-салақтығынан қалған кемшіліктер алдыңыздан андағайлап шыға бастаған кезде кәдімгідей абдырап қаласыз. Ал егер пәтерді кетеуі кеткен ескі тұрғын үйдің бірінен сатып алсаңыз, онда жағдайыңыз тіпті қиындады дей беріңіз. Иіс-қоңысы мүңкіген жертөле, шіріген құбыр, жамау-жасқауы жалбыраған шатыр, өмірі сыпырылмайтын кіреберіс пен аула
дейсіз бе, бәрі «мені көрдіңіз бе» дегендей күн сайын жүйкеңізге тиіп бітеді.
Бір өзінде 1190 көпқабатты тұрғын үйі бар біздің Тараз қаласы, шындығында, көркем де таза шаһар. Бірақ ондағы тұрғын үйлердің бәрін бірдей «біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп, ауласы мен кіреберісін үлгі етіп көрсете аламыз ба? Әй, қайдам. Мәлімет бойынша, 1190 көпқабатты тұрғын үйдің 337 көпқабатты тұрғын үйін ғана біріктірген небәрі 36 пәтер иелерінің кооперативі бар деп естиміз. Дегенмен, олардың жұмысына риза халықты тағы көрмейсің. Кооперативтерінен көмек болмаған соң көпқабатты тұрғын үйлердің иелері не істейді? Әрине, қала әкімдігіне шағымданады. Ал әкімдік қызметкерлері заң бойынша жекеменшік иелерінің ісіне араласа алмайды. Олардың басшысын қызметінен алмақ тұрмақ, кеңсесіне шақырып, тұрғындарың арыз-шағымы бойынша тапсырма беруге де құқы жоқ. Өйткені, пәтер иелері кооперативінің басшысын тұрғындардың өздері сайлап алған. Міне, осындай келелі проблемалар «ПИК – күрмеуі күрделі кооператив» атты мақалада өте орынды көтеріліп отыр.
Бұдан шығаратын қорытынды – ПИК басшыларының жауапсыздығына тұрғындардың өздері кінәлі. Өздері тұрып жатқан ортақ баспананың тағдырына басқа емес, ең алдымен өздері өте селқос қарайды. Әкімдікке арызданып келгенімен, қала басшысының өкілі арыз түскен аулаға барып жиналыс өткізіп, мәселенің мәнісін анықтайын десе, әлгі шағым иелерінің ешқайсысын таппай қалады. Басқа тұрғындар да бой көрсетпейді. Сондықтан біздің қалада ПИК құрып, «өз күнін өзі көруді» ұйғарған тұрғындардың қатары әлі әзір көбеймей тұр. «Жұмысы жақсы» деп мақтауға тұратын 1 немесе 2 пәтер иелері кооперативі бар болса бар шығар, бірақ қазіргі кезде олардың өздері де әрең күн көріп отырған сияқты.
Айтайын дегенім, бір кездері ПИК дегеннің орнына, «Қызмет көрсету компаниясы» деген мекеме құрып, халыққа қалтқысыз қызмет көрсету арқылы көпқабатты тұрғын үйлердің мәселесін шешу керектігі жайлы ұсыныстар болғанын естігенбіз. Үкімет қаперіне алып, қолдайтын-ақ мәселе. Бірақ, өкінішке қарай, ол қолға алынбай қалды.
Айболат ДҮЗЕЕВ,
«Қазфосфат» ЖШС-нің жұмысшысы.
ТАРАЗ.