11 Қаңтар, 2014

Отто мен Федор ер қанатының қадірін біліп, кіндік қаны тамған топыраққа тәу етеді

380 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазығұрт ауданындағы менің туған ауылым Қаржанда кеңес дәуірінде оншақты отбасы тұрды. Ұлы Отан соғысы енді басталған шақта Еділ бойынан біз жаққа күштеп қоныс аударылған олардың егделері мен жастары көрші-қолаңмен қазақша сөйлесетін-ді. Балалары бізбен мектепте қазақша оқыды. Тау түкпіріндегі елді мекеннің жалғыз білім мекемесінде орыс сыныбы қайдан бола қойсын.

Қазығұрт ауданындағы менің туған ауылым Қаржанда кеңес дәуірінде оншақты отбасы тұрды. Ұлы Отан соғысы енді басталған шақта Еділ бойынан біз жаққа күштеп қоныс аударылған олардың егделері мен жастары көрші-қолаңмен қазақша сөйлесетін-ді. Балалары бізбен мектепте қазақша оқыды. Тау түкпіріндегі елді мекеннің жалғыз білім мекемесінде орыс сыныбы қайдан бола қойсын.

Ауылдас немістердің ересек­тері әке-шешелерімізбен, аға-әпкелерімізбен қоян-қолтық еңбек етіп, кеңшардың егінін екті, малын бақты. Жалпы, елдегі ортақ шаруаны жергілікті тұрғындармен бірге тізе қосып, үзеңгі жолдастай қауымдасып атқарысып жататын еді. Қазақтың салт-дәстүріне де тұрмыстары сіңіскендігі соншалық, әлде көзіміз үйреніп кеткендік пе, ұлтының өзгелігі аса байқала бермеуші еді. Даланың желі қақтаған жүздері кәдімгі өзімізге ұқсап, қараторыланып, тотығып Қаржантаудың баурайындағы көркем ауылда жүретін-ді. Әй­теуір, қазақ пен неміс бір-бірімен мидай араласып, дәмдес-тұздас болып, тонның ішкі бауындай тату өмір кешіп жатты.

Жерлес сол неміс отбасы­ларының ішінде бала-шағасы ең көп Густав Гектің әулеті болды. Жастар жағы оны өз ағаларымыздай көке дейтінбіз. Қосағы Мәрия апаймен тоғыз перзент өсірді. Сегіз ұл, бір қызының қатарында Оттосы мен Федясы бала күнінен ат жалын тартып мінді. Мал төресі – жылқыға сұмдық құмарлығымен бізді қайран қалдыратын-ды. Қыл құйрықтың түрін түстеп, мінезін мәністегенде, жасын айырып, сымбатын сипаттағанда кәнігі атбегілердің өздерімен сын салыс­тыратыны таңдандыратын еді. Екеуінің тік тұяқтыға жандарын салған қызығушылықтары жылқы малын бірге бағатын ауылдастары мен әкесінен жұғысты-ау деп топшылайтынбыз.

Жылқының пірі – Қамбар ата тұқымына құштар сол бауырларымыз киелі түліктің бірне­­ше түрін өздері де баптады, жүйрік­­тер жаратты. Көкпар десе, атбәйгені естісе делебелері қозып, ішіп отырған астарын қоя салып, тақымдарын қысып шыға келетін еді. Торқалы тойда аталған жүлде үшін тұмарлы тұлпарларын қосты. Серке тартқан додаларға қарулы білектерін сыбанып, отқызулы қалың дүрмектің дулы ортасына тайсалмай лап қойды. Құланның құлағында ойнаған жампоз шабандоздар Отто мен Федя желсаңлақтарының ащы тері алынған талай шабыстан қанжығалары сыбағасыз қайтып көрмепті.

Зымыран заман да өзгерді. Еліміз Тәуелсіздік туын тік­ті. Біздің ауылдағы неміс ағайын­дардың тағдыры талқыға түсті. Біз білгенде он шақты отбасы болған олар бұл кезде жиырманың басын құрап, атамекені – Германия асты. Үлкендері өскен, кішілері туған жерін қимай-қимай қоштасып, ауылдастарымен әрең бауыр ажыратып, алысқа аттанғандарын жерлестері әлі күнге сағынышпен еске алады. Қазір Қаржанда қазақ жігіттерінің етегін ұстаған үш-төрт қыздарынан тараған үрім-бұтақтары бар. Яғни жиендері.

Бізге де ауылда өскенмен, қалада тұру маңдайға жазылыпты. Ұмытпасам, бұдан он бес жылдай бұрын кіндік қа­ным тамған мекеніме бардым. Қаржантаудың бөктерінде шыңдардың қой­науынан жарып шығып, сарқырап ағып, кең аңғарды әнге де, сәнге де бөлеген арынды өзен жағасында киіз үй тігіп тастап, отбасыларымен демалып жатқан Отто мен Федяны жолықтырдым. Бір-бірімізді жазбай танып, шұрқырасып, қауышып жатырмыз. Германиядан келгендеріне үш күн болыпты. «Туған жерде аунап-қунап, өткенді жадымызда жаңғыртып жатқанымыз, міне. Туған жердің ауасы да шипа, жусаны да жұпар, жуасы да тәтті» деп, қуаныштарын жасыра алмай, мәз-мейрам. Жайраң қағады қос туыс.

О, Құдайдың құдіреті! Қанша уақыт өтсе де және тек неміс елінде біржола тұрып жатса да қазақша сайрайды. Мақалдатып, мәтелдетіп сөйлейтін бұрынғы ақеділ ділмарлығы! Әлі сол біз көрген қалпы.

«Кешегі сенбі базарда аға­йын­дардан текті айғырдың төлі, асыл тұқымды қос арғымақ сатып алдық. Содан ауыздықтап жібердік те, былай шыға жай­дақ міне салып, айналайын ауы­лымыздың маңындағы Ша­ғыл­­сайдың жазығында көсіл­тіп бір ағыздық-ай! Енді бір аптадай елде болып мына балаларды да атқа мінгізіп, әкелерінің туған жерін аралатып қайтсақ деген ниетіміз. Бәлкім, ат тұяғын тай басар!» дейді екеуі бірінің сөзін бірі іліп әкетіп.

– Сәйгүліктерің енді қайда? – деймін жан-жағыма қарағыштап.

– Жиеніміз Меңлібектің үйін­де. Бағымын соған тапсыр­дық. Жем-шөбін әперіп кетеміз. Күтімінің ақысын да жемейміз. Өзіміз Құдай жолын бұйыртса, жылда демалыста туған жерге келіп, шалқұйрықты тізгіндеп, саумал самалға кеуде керіп, сары далада сағыммен жарысып, мауқымызды бір басып қайтқанға не жетсін! «Жылқы күнде мініл­се – есек, айына мінілсе – ат, жылына мінілсе – тұлпар» демей­тін бе едік. Шашасына шаң жұқтырмайтын жүйрікке желді қамшы етіп, жанымызды қанат­тандырып жүрмейміз бе?! Жылқы малы – көңіл күйдің кілті емес пе! – дейді ағалы-інілі екі жақтан қосарланып.

– Сонша алыстан...

– Оның рас. Ту-у-у қияннан ит әуре болып ненің күні туды бұларға, демек сауалыңды ұқтым, – деп Отто менің көкейімде оқталған ойымды жөпелдете қағып әкетіп састырды. – Иә, сұрағың өте орынды. Біз тұратын Кельн, Майндағы Франкфурт қалаларында фермерлер ат ұстайды. Ипподром да бар. Бірақ табиғилылықтың орны қашанда бөлек. Ипподромның жан-жағы биік етіп қоршалған. Одан гөрі ұшы-қиырсыз далада қас шекеден жел соқтырып, жанарыңнан жас парлап, тізгін тартпай көсіле шабу бір ғанибет қой! Оның үстінде көзімізді ашқан туған жерде, ең қызықты, ең бақытты күндерді бастан кешірген ауылда, адамдық тәлім-тәрбие алып өскен топырақта жал-құйрығы төгілген сұлу жылқымен жүйткігенді неміс еліндегі жайбарақат ат мінгендермен ешқашан салыс­тырмас едім. Еуропаның нақ ортасындағы Германиямен көптеген мемлекеттер шекаралас. Iргедегі оларға реті келгенде демалыс күндері қыдырыстап барып тұрамыз. Ал біз үшін, атап айтқанда, мен және Федя үшін мына Қаржан Щвейцариядан артық. Әкеміз бен шешемізге де солай еді. Жарықтықтар талқаны таусылғанша Қаржанды айтып өтті. Туған жерге осы келісімізде еңбекақымыздан ай сайын ақша жинадық. Алла қаласа, бұдан кейін туған жерге атбасын тұрақты бұруға нәсіп етсін!

Ағынан жарылған бауырлармен қимастықпен қайырластық. Отто мен Федяның сол жолығу­дан соң да кейде біреуі немесе екеуі бірдей туған ауылы Қар­жанға талай келіп-кетіп жүргенін естідім. Майлы топырағына балалық, жастық шақтарында табандары күйген туған ауылына алыстан ат арылтып әр соқ­қан сайын жиендерінің бағы­мында бапталған жансерік жүйрік­терімен көзге ыстық құла дүзде еркін бір жүйткітіп жүретіндерін, көкпарға да дөп келсе, оған да қызуқандылықпен араласып кете­тіндіктерін де құлақ шалатын-ды.

Мен жеті дарияның арғы жа­ғы­нан кіндігін кесіп, кірін жу­ған же­ріне Отто мен Федор Гек­те­р­­­­­­­­дің ат ізін суытпай келіп тұ­ра­тындықтарына айрық­ша қы­зық­тым. Ал өзімнің Шым­кент­тен қамшы салым тұс­тағы ауылыма көп жылдардан бері жолым түс­пей қойғанына қынжылдым.

Жеңіс БАҺАДҮР.

Оңтүстік Қазақстан облысы.

Соңғы жаңалықтар