Қарағанды облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының мәліметі бойынша, биылдың өзінде облыста әлеуметтік маңызы бар 20-дан аса нысан салу жоспарланған. Қазіргі уақытта 1 300-ден аса бала оқитын төрт мектептің құрылысы басталды. Облыс орталығында және Жаңаарқа ауданында екі білім нысаны пайда болады. Қарағандыда, Майқұдық елді мекенінде салынып жатқан оқу орны 600 орынға, ал Жаңаарқа кентінің мектебі 464 орынға есептелген.
Бұдан бөлек Шет ауданындағы Киікті ауылында 150 орындық мектептің құрылысы қызу жүргізілуде. Жезқазғандағы Теректі стансасында 80 орындық тағы бір ғимарат салынып жатыр. Міне, мамандардың есебінше, осы құрылыстардың нәтижесінде облыстағы үш ауысыммен оқыту мәселесінің түйіні шешіліп, олқылықтың орны толмақ.
Ал Сәтбаев пен Жезқазған қалаларындағы әрқайсысы 320 орындық екі балабақша құрылысы өңірдегі 640 баланы мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қарағандыда қыздарға арналған «Білім-инновация» лицейінің ғимаратына екі қабатты қосымша құрылыс салу жоспарда бар.
Денсаулық сақтау саласында да бірқатар жоба жүзеге асырылуда. Мысалы, Майқұдық пен Сұрыптау елді мекендерінде үш жедел медициналық жәрдем қосалқы стансасының құрылысы жүріп жатыр.
Қарағандыда 200 төсектік облыстық көпбейінді балалар ауруханасының құрылысы биыл аяқталуы тиіс. Сонымен қатар облыс орталығында позитронды-эмиссиялық компьютерлік томография орталығы, №1 көпбейінді аурухана жанындағы қабылдау-диагностикалық бөлімше және облыстық онкодиспансердің операциялық-реанимациялық блогы салынуда.
Сонымен қатар Нұра ауданындағы Кертінді ауылында фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы медициналық қызметке зәру жергілікті халықтың қажетін өтейтіні сөзсіз.
ҚАРАҒАНДЫ