Қазақстан • 25 Шілде, 2021

Бүгін 730 елді мекеннің әкімдері анықталады

190 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін тәуелсіз еліміздің тарихында алғаш рет ауыл, кент, ауылдық округ және аудандық маңыздағы қала әкімдерінің сайлауы өтеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бүгін 730 елді мекеннің әкімдері анықталады

Бүгін 730 елді мекеннің әкімі сондағы тұрғындардың тікелей дауыс беруі арқылы анықталмақ.

2021 жылдан бастап ауыл әкімдерінің сайлауын өткізу туралы Президенттің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында тапсырма берілген болатын.

Аумақтық сайлау комиссияларының мәліметі бойынша осы 730 сайлау округінде 2582 кандидат ұсынылған. Солардың 2297-і тіркеуден өткен. Кандидаттардың басым бөлігі – өз-өзін ұсынушылар. Сайлау туралы заңнамаға енгізілген толықтырулар мен түзетулердің арқасында ауыл әкімдерінің сайлауына түскісі келетін үміткерге өз-өзін ұсыну мүмкіндігі берілген болатын. Осы мүмкіндікті бұл жолғы сайлауда 1419 адам пайдаланып отыр.

878 үміткерді Әділет министрлігінің тіркеуінде бар 6 саяси партия ұсынған.

Ер үміткерлердің саны –1839. Солармен бірге 458 әйел үміткер бағын сынағалы отыр.

Дауыс беру процесінің әділ өтуін «Партиялық емес бақылаушылар орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігі қадағалайтын болады.

Бүгінгі сайлау 14 облыс бойынша 1847 сайлау учаскесінде өтеді.