Сайлау • 26 Шілде, 2021

Тұрғындар белсенділік көрсетті

358 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ел тарихындағы ауыл әкімдерін тұңғыш рет тікелей сайлау Алматы облысында жоғары белсенділікпен өтті. Ал осы саяси бәсеке барысындағы нәтижеге сәйкес Жетісу өлкесінің 71 ауылдық округіне су жаңа әкім сайланып отыр.

Тұрғындар  белсенділік көрсетті

Айтпақшы, өңірде ауыл әкімі болуға ынталылар қатары көп болды. Әуелде саяси додада бақ сынау­шылардың саны 279 үміт­кер болса, сайлауға нақты 235 канди­дат қатысты. 44 үміткер түрлі себеп­термен кандидаттар қатары­нан  алынып қалды. Сайлауға түсу­ші­лердің 82-сі саяси партия өкіл­дері болса, 153 үміткер – өзін өзі ұсын­ғандар.

 – Бұған дейін Іле ауданы Чапаев ауылында әкімдікке 9 кандидат тіркелді деп айтылған болатын. Бүгінде ресми дерек аталған өңірде 5 үміткер қалғанын растау­да. Әкімдікке үміткерлер ең көп тіркелген аймақ ретінде Талғар ауданы танылып отыр. Мұнда бір орынға 6 адамнан айналды, – дей­ді Алматы облысы сайлау ко­мис­сиясының мүшесі Қаһарман Жақсылық.

Ал Қаратал ауданында 6 кандидат сайлауға түсуде. Сайлау нәти­жесінде Бастөбе және Жолбарыс батыр ауылдық округтеріне әкім сайланады. Әр округте 3 кандидат бар, оның бесеуі ер адам болса, біреуі – әйел. Олардың 4-еуі өзін-өзі ұсынған, 2-еуі – Nur Otan  партиясының өкілдері.

Шағын ғана Бастөбе ауылдық окру­гіне қарасты Жылыбұлақ ауы­лын­дағы №5551 сайлау учаскесін­де 418 сайлаушы тіркелген. Тұрғын­дардың жартысынан астамы түске дейін дауыс беріп, өз таңдауын жасапты.

– Бүгінгі сайлау науқанында тұрғындардың белсенділігін атап өткен жөн. Барлығы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін негізге ала отырып, өз үміткеріне дауыс беруде. Біз тұрған учаскедегі сайлау әділ, ашық, айқын негізде өтуде. Сайлау барысында ешқандай заңға қайшы әрекеттер анықталған жоқ, – дейді  Nur Otan партиясының атынан келген байқаушы Рауза Досмағұлова.

Алматы облысының Сар­қан ауданына қарасты Екіаша ауылын­­­да тұратын  Нұршат пен Хан­шайым әжелердің қимылы ширақ, айналадағы оқиғаға құлағы түрік екен. Ауылда сайлау өтеді дегелі қариялар өз таңдауын жасау­ды ұйғарыпты. Ертемен ашылған дауыс беру учаскесіне келген қос қария ертең ел тізгінін ұстайтын ауыл­дасын таңдаған көрінеді.

– Бүгінгі сайлау біздер үшін маңызды. Ауылымыздың әкімін бір ауыздан сайлап, ауылдың кемел келешегін жаңа басшыға сеніп тапсырмақпыз. Сондықтан да сайлаудан тысқары қалмай өз дауысымды беруге келдім. Әр тұрғын өткізіліп жатқан сайлаудың маңыздылығын түсініп, таңдауды дұрыс жасайды деген сенімдемін, – дейді қарт ана Ханшайым.

 

Алматы облысы