Әлем • 26 Шілде, 2021

Аустралиялықтар ереуілге шықты

277 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өткен сенбіде Аустра­лияның бірқатар қала­сын­да мыңдаған тұрғын ко­­ро­­навирус инфекциясын жұқ­тырғандар санының кө­беюіне бай­ланыс­­ты енгізілген шектеулерге нара­зылығын біл­­діріп, ереуілге шықты.

Аустралиялықтар ереуілге шықты

Полиция Сиднейде және басқа қалаларда на­разылар кедергілерді бұзып, пластикалық бөтелкелер мен басқа да заттарды лақтырып, тәртіп бұзғанын хабарлады. Шектен шыққандар қамауға алынған.

Маскасыз келген қатысушылар Сиднейдегі Виктория паркінен орталық аудандағы әкімшілік ғимаратына дейін жүріп өтіп, «Бостандық!» деп ұрандатты.

Сидней билігі оны санкцияланбаған наразылық деп танып, құқық қорғау органдары қызметкерлері көптеп жұмылдырылды.

Жаңа Оңтүстік Уэльс полициясы әдетте сөз бос­тандығы мен бейбіт жиналыстарды қол­дайтынын, бірақ бұл наразылық денсаулық сақтауға қатысты үкімет шешімдерін бұзды деп мәлімдеді.

«Жаңа Оңтүстік Уэльс полициясы үшін басым­дық – әрқашан халықтың қауіпсіздігі», делінген полиция таратқан хабарламада.

Наразылыққа себеп болған – елдегі науқас санының артуы. Соңғы 24 сағат ішінде 163 жаңа инфекция тіркелді. Үлкен Сидней аймағы соңғы төрт апта ішінде жабылып, тұрғындар үйден тек белгілі бір себептермен шығуға рұқсат алған-ды.

«Біз демократиялық елде өмір сүріп жатырмыз және адамдардың наразылық білдіру құқығын қолдаймын... Бірақ қазіргі уақытта әлемдегі ахуал­ды естен шығармаған жөн. Дегенмен азаматтар демонстрацияға шығу және бір-бірінің қасында болу қалыпты жағдай деп санайтыны өкінішті», деді Денсаулық сақтау министрі Брэд Хаззард.

Ал көшеге шығып, бас көтергендер болса, үкіметтің адам құқықтарын шектеп отырғанын, енді үйде күтіп отыра алмай­тындықтарын айтады. Олар вакцина алғандарға шектеу болмау керек деген уәж айтады. Алайда полиция биліктің тала­бын орындамағандар жауапқа тартылатынын ескертті.