Биыл «ҚазСат-3» жер серігі ұшырылады. Бұл туралы «24 kz» хабарлады.
Байқоңыр ғарыш айлағынан ғарыш аппараттарын ұшыру туралы құжатты Үкімет бекітті. Қазақстан мен Ресей үкіметтерінің арасында арнайы келісім бар. Сол бойынша Байқоңырдан ғарыш аппараттарын ұшыру тәртібі бекітілген. Соған сәйкес, «Қазсат-3» байланыс және тарату серігін ұшыру осы жылдың 30 сәуірінен кешіктірілмеуі керек.
Бізге хабарласқан оқырмандар Байқоңыр ғарыш айлағындағы қазіргі атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде білгісі келетінін айтты. Осы орайда Ұлттық ғарыш агенттігінің ресми интернет-ресурсында жарияланған мәліметті назарларыңызға ұсынамыз.
Бүгін, Байқоңыр ғарыш айлағында 2014 жылдың алғашқы ұшырылымдарына дайындық жұмысы басталды. Ол бойынша ғарыш айлағының 31-ші алаңқайындағы май құю стансасында «Южный» ғарыштық орталығы май құю стансаларын пайдалану орталығының қызметкерлері «Прогресс М-22 М» тасымалдаушы жүк кемесі отыны компоненттеріне жабдықтар мен аппаратураларды әзірлеуге кірісіпті. Сондай-ақ, ғарыш айлағының «91 А» алаңқайында май құю-бейтараптандыру стансасында «Бриз-М» блогына сұйықтық құю жұмыстары басталды, ол «Протон-М/ТүрікСат-4А» бағдарламасы бойынша ұшырылады. Ал таяу күндері зымыран-тасығыштарды, ұшыру блоктарын және ғарыш аппараттарын әзірлеу басталады.
Ақпан айында Байқоңыр ғарыш айлағынан «Прогресс М-22М» тасымалдаушы жүк кемесімен «Союз-У» зымыран-тасығышын және «ТүрікСат-4А» түріктің ғарыштық байланыс ғарыш аппаратымен «Протон-М» зымыран-тасығышын ұшыру жоспарлануда.
Данияр Түймебай.
Дереккөз: «24 kz», Ұлттық ғарыш агенттігінің интернет-ресурсы
Фото: Primeminister.kz.