Руханият • 26 Шілде, 2021

Батыр Баян

1325 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Айтпасыңа, жазбасыңа болмай, үнемі миды түрткілеп тұратын жайттар әркімнің де басында кездесетін шығар. Соңғы үш жылда үш рет ауыр отаға түскенімді, жасымның да сексеннің сеңгіріне таяғанын ескеріп, қисынға салсақ, бірдеңе жазудың, мәселе көтерудің де жөні жоқ сияқты. Бірақ Баянның жайы үнемі есімде тұрады, ол туралы  жалпақ жұрттың әлі де біле бермейтінін ойлап, қынжылып қалам. Жап-жас, сүйріктей сүйкімді шағында қыршын кеткен қыздың  тағдыры мені ешқашан бейжай қалдырған емес.

Батыр Баян

Абай ауданына қарасты Архат ауы­лын «Батырлар елі» десек те жарасады. Абай ауданынан Кеңес Одағының төрт батыры шыққан болса, соның үшеуі Архат ауылыныкі. Біз бұл жайды оқушы кезімізде мақтан ететінбіз. Ұстаздық еткен жылдарымда да архаттық батырларды дәріптеп, насихаттап жүрдім.  Жоғарыда айтқан Баян қыз – біздің ауылдан шыққан, фашистермен соғыста ержүректігімен көзге түскен, сол үшін жоғары марапат – «Қызыл Жұлдыз» орденін, ІІ, ІІІ дәрежелі «Даңқ», «Отан соғысы» орден­дерін иеленген, соғыс бітуге небәрі 12 күн қалғанда қызғалдақ ғұмырын соғыс өрті шалған аяу­лы бейне. Баян Байғожинаның ерліктері сол дәуірде, яғни соғыс кезеңінде дүрілдеп тұрғанымен, кейінірек біршама уақыт өткен соң ұмытыла бастағаны да белгілі. Қазір Баянды жалпы қазақ елі тұрмақ, өзінің жерлестері – Семей жұртшылығы да біле бермейді. Тек Абай ауданы ғана құрметтейді. Бұл жағдай жанды ауыр­тады. Сол үшін соңғы жылдары он төрт ардагер бірігіп, Баян есімін ұлықтауды өзімізге мақсат еттік. Өтініштер жаздық, телеарналарға, газеттер мен журналдарға сұхбат бердік. Ондағы ойымыз – жерлесіміз, мақтанышымыз, соғыс уақытында ерен ерлігімен көзге түсіп, үкімет тарапынан жоғары наградалармен марапатталған Баян Байғожинаға Семей қаласынан бір мектептің атын бергізу. Екіншіден, оның жау­жүректігі «Халық қаһарманы» ата­ғына лайықты екенін дәлелдеуді парыз санаймыз. Осы орайда мақалаға былтыр өз атымнан жазған өтінішке  Шығыс Қазақстан облысының Ішкі саясат басқармасынан алған жауап хаттың нақты жауабын да кірістіре кеткім келеді. Ішкі саясат басқармасы: «...Ресми атақ беру «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Заңының аясында жүзеге асырылатындығын және Баян Байғожинаға «Халық қаһарманы» мәртебесін беру үшін деректер мен дәлелдердің әлі де жеткіліксіздігін тағы бір мәрте өкінішпен хабарлаймыз», деді. Бірақ олар, меніңше, дәлелдер бар болса да, байқамағансып отырған сияқты.

Ұстаздық еткен жылдарымда, одан кейінірек те батыр қыздың өз ауылы­мыздан шыққанына кеудемізді мақтаныш кернеп, оның батырлығын ресми құжатпен дәлелдеп, бекіту жағын ойламай жүре беріппіз. Міне, одан бері қоғам ауысып кетті, көненің қатары да сиреп барады. Қан майданда қаза тапқан  Баян қыздың туған-туыстары, рулас, аталас жақындары да жоқ. Бар болса да, біздің ауылда емес. Қатал уақыт іздеушісі жоқтың ізін өшіретінін осындайда байқайды екенсің. Әйтпесе Баянның аты да  Әлия, Мәншүк, Хиуаз сынды батыр қыздарымыздың қатарында аталатындай жөні бар емес пе?

«Правданың» әскери тілшісі Павел Кузнецов газеттің 1945 жылғы №57 «Девушка из Чингизтау» деген мақала жариялаған. Бұл газет қазір Алматыдағы Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының архивінде сақтаулы тұр. Әскери тілші Баянмен Гинденбург қаласында кездескенін жазады. Оның біз жоғарыда айтқан марапаттарға, яғни «Қызыл Жұлдыз», «Даңқ», «Отан соғысы» ордендеріне жанқиярлық ерліктері үшін лайықты болғанын тәптіштеп баяндайды. Шыңғыстаудың Баяны арпалысқан шайқас кезінде Беларусьтің, Литва мен Польшаның жерінен өт­кенін, Гинденбургтің іргесіндегі қыс­тақ­тарда адам қаны судай аққан ұрыстарға қатысқанын жазған тілші оның «Берлинде көріскенге дейін сау болыңыздар!» деген сөзін де келтіреді.

Қазақ қызының қаһармандығын дәлелдейтін екінші бір құжат – төрт орденді гвардия аға лейтенанты  Мұрат Қабышевтің 1945 жылы 29 наурызда жазған хаты. Бұл хат Семей облыстық мемлекеттік архивінде сақталған. Хатты автордың өз жазуымен, тыныс белгісін сақтай отырып беріп отырмыз: «Март айының (1945) бас кезінде Германиядағы Г. қаласынан 7 шақырым жерде бекініп отырған үш солдат қыздарына кезіктім. Қиыл­ған қас, қара көз, қараторы, басына солдат малақайын киген қыз ма­ған: «Ағай, қай жердікісіз?» деді. «Семей облысы, Абыралы ауданынанмын» деген сөз менің аузым­нан шығуы мұң екен, көптен жерлестеріне кездеспеген қазақтың батыр қызы «Туған ағам болдыңыз ғой. Мен Шың­ғыстауданмын. Баян Байғожина» деп шап беріп қолымды алды... Баян Байғожина екі рет раненый болған. Төрт ордені – «Красная Звезда», «Слава», «Отечественная война» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалі бар. Мұндай Отанға еңбегі сіңген Баян сияқты қазақ қыздары санамалы. Баян қазір госпитальда. Ол менен туған елдің газетіне хат жазуды сұрады. Қазақ қыздары, Баян сияқты еңбек сіңіріңдер...» (Полевая почта 48924).

Баянның соғыстағы ерлігіне дәлел ретінде тағы бір құжат – Сәрсен Аманжоловтың соғыс кезінде шығар­ған «Үгітші блокноты» журналы.  Соның бір нөміріне С.Аманжолов «Шыңғыс – Тау қызы» атты мақала жариялаған. Онда Мәншүк Мәметова мен Баян Байғожинаның соғыстағы ерліктері баяндалады. Журналдың дәл сол нөміріне Абайдың 100 жылдығына орай Мұхтар Әуезовтің мақаласы басылған екен. Былтыр ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойы қарсаңында «Egemen Qazaqstan» газетіне шыққан бір материалда осы жайлар жазылды. «Үгітші блокноты» журналының сол саны Алматыдағы М.Әуезов музейінде бар екенін анықтадым. Бірақ оған әлі қолым жетпей жатыр.

Баянның есімін кейінгі ұрпақтың жадынан өшірмеу үшін қарлығаштың қанатымен су тамызғанындай бір шаруам – ауыл дүкенін клубқа айналдырып, оны Баян атымен атауым еді. Бұл тоқсаныншы жылдардың тоқырау кезеңі-тін. Ауылда мұғалімдік қыз­меттен зейнетке шыққан соң, 1998 жылы қараусыз қалған бұрынғы сауда дүке­нін сатып алып, оған жөндеу жасап, рухани мақсатта пайдалануды ойладым. Содан он бес жыл бойы түрлі шаралар ұйымдастырып отырдым. Ақын-жазушыларды, өнер адамдарын Архатқа шақырып, түрлі кездесулер, рухани кештер, тұсаукесерлер өткіздік. Шәкірттердің көмегімен кештердің қай-қайсысын да жоғары деңгейде өткізуге тырысатынбыз. Бастысы, рухани ошағымыз «Баян клубы» аталып, тек ауылға ғана емес, өңір көлемінде танымал болды. Қазіргі кезде менің клуб жұ­мы­сымен айналысуға шамам жоқ, денсаулық жағдайыма байланысты Семей қаласында тұрып жатқан жа­йым бар. Бүгін Баян қыздың атын тек біздер емес, өскелең ұрпақ та біліп, құрметтеп жүрсін деген ниетпен қолыма қалам алып отырмын. Ауызды қу шөппен сүрте берген де жарамас. Былтыр Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында өңірдегі басқа да батырлармен бірге Қарауылдағы орталық алаңға Баян Байғожинаның да мүсіні қойылды. Семейдегі №37 қазақ орта мектебі ішінен Баян Байғожина атындағы әскери-патриоттық, спорттық клуб ашылды. Ауылдан Баян Байғожина атындағы арнайы мемлекеттік клуб ашылды. Бір айта кетерлік жайт,  Семейдің әкімдігі, мәслихаты Баян Байғожинаны насихаттауға ерекше көмектесті. Бірақ Семей қаласынан көше атын беруде, мектеп атын беруде облыстың рөлі басым екен. Сондықтан қазақтың қаршадай ғана батыр қызының ерлігін ұмытпай, кейінгі ұрпаққа дәріптеу, насихаттау үшін облыстық, республикалық деңгейде шешімдер қабылданса дейміз. Оның «Халық қаһарманы» атағына лайық екенін біз, ардагерлер, шамамыз жеткенше айтып, жазып жүрміз. Семейдегі бір мектептің аты Баян атымен аталса деген өтінішімізді де жоғары жақ ескерсе дейміз. «Өлі разы болмай, тірі байымайдыны» қа­перде ұстаған халықтың ұрпағымыз ғой. Баян Байғожина есімі лайықты құрметке ие болады деген үмітімізді сөндірмейміз.

 

Түгелжан Әзімжанова,

зейнеткер-ұстаз

 

Семей