Қаржы • 26 Шілде, 2021

Банктер де «қателеседі»

334 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазір банкте қарызы жоқ адам жоқ шығар, сірә?! Қаржы ұйымдарынан несие аларда көпшілігіміз тұтынушы мен банк арасында жасалатын келісімшартты да оқи бермейміз. Қарыз бергеніне мәз болып, көзді жұмып, қолды қоя саламыз. Негізі бұл дұрыс емес. Сіз қол қойғаныңызбен, құқыңыз бұзылып жатуы мүмкін. Өйткені банктерде де адами фактордан туындайтын қателіктер көп. Кейбіреулер заңды да қонышынан баса салады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржы ұйымдары жол берген біраз заң бұзушылықты анықтап отыр.

Банктер де «қателеседі»

fingramota.kz ресурсының хабарлауынша, 2021 жыл­дың алғашқы жарты­жыл­ды­ғында екінші деңгейдегі банктерге, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарына, коллекторлық агенттіктерге, мик­ро­­қаржылық қызметті жүзеге асы­ратын ұйымдарға және кредит­тік бюроға жүргізілген тексерудің нәтижесінде жалпы сомасы 12 681,6 мың теңгеге 67 қадағалау ұсыным шарасы, 43 жазбаша ұйғарым және 48 әкімшілік жаза қолданылған. «Банктік қызмет көрсету саласына жүргізілген талдау нәтижелері тұтынушылардың құқы мынадай мәселеде жиі бұ­зы­латыны анықталды: банк қыз­мет­терін көрсету қағидалары талаптарын орындамау; қарыз бо­­­йынша берешекті өтеу кезектілігін сақтамау; кепіл берушіге кепілге салынған мүлікке сауда-саттық жүргізу туралы уақтылы хабарламау; қарыз алушыға құқықтың (талаптың) үшінші тұлғаға ауысуы туралы хабарламаның мазмұны талабын сақтамау; Банктер туралы заңның 50-бабына сәйкес банк құпиясын құрайтын мәліметтердің құпиясына кепілдіктерді қамта­ма­сыз етпеу; банктік қызмет көр­сету туралы жарнамада банктің лицензиясының нөмірін және лицензия берген органның атауын көрсетпеу; салым сомасын уақтылы төлемеу; шот иесінің нұсқауынсыз жинақ шоты бо­йынша бірнеше мәрте шығыс операцияларын жүргізу...», делінген Агенттік хабарламасында.

Екінші деңгейлі банктер, сондай-ақ төлемдер туралы заңда бел­гіленген талаптарды да бұзып-жарып, төлем және ақша аударымы жөніндегі нұсқауларды орындау мерзімдерін жиі бұзады екен. Қарыздар бойынша сыйақы мөлшері туралы ақпаратты жариялау, тарату кезінде де шынайы сыйақы мөлшерлемесін көрсетпей қоя салуға бар. Міне, осы секілді заң бұзушылықтарға байланысты Агенттік 2021 жыл­дың екінші тоқсанында банктерге жалпы сомасы 1 235,9 мың тең­гені құрайтын әкімшілік жаза қарастырған.

Сақтандыру компаниялары да өздеріне сенген тұтынушылардың құқын қорғай бермейтіні анық­тал­ған. Кейбір компаниялар көлік құ­ра­лына келтірілген зиян мөл­ше­рін анықтау кезінде тиісті талап­тарды сақтай бермейтін көрі­неді. Тіпті сақтанушыдан алын­ған өтінішті уақтылы омбудс­манға жіберу былай тұрсын, жапа шегуші адамды көлікке келген шығын туралы есеппен таныстыруды да ар­тық жұмыс көрген. Мұндай қыр­сыз компанияларға да арнайы ұсынымдар жіберілген.

Ал микроқаржы ұйымдарына қа­тысты Агенттік 13 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама бойынша 9 әкімшілік жаза қолданса, коллекторлық агент­тіктерге қатысты 4 жазбаша ұйғарым, әкімшілік құқық бұзушылық туралы 10 хаттама толтырылған. Коллекторлар көп жағдайда борышкерге және үшінші тұлғаға қағидаларда рег­ламент­телген ақпаратты толық­қанды хабарлай бермейді екен. Сондай-ақ қарыз алушыны белгі­лен­беген уақытта мазалау да өзекті мәселеге айналған. Бұл да Агент­тіктің назарынан тыс қал­мап­ты.

Ведомство өкілдері қаржы мәселесінде азаматтардың құқы бұзылса, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне немесе оның аумақтық бөлімшелеріне хабарласуға болатынын ескертеді. Мамандармен Call-орталық (тел.: +7 (727) 237 1000) арқылы бай­ла­ныс­қа шығып, ақыл-кеңес алуға немесе электронды пошта арқылы (info@finreg.kz, TAL@finreg.kz) хат жолдауға болады.