30 Сәуір, 2010

ЕРЛІККЕ– ТАҒЗЫМ, БЕЙБІТ КҮНГЕ – ІЗГІЛІК

554 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Украинадағы мектепке қазақ жауынгерінің аты берілді Қостанай қаласындағы Л.То­л­стой атындағы облыстық кітап­хана ұжымы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығына арнап ұйымдастырған онкүндік шеңберінде журналист Л.Фефелованың “Опат болған арнайы рота” (“Гибель спецроты”) және Меңдібаевтың “Еркімбайдың Сұлтаны” атты кітаптарының тұсаукесері болып өтті. Бұл екі кітап Жеңіске 65 жыл тол­са да, Ұлы Отан соғысының тарихы әлі де жазылып бітпегенін көрсетеді. Өйткені, майданда шейіт кеткендердің барлығы да бір-бір тағдыр екенін былай қойғанда, олардың ерлік істерінің бізге әлі күнге беймәлім қырлары да жет­кі­лікті. Аталған кітаптың кейіпкері, жүз­ден аса фашистің көзін жойып, жи­ырмаға толар-толмас жасында ер­лікпен көз жұмған Сұлтан Ер­кім­баев­тың тағдыры соның толық дәлелі. 263-дивизия құрамындағы 997-атқыштар полкінің ерекше құпия арнайы снайперлер ротасы 1943 жылы тамыз айында Харьков үшін жан беріп, жан алысқан ұрыстарда Северский Донец өзе­ні­нің жарқабағында түгелдей дерлік оққа ұшты. Жауды өзеннен өткізбеу үшін жанын қиған 35 снайпердің ара­сында қазақтың құралайды көзге атқан мерген қара баласы да болған. Ол “Жауынгерлік еңбегі үшін” ме­да­лімен наградталады. Мұнан кейін қолының жараланғанына қарамай рота жауынгерлеріне көмекке келіп, басқыншыларға қарсы олармен бірдей батыл қимыл көрсеткені полк­те атап өтіліп, оған өзінің аты жазылған “ТТ” (пистолет) арнайы қаруы сыйға беріледі. Ал 1943 жылы мау­сым айында “Қызыл жұлдыз” ор­денімен марапатталып, осы награ­да­ны алғанда Коммунистік партия қатарына кандидат етіп қабылданады. “Қызыл жұлдыз” орденін алған соң екі айдан кейін, 19 тамыз күні аса құ­пия снайперлер ротасының Север­ский Донец өзені жағасында түгелге жуық оққа ұшып, опат болғанын айттық. Осы ротадағы он мергенді І дәрежелі Отан соғысы орденімен мерт бол­ғаннан кейін марапаттайды. Соның бірі де Сұлтан болады. Соғыс қырғынын елдің басына түскен нәубет деп білген тәубешіл ағайынның кеше мындаға дейін боздағының соғысқан, ерлікпен қаза тапқан жерін іздестіргені кемде кем. Оған уақыт пен жағдайдың өзі мұрша бере бермегені де бар. Сондай жанның бірі Науырзым ауданындағы “Шо­лақсай” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Өмірзақ Ихтиляпов. Өмекең Сұлтанның апасы Сақыштан туады. 2005 жылы елі­міз Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 60 жыл­дығына дайындалып жатқанда ол Сұлтан Еркім­баев­тың қаза тапқан жерін тауып, наға­шы­сының рухына тағзым етіп қайтуды ой­­лас­тырады. Іздестіру жұмысына жер­гілікті журналистер кө­мекке келеді. Алдымен Сұлтанның Украина жерінде, Харьков облысының Изюмск ауданындағы Еремовка селосындағы бауырластар зиратында жерленгені белгілі болды. Өмірзақ осы зираттың басына Сұлтанға арнап көктас – мұсылманша белгі қойды. Құран оқылды, облыстық мешіт имамы Ертай қажы Сұлтанның аты­нан бәдел қажылық парызын орын­дады. Өмекеңнің өзінің демеу­шілі­гі­мен Сұлтан оқыған Чернигов орта мек­тебінің оқушылары жерлестері ер­лікпен қаза тапқан Харьков об­лы­сының Изюмск ауданының Еремовка се­лосына, Северский Донец өзенінің жағасына барып қайтты. Өткен жылы ол жердегі Студенок орта мек­те­бінің оқушылары Қостанайда қонақ болды. Қо­с­та­най­лықтарды украин жұрты алақанына салып күтіп алды, олар Сұлтанның бейітін іздегенде де кө­мегін аямады. Ал қос­та­най­лықтар украин балаларды құдасындай күтіп, төбесіне қойды. Тұсаукесерге жиналған әр ұрпақ өкілдері 27 ми­л­лион адамның өмі­рі­мен келген Жеңіс мерекесін кейінгі ұрпақ аса қастерлеуі керектігін баса айтты. – Соғыс адамның ең аяулы құн­ды­лығы – өміріне қия­нат жасайды. Ортақ отанымыздағы бүгінгі бейбіт өмірді аялай білейік. Жан-жағы­мыз­да­ғы елдерде болып жатқан қан­тө­гіс­терді көріп отырып, біздің ата­ла­ры­мыз, Сұлтандай қыршындар бейбіт өмір үшін қан төгіп еді-ау деп на­ли­мын,– деді ұстаз ақын Александр Суслова. Кештің ең құрметті қо­нақтары Ұлы Отан соғысының ар­дагерлері де сөз алды. Жасы тоқсаннан асқан Мағауия Жүнісов: “Ұлы Отан соғысының тарихы ешқашан түгел жазылып біт­пейді. Мұндай белгісіз батырлар көп” десе, Бертранд Рубинштейн қария: “Ұлы Отан соғысындағы Отан үшін жауға қарсы, оққа қарсы қи­мыл – барлық халықтардың ерлігі” деп баға берді. – Бес жылдың ішінде көп жұмыстар атқарылды. Сұлтан Бер­кім­баевтың басына ескерткіш белгі о­р­натылды, архивтерден қаншама құ­жат­тар іздес­тіріліп табылды, мектепте музей ашылды, кітаптар жа­зылды және деректі фильм түсірілді. Осы жұмыстарды ат­қару үстінде украиндар да, қостанайлықтар да көмегін аямады. Сұлтан екі елдің ортақ ұлына айналып кет­кен­дей әсерде жүрдім. Осының барлығын ұйым­дас­тыр­ғанда нағашымның, оны жоқтап өткен қос анамның рухы алдындағы парызды өтеуді ғана ойлаған жоқпын. Осы құрметтің барлығы тек Сұлтанға ғана емес, Ұлы Отан соғысында шейіт бол­ған аталарымызға арналады деп түсінген жөн. Со­лардың ерлік ісін бүгінгі ұрпақ біліп өссін, олар төк­кен қанның бағасына жетсін, Отан­ның патриоты болс­ын деген ниетті алға тарттым,– деді Өмірзақ Ихтиляпов. Кітаптар тұсаукесеріне арналған кештің соңына қарай Украинаның құр­метті консулы Анатолий Тара­сенко Харьков облысының Изюмск ауданындағы Студенок орта мек­тебіне Жоғары Раданың шеші­мі­мен Сұлтан Еркімбаевтың есімі беріл­гендігі туралы сүйінші хабар ал­ғанын хабарлады. Ерлікке – тағ­зым, бейбіт күнге – ізгілік деп осы­ны айт. Бұлар ел, жер, ұлт таң­дамайды. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, ҚОСТАНАЙ.