Коронавирус • 27 Шілде, 2021

Бауырым бауырымнан қымбат емес

513 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көне заманда қажет кезінде қоң етін кесіп беретін кісілік туралы адам көкірегін уылжытатын әсерлі оқиғалар айтылушы еді. Бүгінде де бар екен.

Бауырым бауырымнан қымбат емес

Даланың даналығын бойына сіңірген жұртымызда ризашылық рәуішпен айтылатын, «басың аман, бауырың бүтін болсын» дейтін тілек бар. Бауырдың бүтіндігі денсау­лықтың діңгегі болған-ау шамасы. Болат Мұқановтың ден­саулығында кінәрат бары осыдан үш жыл бұрын бел­гілі болған. Өзінің айтуына қарағанда, бауыры сыз­дағанмен, мән бермеген. «Ауру мыс­қалдап кіріп, батпандап шығады» демей ме, бірте-бір­те ағзадағы сырқат меңдей бас­таған. Ендігі амал – ота жасау. Бірақ ол үшін донор керек. Оның қайдан табарсың?! Ағасының жағдайын естіген соң інісі Марат бірден келісімін беріп­ті.

– Бауырым емес пе, нар тәуекел дедім. Қазір екеуіміздің де денсаулығымыз жақсы. Бұл ісім­ді ерлік деп есептемес едім. Туған ағамның өмірін ұзарт­қым келді, – дейді Марат Мұқанов.

Күрделі ота Нұр-Сұлтан қаласындағы ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығында жасалыпты. Небәрі 33 жастағы Марат өз денсаулығына кінәрат келетін болса да, бауыры үшін бауырын қиған. Айтуына қарағанда, қияндағы Жарқайың ауданының Үшқарасу ауылында жарық дүние есігін ашқан ағайындылар ата-анасынан ерте айырылып, жетімдіктің ащы дәмін татқан екен. Отба­сын­дағы ал­ты баланың үшеуі өмірден ерте озған.

– Қазақстанда мұндай ота­лар кейінгі кезде жасала бастады ғой. Үлкен апайым Розаға осындай ота жасалғанда дәмі ерте таусылмас еді. Өкініш өзе­гімді өртейді, – дейді Марат Амантайұлы.

Бауырға деген құрметтің, шы­найы сыйластық пен ізет­тіліктің белгісі тәрізді осы бір оқи­ғаның астарында үлкен мән жатыр. Былайғы жұрт біле жүр­сін деп қалам тарттық біз де.

 

Ақмола облысы,

Жарқайың ауданы