
Қырғызстан билігі Тәжікстанмен шектесетін барлық шекаралық өткізу бекеттері мен кеден бекеттерін уақытша жабу жөнінде шешім қабылдады. Бұл туралы ИТАР-ТАСС агенттігіне сілтеме жасаған Ras.kz хабарлады.
«Өткізу бекеттері қалыптасқан жағдай дұрысталғанға дейін жабық тұрады, – деп түсіндірді Қырғызстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі . – Біздің тарапымыздан аталған шара этнос аралық жанжалдардың алдын алу және шекаралас аудандардағы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданды».
Сенбі күні Қырғызстанның Баткен облысы Ақ-Сай елді мекенінде қырғыз және тәжік шекарашылары арасында атыс болып, оның барысында минометтен оқ атылды. Нәтижесінде қырғыз жағынан 6 әскери қызметкер жарақат алды, олардың екеуі қазір ауыр халде жатыр. Қырғызстан үкіметі оқ атуды тәжік жағы бастағанын айтып отыр. Осыған байланысты республика шекара қызметінің басшылары Баткен облысына жіберілді.
Қырғызстан сыртқы істер министрлігінің мәлімдеуінше, Тәжікстанға Бішкек қалыптасқан жағдайға және тәжік әскери қызметкерлерінің отты қару қолданғанына алаңдаушылық білдірген тағы бір нота жолдаған. Бұдан бұрын Қырғызстан үкіметі орын алған инцидентті тәжік тарапымен бірге тексеруге дайын екенін білдірген болатын.
Айдар Өрісбаев.
Дереккөз: Ras.kz
Фото: Lenta.ru