13 Қаңтар, 2014

Шымкентте таусағыздан каучук алынды

540 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

13 01-ShimkentОңтүстік Қазақстан облысының орталығы – Шымкент қаласында тұратын ғалым Арыстанбек Ешибаев таусағыздан каучук алуды ойлап тапты. Бұл туралы «Хабар» телеарнасы хабарлады.

Ғалым бес жыл бойы таусағыздың өсіп-жетілуін зерттеген. Сонда арнайы тұқымбақта өсірілген таусағыз көшетінің 97 пайызы бүршік жарған екен. Ал медицина саласында қолданып жүрген жабдықтардың бірқатары осы каучук өнімінен жасалады.

Канадалық ғалымдар Арыстанбек Ешибаевтің тың жобасын қолдап, бірге жұмыс істеуге ниет білдірген. Бұл жаңалықтың тиімділігі сол енді біздің өндірістерді шетел өніміне деген тәуелділіктен құтқарады. «Оңтүстік Қазақстан облысында таусағыздың 10 түрі өсіріледі. Бұл өсімдікті басқа жерден кездестіре алмайсыз. Соның бірі – Скорзенора таусағызы. Осы өсімдіктің құрамында медицина саласы мен космос, авиация технологиясына қажетті табиғи каучук бар», - дейді Арыстанбек Ешибаев.

А. Ешибаев өзі ашқан жаңалықты патенттеп алыпты. Сондықтан жұмысты әрі қарай жалғастыруға негіз бар. Осы орайда оқырмандаға жалпы каучук туралы түсініктеме бере кеткенді жөн санадық. Пішінінің түрліше өзгеруінен, яғни, қысу, созудан кейін каучук өзінің алғашқы пішініне қайта оралады. Табиғи каучук молекуласында СН2 – тобы қос байланыстың бір жағында (цисформа) орналасады, мұндай құрылыс стереоретті деп аталады. Осы құрылысы каучукке майысқақтық қасиет береді. Каучук сондай-ақ суды, газды және электр тогын өткізбейді.

ХІХ ғасырдың басынан бастап каучук аяқ киім және су өткізбейтін киімдер өндірісінде қолданыла бастаған. Бұл бұйымдардың пайдалылығымен қоса, айтарлықтай кемшіліктері де болады, олар салқын ауа райында қатты және морт болып, ал ыстықта жұмсарып, жабысқақ қасиетке ие. Каучукке беріктік, тозбау, майысқақтық, температура өзгерісіне төзімділік қасиеттерін беру үшін оны вулканизациялайды – күкірт қосып, қыздырып, резеңкеге айналдырады. Вулканизациялау кезінде каучуктың сызық тізбекті молекулалары ірі торлы молекулаларға «тігіліп» резеңке алынады.

Бақытбек Кенешұлы.

Дереккөз: «Хабар» телеарнасы

Фото: «Хабар» телеарнасы.

Соңғы жаңалықтар