14 Қаңтар, 2014

Мәдиден тәбәрік, Әлмағанбеттен ән алған

480 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

әйгілі әнші, Қазақстанның халық әртісі Жүсіпбек Елебековтің өмірі мен өнер жолын зерделеген тағылымды кітап оқырманға жол тартты

Ұлт өнерінің осынау ұлы перзентінің есімі қай кезде де сәулелі жүректің сыр пернесін селт еткізері анық. Қазақ әнінің Қарқаралыдан шыққан қазыналы құты, аяулы ардақтысы, тұтас бір дәуірі болған ақтаңгер әнші келер ұрпаққа  да кемел өнегесімен қадірлі. Өз заманының Біржаны, Ақан серісі деп те бағалаған екен тұстастары. Кеңестің қысқа күнде қырық құбылар қатуқабақ жағдайында жарты ғасыр бойы жазбай шырқап Арқаның ән дәстүрінің өз мектебін қалыптаған ұстынды алтын қазығы болып қалғаны да рас.

әйгілі әнші, Қазақстанның халық әртісі Жүсіпбек Елебековтің өмірі мен өнер жолын зерделеген тағылымды кітап оқырманға жол тартты

Ұлт өнерінің осынау ұлы перзентінің есімі қай кезде де сәулелі жүректің сыр пернесін селт еткізері анық. Қазақ әнінің Қарқаралыдан шыққан қазыналы құты, аяулы ардақтысы, тұтас бір дәуірі болған ақтаңгер әнші келер ұрпаққа  да кемел өнегесімен қадірлі. Өз заманының Біржаны, Ақан серісі деп те бағалаған екен тұстастары. Кеңестің қысқа күнде қырық құбылар қатуқабақ жағдайында жарты ғасыр бойы жазбай шырқап Арқаның ән дәстүрінің өз мектебін қалыптаған ұстынды алтын қазығы болып қалғаны да рас. 

Және жалғаған алтын көпірі. Ал ұлы  жазушы Мұхтар Әуезов: «Әншілік пен адамгершіліктің академигі» деп соншалықты ілтипатпен ізеттеген Жүсекеңнің жүзі ел еркін тыныстаған бүгінгі біздің заманымызда  да жарқын болуы, оның әншілік һәм адами ғибратына деген қызығушылықтың әсте толастамауы тағы да заңды деп білгеніміз құп. Жақында қолымызға тиген мына көзайым кітап соның айғағы. Кітап қана емес, осының алдында, 2012 жылы Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясынан «Хабибаның Жүсіпбегі» атты деректі фильм де шыққан-ды. Осы ретте Жүсіпбек Елебеков туралы ол фильмді  түсірудің негізгі ауыртпашылығын мойнына жүктеген,  жазушы Дидар Амантаймен бірге сценарийін жазған да, сонымен қатар осы кезде жинаған мол мағлұмат-материалдардың негізінде дүниеге келген мына ғұмырбаяндық хикаят кітабының авторы да өнертанушы, әнші Ерлан Төлеутай екенін айтқан ләзім.

«Өнер» баспасынан «Әйгілі адамдар» сериясымен шыққан осынау ғұмырнамалық хикаят несімен құнды десек, қысқа қайырым жауап аздық етері хақ. Ең әуелі, кітап тартымды оқылады, танымдық тұрғыдағы қызықты  мазмұнымен баурайды.  Автор қазақ тілінің айдынды шұрайында еркін көсілумен қатар,  өзі де ән әлемінің айтулы өкілі әрі дәстүрлі музыкамыздың жансебіл зерттеушісі  болғандықтан, тақырыпты жете меңгеріп, туындының иін кәсіби орайда мейлінше қандырған. Кітаптың басты артықшылығы оның қазақ әніне, ұлттық өнердің  ардагер тұлғаларына деген жүректі кернеген зор махаббатпен, үлкен құрмет-ілтипатпен жазылып шыққандығында дер едік.

Осындай ерекше ықыластың бір белгісі сол, автор бұл кітапты Жүсіпбек  Елебековтің бүгінде 97 жасқа келген, 42 жыл отасқан асыл жары Хабиба апамыздың аманаты деп білген. Сөйтіп, шынайы шабыт адами мүддеден, адамгершілік қасиеттен туған. Содан да Жүсекең заманын қазіргі күндер биігінен барынша нанымды елестетіп, ұлы әншінің өнегелі ғұмырын, сол күрделі дәуірді тұтастай шынайы қалпымен қамти бейнелеуге, кең пайымдылықпен һәм байыптылықпен зерделей зерттеуге тырысқан. Шығарманы жазу барысында әсіресе, қатты алаңдаған бір жайы Хабиба әжесінің амандығы болыпты. Кітапты сол кісі көріп кетсе екен деп тілепті Тәңірден. Құдайым ол тілекті бергеніне де шүкір дейік. Бар өмірін қадірлі Жүсекесіне арнаған Хабиба апамыз да дін аман. «Күткенін көрді, көзіне жас алып, кітапты кеудесіне бас­ты», дейді. Айтқандай, қаржы қиындығына байланысты кітап 2013 жылы шықпай да қала жаздаған екен. Мән-жайды білгесін министр Мұхтар Құл-Мұхаммед оң шешім қабылдап, орайын келтіргеніне автор да, Хабиба апасы да дән риза.

Кітаптың тұсаукесер рәсімі де болып өткен.  Сонда аузы дуалы айтулы тұлғалардың бірі Асанәлі Әшімов өнер адамы туралы әдемі кітап дүниеге келгеніне, Жүсекең ғұмырнамасы мен әндерінің тарихы жақсы тәптіштеліп баяндалғанына ризалығын білдірген.  Өзі Жүсекеңді көргенін, оның өтірікке жаны қас, дұрысын дұрыс, бұрысын бұрыс деп бетке айтатын турашыл адам болғанын еске ала келе, құтты болсынын айтқан. Ал музыкатанушы Жарқын  Шәкерім кітаптың бір ерекшелігіне, онда әншінің өмірі мен өнеріне қатысты жаңа деректер мол келтірілгеніне назар аударады. Автор өзі әнші болғандықтан әрбір әнге қызғылықты талдау жасап, салмақтай саралап, кітаптың танымдық құндылығын арттыра түскен. Сазгер Ақтоты Райымбекова болса, ғұмырнамалық  хикаятты музыкатану ғылымындағы елеулі зерттеу еңбектерінің қатарына қосып, оның монографиялық сипатын баса көрсеткен. Иә, осынау тілектестік лебіздердің өзінен-ақ кітаптың әділ бағасы беріліп те, білініп те тұрғандай.

Шын мәнінде Жүсіпбек Елебеков те қазақтың ән-күй алыптарының сәтімен сабақтасқан сарқыты, жаңғырған жалғасы екендігі Е.Төлеутай кітабында айғақты түрде аңғарылады. Жүсекең де сауда-саттықтың ғана емес, сонымен бірге қазақ өнерінің жәрмеңкесіне айналған Қояндыдан қанат қағуының өзі пешенелі тағдыр, тәңір бұйрығы болғанына ден қоямыз. Бұл күні кешегі Біржан сал мен Ақан сері, Естай мен Ғазиз, Жаяу Мұса мен Жарылғапберді, Балуан Шолақ пен Иманжүсіп, Әсет пен Мәди, Майра мен Ғаббас рухымен тыныстап тұрған Алаш әнінің, Арқаның сайыпқыран сал-серілерінің  ғажайып бір әлемі болатын. Сол киелі әлемнің қалт еткен тұсында жарқ еткен бір сәуледей бала Жүсіпбектің әнін мәрт Мәди тыңдап, батасы мен тәбәрігін қатар еншілетуі маңдайына жазылыпты. Одан кейінгі өспірім Жүсіпбек өмірінің үлкен олжасы Алаш кемеңгерлері сәуле түсірген Семей кезеңі болыпты. Ахмет, Әуезовтей Алашорданың жас зиялылары алақанға салып әлпештепті. «Ес-Аймақ» үйірмесінде өнерпаздық жолының тұсауы кесіліпті. Алаш қаласында  жүріп  Абайдың әншісі Әлмағанбеттен ұлы ақынның барлық дерлік әндерін үйренуі де тағдырының сыйы еді. Ән асқағы Әміре  мен жыр асқары Исаны да алғаш осы Семейде жолықтырып, тылсым таланттарына риясыз таңырқады, соңдарынан еріп бірге ән салды, кейін Алматыда өнер жолын бірге жалғастырды. Осылардың ішінде 60 жылға жуық үздіксіз шырқап, қазақ әнінің кәусар дәстүрін бертінгі жаңа заманға, Мәдениет Ешекеев, Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов сияқты дарынды шоғыр, жас толқынға ұластыру миссиясы да бірден-бір Жүсіпбек Елебеков еншісіне бұйырған бақыт екен. Кеудесіндегі халық мұрасының көлдария тұнығын келешекке сөйтіп аманаттап кеткен ән абызының ата парызға адалдығы осыдан-ақ көрінгендей.  Дарқан дарынның жасы ұлғайса да өнері шау тартпапты. 1965 жылдан бері өнерпаздар тәрбиелей бастаған эстрада-цирк студиясынан 1967 жылы ашылған Жүсіпбек Елебеков класы бойынша бітіріп шыққан әншілердің ұзын-ырғасы 27 екен. Аяулы Жәнібек Кәрменов бастатқан бұл тізімді біздің авторымыздың мұнтаздай мұқияттылықпен маржандай тізіп беруінде де Жүсекеңе, қара домбыраның қоңыр үнімен күйленген дәстүрлі қазақ әніне деген аса бір адал пейіл, өзгеше ықылас жатқандай. Ал аталмыш оқу ордасының республикалық эстрада-цирк мәртебесін иемденіп, ұлы әншінің атын алуы елдің ерді ескеруінің, есімін ұмытпай қастерлеуінің белгісі болар.

Жүсекең ерекше тағдырлы әнші. Ол атақты Ғазиз әншіні де көрген дейді бір деректер. Сол Ғазиздің әнін жеткізген Ғаббас Айтбаевтың әншілік даңқына куәлік ететін де Жүсекең. Осы реттен келгенде Жүсіпбек ғұмырнамасы  қазақтың ән өнерінің жарты ғасырлық тарихы іспеттес. Қазақ драма театрының директоры Орынбек Беков,  халық ағарту комиссары Темірбек Жүргенов, Әміре мен Исаның аянышты тағдырлары да сол тарихтың ішінде. Небір жампоздармен мұраттас, тілектес болған. Ахмет Жұбановпен  1931 жылы алғашқы таныстықтан басталған достығы соңғы демдеріне дейін созылған. Жүсекең үшін Қали Байжанов, Әбікен Хасе­­­­нов, Қалибек Қуанышбаев, Құрманбек Жан­­­­дарбеков, Манарбек Ержанов, Ғарифолла Құр­манғалиев, Шәкен Айманов сияқты біртуар өнер иелерінің де орны бөлек болған тәрізді.

Жүсіпбек Елебеков пен Рамазан Еле­баевтың өнер өлкесінде он жылдай бірге ғұмыр кешкен ғажап сырлы достығына жеке тарау арналыпты. Әлбетте, автор өзі айтқандай, бас кейіпкерді оқшаулап алмай, ол өмір сүрген дәуірдің тұтас суретін қамтуға һәм Жүсекеңмен өнерпаздық жарастықта болған замандастары жайында да мағлұматтар беріп отыруға тырысуы ғанибет. Рамазан Елебаев жалғыз әнімен қазақ өнерінің көгінде жарқырап қалған жұлдыз. Ендеше, қан майданда туған «Жас қазақ» әнін елге алып қайтып көзайым етуі Елебековтің ең елеулі еңбектерінің бірі десек, артық емес. Ұлт өнерінің тарихы үшін аса қымбат сол жәдігер күндер әрбір сәті сараланып, қолмен қойғандай көрініс тапқан. «Қанға бөгіп, қар жамылған кең дала», туған еліне соңғы сағыныш сәлеміндей аманаттап әнін аттандырып, мұңая қоштасып тұрып қалған боздақ Рамазан көз алдына келеді. Жауынгер амана­тын Жүсіпбек ақтады. Ақтағанның белгісі – «Жас қазақ» әні елге жетіп, халқымыздың соғыстан қайтпай қалған барлық боздақтарын жоқтаған гимнге айналды.

Халық арасынан шыққан қазыналы әнші Тоқбай, Шәкен Аймановтай арыстардың жүрегін тербеп елжіреткен «Екі жирен», Жүсекең тірілтіп, балапандай баулып ұшырып сүйіп айтқан әннің алды «Қанатталды» хақындағы әңгіме-баяндар әсерлі, нанымды. Автордың осы ретте қазақтың музыка тарихындағы ақтаңдақтарға, жөнсіз барымталанып жүрген шығу тегі даулы әндерге қатысты өз пікір-пайымын батыл әрі дәлелді уәждермен білдіруін де жөн санадық.

Кітапты оқи отыра халқымыздың ән  өнері жайлы көп сырға қанығамыз, ардагер әнші Жүсіпбек Елебековті бар болмысымен, тұтастай керім келбетімен танимыз. Мұхтар Әуезов Мәскеудегі орыс зиялылары алдында Жүсіпбекке ән салдырып, әсіресе, Абай әндерін тыңдатады. Мұхаң өзі елде жүргенде Иманжүсіп пен Мәди, Балуан Шолақ сияқты «бунтарь» композиторлар әндерін Жүсекең орындауында тыңдағанды ұнатады екен. Сонымен бірге, ұлы жазушы өз заманындағы әннің туы болған «Қанатталдымен» өнердің ең жоғары сатысына көтерілді деп ән ардагерінің әділ бағасын беріпті.

«Жүсекең жеті жүзге тарта ән білуші еді» деп жазыпты Жәнібек Кәрменов. Тағы бір шәкірті Қайрат Байбосыновтың бұл күндегі репертуары 500-ден астам әнді құрайтын көрінеді. Ал Жүсекең өзі үш жүзден астам ән білемін дейді екен. Осының қайсысын болсын көпсінуге де, азсынуға да болмас. Шүкір, Жүсіпбек Елебековтей ән ардағы, өнер саңлағы болғанына, ұлт рухына үлгі шашқанына мың рахмет. Қазірде соның қазынасы да, ғибраты да халқына тән. Олай болса, осы ғибрат пен қазына жайын жете баяндап, қазақтың дәстүрлі ән өнері, оның қадау-қадау дарабоздары, мәдениетіміздің марғасқалары хақында шынайы сыр шерткен салиқалы кітаптың дүниеге келгеніне сүйіншілей сүйінуімізге болатын сияқты.

Автор жайлы аз сөз айтсақ, ол азамат бұл тақырыпқа көлденеңнен кіріскен көк атты емес. Әнші, өнертанушы Ерлан Төлеутай есімі ұлт мәдениетінің жаңалықтарын  қалт жібермей бағып отырған қырағы көз, құйма құлақ қауымға тәуір-ақ таныс. Қазақ музыка өнерінің тарихын зерттеумен 1990 жылдардан бастап айналысып келеді. Оның әсіресе, халықтық музыка алыптары Жаяу Мұса, Мұстафа Бүркітбайұлы, Жарылғапберді Жұмабайұлы, Естай Беркімбайұлы және көрнекті әншілер Қали Байжанов, Жабай Тоғандықов, Сапар мен Балабек Ержановтар, Бісміллә Балабеков, тағы басқа өнер тарландары туралы  жазған «Баянауылдың дәстүрлі ән өнері» кітабын атап айтқанымыз ләзім. Абай хакім туралы «Қазақстан» телеарнасы шығарған, кезінде жұртшылықтан жағымды бағасын алған бес бөлімді драманың сценарийін де сәтімен дүниеге келтірген Ерлан болатын. Жаңа кітабымен Жүсекеңнің жарқын жүзін одан әрі жарқыратып, қайран қазақы көңілдерді жадырата түскен автордың алдағы әрбір игілікті қадамына гүл бітсін деген ақ тілек қоспасқа біздің де әддіміз жоқ.

Қорғанбек АМАНЖОЛ,

«Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ.

Соңғы жаңалықтар