14 Қаңтар, 2014

Ажал артқан адамдар

764 рет
көрсетілді
35 мин
оқу үшін

Ажалдың не екенін жұрттың бәрі жақсы біледі. Ажал айдаса, оның соңы немен бітетінін де сезеді. Бірақ, сол ажалды кез келген адамның да арқалап жүруі мүмкін екенін екінің бірі ойлана бермейді. Себебі, оны алыстан іздеудің, қымбатқа сатып алудың, оған таласудың немесе бәсекелесудің қажеті жоқ. Кез келген адам кез келген уақытта оны тудыра алады. Бөгет жоқ. Оған қарсы тұратын санадағы жалғыз имандылық бөгеттерін сұм жүйе құртып жібергелі қашан. Сондықтан, қазір ажал қайдан келеді деп, анау айтқандай, алаңдау да артық шығар. Өйткені, жаны барлар үшін айнала толған ажал секілді.

Ажалдың не екенін жұрттың бәрі жақсы біледі. Ажал айдаса, оның соңы немен бітетінін де сезеді. Бірақ, сол ажалды кез келген адамның да арқалап жүруі мүмкін екенін екінің бірі ойлана бермейді. Себебі, оны алыстан іздеудің, қымбатқа сатып алудың, оған таласудың немесе бәсекелесудің қажеті жоқ. Кез келген адам кез келген уақытта оны тудыра алады. Бөгет жоқ. Оған қарсы тұратын санадағы жалғыз имандылық бөгеттерін сұм жүйе құртып жібергелі қашан. Сондықтан, қазір ажал қайдан келеді деп, анау айтқандай, алаңдау да артық шығар. Өйткені, жаны барлар үшін айнала толған ажал секілді.Осындайда, «Ажалсыз жан өлмейді» деген сенім ғана адамды алға жетелейді-ау деп ойлайсыз. Оның үстіне, «көппен көрген ұлы той, өлсем өзгелерден артық нем бар» дейтіндердің дені де басым көпшілік екені және рас. Сондықтан, олар ана елден ұрлап-жырлап жина­ған алтын, күмістерінің ғана қызығын көргісі келетін шіренген шенеуніктер секілді сақтық үшін тек қызметтік көлігін мініп, жанына оққағарларын ертіп ерекшеленбейді. Олар: «Өлсем, орным қара жер», дейді. Бірақ, расында өкінішке орай, өлмейтін пенде жоқ, тек ажалды неліктен адамдар тудырады екен деп амалсыз ойланасыз?

Алайда, адам аласы ішінде деп бекер айтылмаған ғой. Соны бүркемелеу үшін бе, бұрын кеңес заманында «Адам адамға дос, бауыр, жолдас» деп те айтылатын. Сол кеңестік кезеңнің өзін де, аяғын да көріп қалғандар бұған кәдімгідей сенетін. Сенбеске де амал жоқ еді. Өйткені, теңдік, тәртіп болатын. Әрине, кеңестік заманның да өз кемшілігі болғаны анық. Мәселе о да емес, мәселе қазіргі адамзаттың беталысы қайда барады деген сұраққа кімнің де нақты жауап бере алмауында. Әлемдегі болып жатқан сұмдық оқиғаларды естігенде, тіпті, айтуға ыңғайсыз, адамға адам ғана бақытсыздық, қасірет, ажал әкелетінін нақты түсінесіз. Айналада болып жатқан оқиғалардың бәрі соны дәлелдейді.

Өкінішке қарай, бұл шындық әлемінен ешкім қашып құтыла алмайды. Оның бәрін және мысалға келтіріп, айтып шығу мүмкін емес. Өте көп. Адамдардың бір-бірін қойдай қыруы атам заманнан жалғасып келе жатқан қанды іс. Ол әлемнің әр түкпірінде сан мәрте қайталануына байланысты халықаралық деңгейдегі үйреншікті іске айналып кеткендей. Бір ел мен бір елдің қақтығысы, соғыс ашып, басып-жаншып кіруі, жаппай қырып-жою әлімсақтан басталып, түрін өзгерткенімен, мәнін өзгерпестен әлі қайталанып келеді. Өмір сүру деңгейі өсті, жоғары өркениет қалыптасты, сана-сезім артты, адам құқы құрметтеледі деген тек қағаз жүзінде ғана жүзеге асқан секілді. Өйткені, жарастығы ұйыған ұлттар мен ұлыстардың, діндердің арасына іріткі салу, атом­дық, химиялық, бактериялық және небір жойқын зымырандарды, алапат атыс қаруларын еселеп пайдалану – адамның адамды өлті­руге деген құлшынысы ғана. Де­мек, жер бетінде адам баласы жаратылғаннан кейін олардың санасына сіңдірілген бағдарламаның бірі – өздерін өздері қырып-жою екені анық.

Бұл бағдарлама кейбір адам­дарға дарыған кезде олар нағыз баскесерге, яки жаналғышқа айна­лады екен. Олар түзде де, кө­шеде де, қызметте де, үйде де бір мақсат үшін ойлағандарын жүзеге асырады. Ал мақсат, көбі­не, жоғарыда айтқанымыздай, белгілі бір адамдардың құрған саяси жүйе мүддесінен туындайды. Мәселен, Ұлы Отан соғысы кезінде Аушвиц әйелдер концлагерінде бақылаушы болған Ирма Грезе өзі де дарға асылғанша адамдарды өлтіруді кәсіп еткен. Сондықтан оның адамдарды қорлап, азаптап өлтірудегі ісі ерекше болғандықтан ол үш бірдей концлагерьде қызмет етті. Және ол осы жұмысқа өзі сұранып, арнайы дайындықтан өтіп келген. Сондықтан осы кәсібін ұнатқаны сонша, өзі жәбірлегісі келетін адамдардың денесін тірідей тіліп, ішіне небір жұқпалы ауру қоздырғыштарын салып, оған қоса шөп-шаламдарды, топырақты қоса тығып, қайта тігіп тастайды екен. Содан тірідей кесіліп, ішіне түскен небір зиянды заттардың салдарынан ойбайлап сұмдық азапты бастан кешіп жатқан адамды сырттай бақылап, қызықтап, рахат көріп отыратын болған. Адамдарды өлтіруге деген мұндай шектен шыққан құмарлық пен құштарлықтың, айуандықтың бір әйелдің басына қалай беріл­гендігіне оны кейін өлім жазасына кесушілердің өздері де таңғалған көрінеді. Ал қазіргі күні мұндай адамдар жоқ дей аласыз ба? Кезінде елімізде қарулы төңкеріс жасай жаздап шетелге қашқан лауазымды тұлғаның өзі қаншама банкирлерді, әйелдерді азаптап, өз қолымен о дүниеге аттандырғанын білмейтін адам жоқ. Жалпы, жұрт қолында түгі жоқтардың да, не ішемін, не киемін демейтін тойынғандардың да неліктен мұндай іске баратындығын бір-ақ себеппен түсіндіреді. Ал ол себеп баршаға белгілі.

Мәселен, Аягөз қаласы ІІБ басты­ғы орынбасарының қылмыс­тық әрекеті адамды адамның қасақана өлтіруі жалғаса береті­нін көрсетіп берді. Өйткені, бұл орынбасар адамның өмірі мен қауіпсіздігін, тыныштығын қор­ғауға, сақтауға, адамды өлтіретін қылмыскерлерді ұстауға тиісті лауазымы бар жан болатын. Ал соның өзі не істеді? Өзіне сенім білдіріп келген кәсіпкерді ақшасына қызығып, оңаша алып шығып атып өлтіріп, одан соң өртеп жіберді. Бұған дейін де бұл маңайда талай адам ұшты-күйлі жоғалып кеткен көрінеді. Соның бәрін осы полиция подполковнигі секілді жандардың істемегеніне кім кепілдік бере алады? Қудалау органдары қызмет­керлерінің жазықсыз талай адамды ұрып та, қамап та, азаптап та өлтіргендері туралы баспасөзде сан мәрте жазылып келеді. Олардың дені құрықталып та жатыр, бірақ, айналып кеткен қанды диірмен доңғалағы тоқтар емес. Өйткені, әлгі ішкі істер подполковнигі сот­талғанымен, ұсталғанға дейін оның қанша полиция қызметкеріне үлгі көрсетіп, осындай қара іске дайындап үлгергенін ешкім білмейді. Ал елімізде әлі мұндай подполковник секілділердің қаншамасы мұрты майланып, миығынан күліп, жазықсыз жандардың көз жасына шылауланған арам ақшамен отбасын асырап жүр десеңізші!

Адамның айуаннан айырма­шылығы саналы­ғында ғана ғой. Бірақ сол санаға тәртіпті қатаң сіңдірмесе бәрі бекер. Атам за­ман­да адамдар діннің күштілігі арқасында ғана Құдайдан қорықты. Ал қазір неден қорқады? Діннің өзін бөлшектеп әкетті, бір дінді сан жікке бөлді. Сөйтіп, жамағат оның қай бағытына сенерін білмейді, мұны да істеп отырған белгілі бір саясат мүддесін көздейтін адамдар, олардың мақсаты: көпшілікті бір-біріне қарама-қарсы қойып, қырып-жою. Ал ортақ заң бар дейін десек, ол заңдарыңызды тағдырыңызды қолына тапсырған небір лауазымды адамдардың өзі ашық түрде белден басады. Өйткені, бар билік солардың қолдарында. Бар байлықты сыпыра жеп, шетел асып жатқан да сол лауазымды тұлғалар. Ара­ларында әкім де, министр де, банкир де т.б. толып жатыр. Жеп алып қаша алмай, қақпанға түсіп қалып жатқандары қаншама. Олардың сотталғаны сотталады, сотталмағаны құтылады. Ал осындай саяси сайқымазақ ойындарды көрген жастардың санасында қылмыстық әрекеттің сабақтастық салдарынан «берсең – қолыңнан, бермесең – жолыңнан» деген қара ниетті шешім қалыптасады. Оларға да ана билік басында отыр­ған алаяқ шенеуніктер секілді қызық керек, ол үшін мол ақша керек. Кім билікке қол жеткізеді, соған мол ақшаға жол да ашылады дейді. Көпшілікке үлгі алатын жер бар. Мұны қарапайым адамдардың бәрі көріп отыр. Сы­бай­лас жемқорлық, ұрлық, қарақ­шылық, алдау, әділетсіздік, жершілдік пен ағайыншылық етек алған жүйе кемшілігінен өрбіген іс-әрекет тәрбиесі де теріске айналады. Сөйтіп, адамдардың санасында бір-ақ мақсат: өзгеге болдырмау, болса оңдырмау. Бұл сыбайлас жемқорлардың келеңсіздігі өзгелердің санасына қауіпті бағдар­лама болып орнығады. Одан сосын құтылу мүмкін емес.

Қазір ұрлық қылсаң, біреуді сабасаң, өлтірсең – жазаға тартылатының белгілі. Елімізде Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу заңдары қаһары күшейтілді. Басқаны білмесе де, дәл осыны жұрт жақсы біледі. Алайда, ақшасына қызығып кәсіпкерлерді тұтас отбасымен қырып тастап жатқандарды айтып тауыса алмайсыз. Мектеп оқушыларын айуандықпен зорлап, онан соң өлтіріп жатқандар қаншама. Көшеде көлікке жол бермедің, жұмыстан нақақ шығар­дың, ар-намысыма тидің деп, т.б жағдайларда «жастығымды ала кетейін» дейтіндер қаншама. Мәселе қандай себеппен емес, мәселе адамды өлтіре беруде ғой. Адам өлтіруге алдын ала бағ­дарлама осылайша қалыптасады дегенге сенгіміз келмесек, тіпті өзінің «іштен шыққан шұбар жыланын», яғни туған баласын анасының өлтіруін қалай түсінуге болады? Бұл жерде де бар себеп ақшада. Бірақ анасының өзі туған баласын өлімге қиюы саналы адамның санасы жетпейтін іс. Семей қаласында 50 жастағы әйел өзінің 30 жастағы ұлын киллер жалдап өлтірткен. Сондағы сылтауы ақша сұрай береді дейді екен. Ал ұлының артында жас келіншегі 5 жасар баласымен аңырап қала беріпті. Алматы қаласында жап-жас ана өзінің туған сәбиін қызылшақа күйінде тыстағы әжетхана тесігінен тастап жіберген. Тоғыз ай іште жатып, жарық дүние есігін аштым-ау дегенде, қайран сәби тоғыз ай толғатқан жан дегенде жалғыз анасының мұны аялауға арналған алақанымен нәжістің арасына түсіп, тұншықты. Енді бірде тағы бір қатыгез ана туған баласын салафанға орап, қақаған қыс көзінде қоқыс жәшігінің ішіне тастап кеткен. Қызылшақа болса да, оның да жаны бар ғой, ештеңені сезбейді дейсіз бе? Қайран сәби мына опасыз дүниге келіп, анасы секілді жексұрындардың қа­тарына қосылып өмір сүргенше жарық дүниені көрмей-ақ өтуді маңдайына жаздырып алды ма екен?

Адамдар неліктен мұндай қаты­­гездікке барады деп жағасын ұстайды көпшілік. Ал сол көпшілік осы адамдарды қоғам неліктен осындай жағдайға жеткізеді демейді? Құқық қорғаушылар террористер жарып жатыр, Челахтар жаппай атып жатыр, ұйымдасқан қылмыскерлер өлтіріп жатыр, қарақ­шылар қырып жатыр дейді. Ал олардың шыққан көзінің, соларды тәрбиелеп осындай етіп шығарғандардың неге желкесі қиылмайды? Бұл жерде мемлекет те, қоғам да, ұстанған жүйе де тап-таза ма? Немқұрайлылық, селқостық күн сайын қаншама адамның қырылып жатқанынан санаға саңылау түсірер емес. Адамдар бір-бірін көре алмайды, бірінен бірін алалайды, бөлініп бірін-бірі құртуды көздейді. Бұл санаға түскен кесел көпшілік адамға тән. Сондықтан сіз де ажал қайдан келеді деп алаңдамаңыз. Анталаған ажал адамға жан-жақтан, дүниенің төрт бұрышынан да төніп тұрады екен. Қайда барсаңыз да «Қорқыттың көрі» деген сол. Тіпті күнбе-күн өзіңіз жұмыс істей­тін, достарыңызбен хат-хабар алмасатын компьютеріңіздің өзі адамға оп-оңай ажал әкеледі. Павлодар қаласында 12 жасар бала өз үйінде асылып қалған. Жап-жас бала өмірдің әлі не екенін толық түсінбей жатып, өз-өзіне қол жұмсауына не себеп болғанын тексере келгенде Интернет-сайттарда өзін өзі өлтіру мен оның амалдары туралы жарияланымдардың әсер еткені белгілі болған. Мұны дарға асылған баланың компьютерін зерттеген тексерушілер анықтаған көрінеді. Ал өзін өзі өлтіру мен оның жолдары туралы амалдарды сайтқа салған белгілі бір адамдар екені белгілі. Олар осылайша адамдарды өлтіріп отыр.

Бір-бірін, оның ішінде ең ет жақын ата-анасын өлтіру деген әлемнің кез келген түкпірінде орын алған. Бұған ешуақытта тосқауыл қойылмайтын секілді. Американың Вашингтон штатына қарасты Спокан қаласында жантүршігерлік оқиға болды. Бар болғаны 13 жасқа келген бозбала анасына өшіккені соншама, өзінің 14 жастағы досын оған айдап салады. Ақыры әлгі досын өзінің анасын қылышпен кескілеп, шапқылап тастауға көндіреді. Бұдан сорақысы сол өз анасының бауыры өте дәмді, соның дәмін тат деп үгіттеген. Сенесіз бе, сонда әлгі досы бұған кәдімгідей иланған дейді. Содан олар үйге келіп, алдарынан аялы алақанын жайып шыққан ананы екі рет кездікпен ұрып, қызыл қанға бөктірген. Сосын екі езуі екі құлағына жетіп масайраған, яғни марқұм анасының тірі кезіндегі «бауыр еті» атанған ұл шешесінің бауырын қызыл қанын ағызып, суырып алған. Енді бұларды қылмыскер дейсіз бе, әлде тойынғандықтың, заманның бұзылғанының немесе жастардың тәрбиесіздігінен дейсіз бе? АҚШ-тың қару асынған бозбалалары мектепке кіріп, бірін-бірі қойдай қырып атып өлтіріп жатқаны күнде жазылады. Өркениеттің, мәдениеттің шыңына жетті деген елдердің көбінде солай. Билік тізгінін ұстаған полицейлер де әй-шайға қарамай жайратып салады. Өйткені, қоғам кімдерді тәрбиелеп жатқанын жақсы біледі. Соған сай әзір болуды да қалайды. Әрине, күнде небір жантүршігерлік іс-әрекеттер болып жатқан қоғамда жүйе кемшілігінен әлі талай жаға ұстайтын жайлар қайталана беретіні сөзсіз. Бірақ осыны біле тұра біз неге өз қоғамымыздың саламатты саламаттылығын олардың теріс үрдістерінен сақтай алмайтынымыз белгісіз.

Мәселен, Үндістанның Харья­на штатында өздерінің рұқсаттарынсыз сүйген жігітімен қашып кеткен жастарды үйіне алдап шақырып алған ата-анасы туған қызын да, күйеу баласын да қорлап өлтіреді. Әуелі қызын біраз уақыт үйде азаптап, онан соң көл жағасына апарып бауыздайды. Сосын  жігітті ұрып-соғып, қол-аяғын сындырып, шала-жансар оны әке-шешесіне апарып, көз алдарында басын шабады. Мұны жұрттың бәрі көреді, ешкім де араға түспейді. Тіпті, полиция мұндай үрдіске ештеңе істей алмайды екен. Міне, адамды қасақана, әдейі өлтіргісі келсе, кімге болса да, яғни ұлына ма, қызына ма, ата-анасына ма, көршісіне ме, әріптесіне ме, танысына ма, туысқанына ма, тіпті, көшеде жүрген кез келген адамға біреуді өлтіре салу деген сөз емес. Оған ешқандай кедергі де жоқ. Өлтіре салады, артынан сотталса сотталады, сотталмаса, әрине, нағыз қанішерге айналады. Мұндай сұмдық үрдіс жылдан-жылға етек алып барады. Ал осындай үрдістердің біздің елімізде де бүршік жаруына кім кінәлі?

Ата-бабамыздың ұстанған салтында кісі өлтіру деген күнәнің ең ауыры болып есептелген. Сондықтан біреуді қасақана өлті­руге ешкім жол бермеген. Бұл орайда қасиетті Құран Кәрімде: «Бір-біріңді өлтірмеңдер. Расында, Алла тағала сендерге ерекше мейірімді. Ал кім осы айтылғанды дұшпандық, зұлымдықпен істесе, оны жақында отқа саламыз. Бұл Аллаға оңай» («Ниса» сүресі, 29-аят) делінген. Демек, Алла тағалаға сенген адам ең алдымен тозақ отынан қорқады. Алла тағаладан қорыққан адам өзінің басқан әрбір қадамын бақылап тұрғанын сезінеді. Алайда, мұны білсе де, білмесе де оған құлақ аспай жүргендер баршылық. Соның бірі кісі өлтіру, яғни жазықсыз адамның қанын төгу. Кісі өлтіремін деп бекінген адам ешнәрседен тайынбайды екен. Өскемен қаласында 30 жастағы кәсіпкер жоғалып кетеді. Оны тума-туысқандары, құқық қорғау органдары бес күн бойына іздейді. Ақыры табады, бірақ кәсіпкерді біреулер аяусыз қинап өлтірген. Оның денесіне 38 жерден жарақат салыпты. Сараптама қорытындысы белгілі болған соң анықталғандай, қылмыскерлер 30 жастағы кәсіпкерді бірнеше күн бойына азаптаған. Марқұм әлі тірі кезінде оның жүрегіне қанішер қылмыскерлер темір шегелер қағыпты. Иә, кәдімгі ағашқа қағатын жуан әрі ұзын шегелерді кәсіпкерді тірідей кезінде әбден қинап, оның жаны шыға қиналғанынан ләззат алып, шегелерді кеудесіне бірінен соң бірін қаққан. Сөйтіп, ақыры ақ адал күшімен еңбек етемін деген кәсіпкердің түбіне жеткен.

Адам өлтіруді санасына жүйеден сіңірген жандар кәрі ме, жас па, сәби ме, анасы ма, баласы ма, бауыры ма, қызы ма деп талдап жатпайды. Шығыс Қазақстан облысында жантүршіктірерлік оқиға орын алды. Кезінде ұрлық үшін сотталған Омар түрмеден шыққан соң ешбір жұмысқа орналаса алмайды. Сөйтіп жүріп ол екі жасар ұлы бар бір келіншекпен танысады. Екеуі бірге тұрады. Темір тордың арғы жағынан шыққан оған бірде-бір қызмет орны құшағын жая қоймайды. Сонан өмірге деген бар ызасын әлгі сотталып келген жан екі жасар сәбиден алса керек. Оның адам сияқты өмір сүргісі келген тірлігіне әлгі титімдей сәби кедергі болыпты. Сосын ол баланы өзінше тәрбиелеуді қолына алып, азаптаудың небір түрін ойлап тапқан. Адамды азаптау жағына келгенде әлгі еркек гестапошылардан да асып кетсе керек, мұны тексеріп, қылмысты ашқан тергеушілердің де жүрегі «ауырған» көрінеді. Сотталып келген «жаңа әке» сәбидің денесіне қайнаған ыстық су құйып, сосын жаны шыға шырылдап жылаған баланың ернін қыршып, күйген денеге одан әрі айызы қана темекісінің қызыл шоғын басқан. Мұны да қанағат етпеген ол добалдай жұдырығымен екі бүйірден ұрғылаған. Кіп-кішкентай сәби еңірегенде етегі жасқа толып, жалғыз құтқаушысы – анасын іздеп еңбектей жөнелгенде әлгі айуан еркек бір теуіп баланың екі қолын бірдей сындырған. Содан үсті-басын күйік шалып, қабырғалары, екі қолы күйреген қайран бала әлі құрып, бүк түскен. «Мені де ешкім аяп жатқан жоқ, сені де неге аяймын» деді ме екен, сонан әлгі сотталып келген еркек соңғы демін зорға алып, анасын көз алдына елестетіп дір-дір ете шала-жансар жатқан сәбиді аяғынан сүйрелеп, салқын еденге тастай салған. Ақыры денеге түскен сансыз жарақаттан сәби анасы табалдырықтан аттай бергенде бір солқ етіпті де, жүріп кетіпті.

Иә, адамдардың (оларды да адам дейміз ғой) адамды өлтірудегі жаңадан ойлап тауып жатқан амалдарында сан жоқ. Және қатыгездіктерінде де шек жоқ. Соның бірі өзінің туылғанына он күн толған сәбиін кір жуғыш машинаның ішіне тірідей салып жіберіп, ыңылдап ән айтып, түк білмегендей жайбарақат жүре берген АҚШ тұрғыны болып тұр. Сонан кір жуғыш машина тоқтап, дабыл берсе де, оны әлгі әйел қарамапты. Бірақ бір келеңсіздікті сезген жаналғыштың сіңлісі келіп, кір жуғыш машинаны ашқанда қанға малшынып, мылжасы шыққан сәбидің денесін көрген. Сіңлісінде адамдық сезім бар екен, дереу полицияға хабар беріпті. Сонда артынша жетіп келген, яғни талай өлімді көрген тепсе темір үзетін тергеушілердің өздері мына оқиға қасіретінен туындаған көрініске шыдай алмай көздеріне жас алыпты, дейді.

Әрине, адам жанын түршік­тіретін мұндай сұмдық оқиға­лардың біздің елімізде қайталанып жататындығы да жасырын емес. Мұның бәрі қоғамның азғандығы ма, әлде күнәға батар жолға түскен адамдардың болашаққа деген сенімнен жұрдай айырылғандығынан ба, белгісіз. Бірақ мемлекет те, қоғам да сан ойланып, сындарлы шешім қабылдайтын сын сағат туған секілді. Соған дәлел оқиға Оңтүстік Қазақстан облысында орын алды. Отбасындағы кикілжіңге байланысты әйелімен ажырасқан Созақ ауданының 37 жастағы тұрғыны өмірден баз кешіпті. Мүшелерінің арасында не болып, не қойып жатқанында шаруасы жоқ қоғамнан бөлініп қалған әлгі еркек өз тауқыметімен өзі бетпе-бет қалды. Әйелінің өзін тастап кеткенін заманақырға саяған ол бар дүниеден түңіледі. Сосын әйелінде мұның ұрпағы да қалмасын деді ме, бір сұмдық ойға бекінеді. Шымкент қаласындағы бұрынғы әйелінің үйінен өзінің екі баласын ешкімге сездіртпей алып кетеді. Оң-солын әлі танып үлгермеген балалар туған әкелерінің қайда алып бара жатқанын да, не үшін екенін де білместен Созақтағы үйге жетіп, қалжырап ұйықтап қалады. Сонан балаларының тәтті ұйқыға берілуін күткен еркек орнынан тұрып, қолына асхана пышағын алады. Түк сезбей тәтті ұйқы құшағында жатқан балаларының қасына келіп, соңғы рет демін бір терең алады да, екеуін де бауыздап жібереді. Қатар жатқан қос бүлдіршіннің кеңірдектері орылып түскенде пысылдаған үн қорылға ұласып, қызылала қан атқып сала берген. Балаларының түбіне жеткен әке пышақты қыса ұстаған күйі одан әрі қораға барады. Енді өзін де о дүниеге аттандырғысы келеді. Бірақ өзгені өлтіргеннен гөрі адамның өзін өлтіруі қиын екен, қолы жүрмейді. Қарнына бірнеше мәрте пышақты сұққылаған болады. Қан аққаны болмаса, әлі тірі. Сонан амал жоқ, қолының тамырын кескілейді. Жан тәтті екен, тамырын қиып жіберуге дәті жетпейді. Сөйтіп, балаларының және өзінің қанына малшынып өлмекке бел буған оны көршілері байқап қалады.

Мұндай жағдайлар бірен-саран емес. Көп қой, сондықтан оның бәрін жіпке тізе бергеннен не шығады деуге тағы болмас. Тек бұл тауқыметтен өзгелердің жағ­дайына жаны ашымайтындар, немқұрайлылық, селқостық танытатындар ат шаптырым айналып өтер, шенеуніктер пәлесінен аулақ деп темір дуалмен қоршауланып, балаларын шетел асырып аман қалармыз дер. Бірақ елім, жерім деп тер төккен ата-бабамыздың шынайы ұрпағы осы жерде қалып түпкілікті мекен ететін болса, мұндай келеңсіздіктерден құтылудың алдын алу амалдарын қарастыруы қажет. Өйткені, мына көрініс қазақ қоғамы үшін енді мүлде ақталуға болмайтын дәлел екені рас. Ақмола облысында бір отбасының шаңырағы бейбіт күнде ортасына түсті. Билік барлық кінәні отбасына жаба салды. Ешкімнің мұрты қисайған жоқ. Соған сәйкес мұндай келеңсіздіктің ертеңгі күні талай шаңыраққа уы жайылмасына бөгет болар алдын алу шаралары да ескерілмеді. Ал бұл үйдегі ерлі-зайыптылар арасындағы жағдайды көршілері, дүйім ел көптен білген. Арты олардың ажырасуымен тынарын да сезген. Бірақ... бір отбасы түгел қырылып қалар деп ешкім күтпеген көрінеді. Астанадан Арықты ауылына көлік­терімен оралып келе жатқан жолда қызғаныштан туындаған ұрыс-керіс салдарынан ері әйелінің басын біл темірмен қақ жарып, далаға лақтырып кеткен. Сосын үйіне келген де анасынан бірі – бес жастағы, екіншісі жеті жастағы екі қызын алып, өзен жағасына апарған да суға батырып жіберген. Артынша өзі де үйіне келіп дарға асылған. Міне, кім кінәлі бұған? Екі бүлдіршіннің не жазығы бар еді? Отағасы ма жалғыз кінәлі? Басқа кім дейсіз ғой?

Осылайша, аяқ аттап басқан сайын еселеніп қайталанып жатқан адам өлтіру деректері төмендер емес. Бұған жол (әуе, су, темір жол), табиғат (жер сілкінісі, өрт, суға кету, дауыл, аяз, боран т.б) апат­тарынан, құрылыстағы, мекемедегі, көшедегі т.б. бақытсыз жағдайлардан ажал құшып жатқан­дар қосылған жоқ. Ол басқа әңгіме. Мәселе, кез келген адамның қолы­нан келетін ең оңай амалы кісі өлтіру болып бара жатқан жоқ па демекпіз. Астанада 25 жастағы бір келіншек өзімен бірге тұрып жатқан 30 жастағы еркекті ұнамай қалғаны үшін бір түнде пышақтап өлтіріп, онан кескілеп бөлшектеп тастаған. Онан соң әлгі қызыл ала қанға бөккен дене мүшелерін сыбайласымен бірге пакеттерге бөліп салып, буып-түйіп, бір бөлмеге жинап қойған. Сосын бірнеше күннен кейін өзінің таныс такси жүргізушісіне телефон шалып, көмектесуін сұраған. Ол таксистің көлігіне әлгі пакеттерді артып, Целиноград ауданына қарасты Шұбар елді мекенінің маңайындағы көл жағасына апарып тастауын өтінген. Аталған тұсқа жетісімен әлгі келіншек сыбайласымен бірге көлік жүргізушісіне ту сыртынан пышақ ұрып, оны да сол жерде о дүниеге аттандырған. Сосын сыбайласының да ебін тауып көзін құртуға ниеттенген, артынша ол ойынан, неге екені белгісіз, айнып қалыпты. Мүмкін, ертеңгі күні ұсталынып қалған жағдайда, бар кінәні арту үшін сыбайласының тірі қалғанын да ескерсе керек дейді, білетіндер.

Сол сияқты күн сәулесінен қорғаныш ретінде тағатын көзіл­дірік үшін Шымкент қаласында екі бозбала өздерінің сыныптасын талтүсте пышақтап тастаған. Бұның бәрі көшедегі бейне-бақылау камерасына жазылып қалыпты. Ақтөбе қаласында екі жігіт ағасы кіреберіс баспалдағында кездесіп қалып, сөзбен ілігісіп қалады. Сосын күші басымдауы екіншісін бір ұрып есеңгіретіп, онан соң былық-шылық еткен оның басын баспалдақ қорғанышы арматураның арасына сұғып, қылқындырған. Сөйтіп, әп-сәтте өзіндей бір адамды өлтіріп тастаған да, кете барған. Ал итін ересектер қыдырып, балалар ойнайтын көгалда ойнақтатып жүрген 23 жастағы жас жігітке 48 жастағы көршісі ескерту жасайды. Сол-ақ екен әлгі еңгезердей жас жігіт ашуға мініп, кек қайтаруды ойлайды. Ол кешкісін 48 жастағы көршісін қараңғы бұрышта күтіп алып, бетінен бір ұрады. Анау тәлтіректеп шалқалай бергенде ішіне пышақ жұмсайды. Алайда, 48 жастағы көршісі де қайратты екен, бетінен соққы алып, ішек-қарны өткір жүздіктен ақтарыла жаздаса да жан сақтап, тұра қашады. Соны білгендей сақадай сайланып шыққан 23 жастағы жас жігіт оны артынан қуып жетіп, көк желкеден және пышақ ұрады. Анау сол кезде омақаса құлайды. Бірақ өлтіруді ғана мақсат тұтқан жас жігіт жансыз денеге және бірнеше пышақ сұғады.

Қай мемлекетте болса да әскер­дің орны бөлек. Отан үшін ел қорғап, жанын пида еткен ерлерді елі қашанда құрметтейді. Ал бірақ бейбіт күнде бірін бірі өлтіріп жатқан әскерилер ісі туралы не айтуға болады? Онда да жабылып, ұрып-соғып, қасақана өлтіріп жатса не дейсіз? Мұндай мысалдар тағы көп. Соның дені және ішкі әскерде қайталанады. Олар да, жоғарыда айтқанымыздай, әлгі «подполковник» секілділерден үлгі ала ма, белгісіз. Белгілісі, қаншалықты адам өлтіру деректерін анықтаса, ол соншалықты өрши береді. Басқасын айтпағанда соған бір ғана дәлел, ІІМ ішкі әскерінің 5451 әскери бөлімінде бар-жоғы үш-ақ ай ғана қызмет еткен Р. Акмулдиновтың өлімі. Істе көрсетілгендей, бөлімде тәртіп­сіздік етек алған. Соның салдарынан сарбаздар бір-біріне әлімжеттік көрсетеді екен. Екі айдың ішінде тексерушілер аға сарбаздардың жас сарбаздарға көрсететін Жарғыға сай емес қысымдарының 47 көрінісін тапқан. Сөйтіп, тергеушілер жас сарбаздың өліміне кімдер кінәлі екенін анықтап берген.

Ал енді біреулерді айдап салып немесе қыруар ақшаға жалдап, яғни өз жеке бас мүддесін көздеп тапсырыспен кісі өлтіртіп жатқандар қаншама? Әрине, тапсырыспен кісі өлтіртіп жатқандар туралы, оның ішінде жоғары лауазымдылардың нұсқауымен жасалған қылмыстар туралы атын атап, түсін түстеп келесі мақаламызда толыққанды сөз етпекпіз. Мәселе, осының бәрі неліктен деп ойлайсыз? Әлде, тәртіпті қолға алып, көпшілікке теріс үлгі көрсететін шенеунік сыбайлас жемқорларды, биліктегі қылмыскерлерді, парамен ауыз жаласқан жеке кәсіпкерлерді анықтап, бір арқанның бойына тізіп, барсакелмеске апарып тастау керек пе? Қайткенде де, «Балық басынан шірімейтіндей» бір амал табу керек секілді. Әйтпесе, ана шетелдерде де солай ғой деп қашанғы өзгелердің жаман әдетін жамап, жүре бермекпіз. Әлде, жалпы адам санын азайтуды көздегендер саясатын қолдайтындар кісі өлтіру әдетіне тосқауыл қоюға жол бермей ме екен? Мүмкін, солай шығар, дегенмен, бұл мәселе «жабулы қазан» күйінде қала берсін дейтіндер де бәрібір ажал тырнағынан қашып құтыла алмасын білулері керек.

Александр ТАСБОЛАТОВ,

«Егемен Қазақстан».