Аймақтар • 28 Шілде, 2021

Жарты жылда – 8 мыңға жуық жұмыс орны

246 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінде 2021 жылдың алғашқы жартысын қорытындылаған отырыс өтті. Онда облыс әкімі Құмар Ақсақалов аймақта әлеуметтік-экономикалық дамудың оң динамикасы сақталғанын айтты.

Жарты жылда – 8 мыңға жуық жұмыс орны

«Барлық негізгі салаларда өсім байқалады. Қазіргі эпидемиялық ахуалға қарамай нәтижені жақсарта түсіп, дамуды әрі қарай жалғастыру қажет. Ол үшін барлық жағдай жасалынды. Негізгі бағыттар бойынша перспектива бар. Біздің мақсатымыз – экономиканы өркендету және халық­тың тұрмыс жағдайын жақсар­ту. Өткен жылдың соңында және биыл­дың басында жарияланған жос­пар­ларымыз толық орындалуда», деді әкім.

Осы жылдың алғашқы жартысында Солтүстік Қазақстан облысында жаңадан 7 833 тұрақты жұмыс орны ашылған. Жылдың аяғына дейін тағы да төрт мыңнан артық жұмыс орнын ашу жоспарланған. Ал жұмысқа орналастырылғандардың барлық саны – 18 400.

Облыстық экономика басқарма­сының басшысы З.Молдағапановтың айтуына қарағанда, жаңадан ашыл­ған жұмыс орындарының 40 пайызы ауыл шаруашылығы құрылымдарына тиесілі. Ал 25%-ы – жеке кәсіптің үле­сінде.

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту­дың 2017-2021жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жүргізілген шаралар 12,1 мың адамды қамтыған. Осы­ның нәтижесінде, 2021 жылдың алғашқы жартыжылдығында ауыл ша­руа­шы­лығы өнімдерінің өсімі 1,2 пайыз немесе 89 млрд теңге болды. Жалпы, өнім­нің өсімі облыстың барлық ауданында байқалады. Тек аса ірі бірнеше құс фабрикасы бар Қызылжар ауданында ғана жалпы өнім былтырдың сәйкес мерзіміне қарағанда 15,9% азайған. Бұл жұмыртқа өндірудің 60,3%-ға құлдырап кеткендігімен тү­сін­­діріледі. Өткен жылы облыс­та құс тұ­мауынан жүздеген мың бас құс қы­ры­лғаны белгілі. Соның кесірі жал­пы­ өнімнің төмендеуіне соқтырып отыр.

Алғашқы жартыжылдықта ет өндіру 3,4%-ға, ет 7%-ға артқан. Облыс­та мал тұяғы да артуда, соның ішін­де қара мал 3,5%-ға, қой-ешкі 3,3%-ға, жылқы 2%-ға көбейіп, 180 мыңға жеткен.

Енді облыстағы өнеркәсіп алып­тары­ның жұмысына тоқтала кете­тін болсақ, «ЗИКСТО» АҚ жарты жылда 11,9 млрд теңгенің өні­мін шы­ғарып, 71,4% өсімге қол жеткіз­ген. Олар «Кедентранссервис» АҚ ло­гис­тикалық терминалына, «PTC Holding» ЖШС-на (Нұр-Сұлтан қ.), «RWS Wheelset» ЖШС-на (Екібастұз қ.) 380 вагон жөндеп және жаңа­дан құрас­тырып аттандырды.

Ал «Киров атындағы зауыт» АҚ өнімінің өсімі 173,8%-ға жеткен. Олар осы уақыт аралығында 338,5 млн теңгенің энергетикалық бұйым­­­дарын, көтергіш-көлік тех­ни­ка­ларын шығарды. Сонымен қа­тар мұнай-газ саласына қажетті бұйым­дар шығаратын «Поиск» ЖШС, «Петро­маш­завод» ЖШС қарқынды жұмыс істеуде. Алдың­ғысындағы өсім 23,6% болса, кейін­гісі 5,3% өсімге қол жет­кізген. Бұлар Ресейдің Түмен, Ижевск, Челябі, Ека­теринбург, Санкт-Петер­бург және Мәс­кеу қалаларының кәсіпорын­дарына 1,5 млрд теңгенің өнімін сатқан.

Облыста құрылыс материалдарын шығару да қалыпты қадамға түс­кен. Мәселен, «Единство» ЖШС өсімін 59% арттырып, 651,5 млн теңгенің өнімін шығарса, «Завод строи­­тельных материалов» АҚ өсім­ді 2,1 есе арттырып, бүгінгі таңда 750 млн теңгенің өнімін шығаруға қол жет­кізген.

Өнеркәсіптің басқа барлық салаларында өсім болғанымен тау-кен саласы бойынша өсім жоқ. Соның ішінде қиыршық тас өндіру 25,3%-ға, темір рудалары 6,6%-ға азайған. Сол­түстіктегі құрылыс та қарқынды жүр­гізілуде. Өткен жылғымен са­лыс­тырғанда бұл биыл 4,9% немесе 34,7 млрд теңгеге артқан. Өсімнің қо­­мақты бөлігі күрделі жөндеулердің есебінен болып отыр. Бұл сала бойынша Шал ақын ауданының өсімі – алдыңғы қатарда. Ал артта қалғандар қатарында Айыртау ауданы бар. Мұның себебі былтырдың сәйкес мерзімінде мұнда автожолдарға күр­делі жөндеулер болған еді, ал биыл ондай қаражатты көп шығын­дайтын жөндеу жұмыстары болма­ған­дықтан құры­лыс қарқыны да төмен көрсетіліп тұр.

Жартыжылдықта 83,2 мың шаршы метр тұрғын үйлер пайдалануға берілген. Бұл былтырғы межеден 6,8 пайызға артық. Облыс эко­номи­касына биыл құйылған ин­вес­тиция көлемі де былтырғы сәй­кес мерзімге қарағанда 23,4% ар­тық болып, 139 млрд теңгеге жетті. Инвестицияның 56,1%-ы кәсіпорын­дардың өз қаражаты есебі­нен құйылған, ал мемлекеттік бюд­жеттен берілгені – барлық көлемнің 13,8%-ы. Экономика салалары арасында ең көп инвестииция ауыл ша­руашылығы мен орман және ба­лық шаруашылығына құйылған.

Сыртқы саудада облыс биыл жақ­сы нәтижелерге қол жеткізіп отыр. Өткен жылдың сәйкес мерзі­мімен салыстырғанда бұл биыл 1,7 есе артып, 478,8 млн долларға жеткен. Соның ішінде экспорт 3,2 есе артып, 274,8 млн долларды құраған. Экспорттың өсімі негізінен мал және өсімдік майын, металл мен оның өнімдерін сатудан артып отыр. Ал импорттың өсімі негізінен химия өнеркәсібінің өнімдерін сатып алудан артуда.

 

Солтүстік Қазақстан облысы