14 Қаңтар, 2014

Қалыптасқан мемлекеттің сыртқы саяси бағыты

740 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Оны іске асыратын ұлттық дипломатиялық кадрларды даярлаудың маңызы зор

1990 жылы 25 қазанда Жоғарғы Кеңес­тің сессиясында қазақ мем­лекет­тілігінің егемендігі мәселесі қаралып, еліміз үшін тарихи маңызы бар құжат – «Қазақ КСР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация қабылданды. Осылайша халықаралық қоғамдастық Қазақ елінің тәуелсіздігін мойындап, дипломатиялық қатынастар бас­талды.

Оны іске асыратын ұлттық дипломатиялық кадрларды даярлаудың маңызы зор

1990 жылы 25 қазанда Жоғарғы Кеңес­тің сессиясында қазақ мем­лекет­тілігінің егемендігі мәселесі қаралыпеліміз үшін тарихи маңызы бар құжат – «Қазақ КСР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация қабылдандыОсылайша халықаралық қоғамдастық Қазақ елінің тәуелсіздігін мойындап, дипломатиялық қатынастар бас­талды. 

Егемендігін енді жария еткен Қа­зақстанда егеменді сыртқы саясатты жүргізу үшін кәсіби дипломаттардың саны саусақпен санарлықтай аз еді. Сондықтан, 1991-1993 жылдары сыртқы саясат ведомствосына қызметке алынған бірінші дипломаттар негізінен шет тілдерін білетін Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университеті мен Алматы педагогикалық шет тілдер институтының бітірушілері болды. Олар Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің (бұдан әрі – ҚР СІМ) орталық аппараты мен бірінші ашылып жатқан шетелдік өкілдіктерінде жұмыс істеп, кәсіби дипломаттар болмаса да, халықаралық қатынастар саласы мен мемлекеттік протокол істерінде құнды білім, тәжірибе мен дағдыларды жинап алды.

1996 жылы елдегі қиын ішкі эко­номикалық ахуалға қарамастан дип­ломатиялық кадрларды қайта даярлау және біліктілікті арт­тыру үшін отандық дипломатиялық мек­теп­тің керектігіне көзі жетіп, Қазақстан Респуб­ликасы Үкі­меті «Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Жоғар­ғы дипло­ма­тиялық мектебін құру ту­ра­лы» №1102 қаулысымен Қазақ­стан Республикасы Сырт­қы істер ми­нистр­лігінің Дипломатиялық акаде­мия­сын ашты. Дипакадемияның ашы­луы еліміз үшін, егемендігіміз үшін, тәуел­­сіз­дігімізді сақтап қалу үшін маңы­зы зор оқиғалардың бірі болды. Себе­бі, Қазақ тарихында бірінші рет ұлт­тық дипломатиялық кадр­ларды әзір­леу­ге негізделген арнайы мектеп ашуға қо­лымыз жетті. Бұл да шынайы егемендіктің бір көрінісі.

2000 жылы ҚР СІМ-інің Дипломатия ака­демиясы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университетіне қо­сылды. 2005 жылы Қазақстан Респуб­ликасы Президентінің 2005 жылғы №1583 Жарлығымен Дипломатия ака­демиясы Қазақстан Республикасы Пре­зи­дентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының (бұдан әрі – Академия) құра­мына Дипломатия инс­титуты болып негізгі құрылымдық бөлімі ретінде кірді.

Бүгінгі күні Дипломатия институты ха­лық­аралық қатынастар мен сыртқы саясат саласында жұмыс істейтін сапалы және білім­ді дипломаттарды дайындайтын бірден-бір жо­ғары оқу орны болып саналады. Ди­п­ин­с­титут негізінен төмендегі үш бағытта жұмыс істейді:

– MIR – Master of International Relations  «Халықаралық қаты­настар –  6М020200» мамандығы бой­ынша магистрлерді дайындау;

– Phd in International Relations «Ха­лық­ара­лық қатынастар –  6D020200» докторанттарды  дайынд­ау;

– ҚР СIМ-інiң жоғары, орта жә­не кіші буын дипломаттарының білік­тілігін арттыру­ға ар­нал­ған қыс­қа мерзiмдi семинарларды өткі­зу.

Халықаралық қатынастар са­ла­сы бойынша мамандар әзірлей­тін басқа жоғары оқу орындарына қа­ра­ғанда, Дипломатия инс­ти­тутының бір ерекшелігі – про­фессорлық-оқы­ту­шылар құрамының жартысын қа­зіргі аға дипломаттар, атап айтқан­да, Сыртқы істер министрінің орын­басары, ерекше тапсырмалар бойынша елшілер, департамент директорлары құрайды. Сонымен қатар, дипломатия кәсібінің ерекшелігін ескере отырып, оқу бағдарламалары, магистрлік және докторлық диссертациялардың тақырыптары ҚР СІМ-імен міндетті түрде келісіледі. Сыртқы саясат ведомствосы мен орталық мемлекеттік органдардың халықаралық байланыс бөлімшелерінде жұмыс істейтін мамандарды заманауи талаптарға сәйкес даяр­лау үшін оқу бағдарламалары жылда 20-25 пайызға жаңартылып отырады.

Дипинститутта Қазақстанның сырт­қы саяси бағытын, мақсатын және мін­детін білуді; халықаралық сахнадағы ахуалға талдау жасауды; ауызша және жазбаша сауатты дипломатиялық құ­жаттарды әзірлеуді; заманауи ақпа­рат­тық технологияларды пайдалану­ды; тиімді келіссөздер жүргізуді; мем­ле­кеттік және шет тілдерінде өз ойларын кә­міл жеткізе алуды және протоколдық жә­не консулдық ерекшеліктерді оқы­тады.

Оқу процесі инновациялық және өзiндік іздену әдiстерiне негізделеді және тренингтер, іскерлік ойындар, дипломатиялық тәжiрибеден алын­ған нақты жағдайларды талдау  (кейс-стади), модельдеу, отандық және шетелдік елшілермен кездесу фор­ма­ларында өтеді. Академия тыңдау­шыларды дипломатиялық тағылым­да­маға жіберуге ерекше көңіл бөледі. Екіжылдық оқу барысында магистрант­тар Вена дипломатиялық академиясына, Францияның Әкiмшiлiк ұлт­тық мек­тебiне (ENA) немесе Қазақстанның ше­телдегі елшiлiктеріне жолданады. Бұл дип­ломаттардың кәсiби құзыреттілігін қалып­тастыруға және оны дамытуға мүмкiндiк береді.

Академияда 2013 жылдан бас­тап Еу­ра­­зия­лық экономикалық одақ құ­­ру үде­рісі аясында келіссөздерге қаты­­сатын қазақстандық эксперттер үшін «Еуразиялық интеграциялық эконо­ми­калық жобалар шеңберінде келіссөз­дер жүргізу өнері» тақырыбына арнал­ған біліктілікті арттыру семинарлары өткізіледі. Семинардың мақсаты – ұлт­тық экономикалық және сауда мүд­делерін ілгерілету және саяси еге­мендікке қысым көрсетілмей, барлық мәселелерді консенсус арқылы шешу үшін келіссөздер жүргізу техникасын үйрету.

Дипломатиялық мектептің басты мақсаты – дипломатиялық қадрларды кәсіби қайта даярлау орындалып келеді.  Дипломатия институтын бітірген түлектер Қазақстанның Төтенше және өкілетті елшілері, Уақытша сенімді өкілдері, ҚР СІМ-інің басшылары және Қазақстанның басқа мемлекеттік органдарында вице-министрлер лауазымдарында жемісті қызмет атқаруда. Алайда, заманауи өмір талабы жаңа мәселелер көтеріп, халықаралық сахнада жаһандану үдерісінің ықпалы нәтижесінде жаңа формациядағы ұлттық дипломатиялық кадрлар әзірлеу талабы алға шықты.

Қазақстан Президенті, Ел­басы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақ­стан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мем­ле­кеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Біздің мақсатымыз мемлекеттік басқарудың жаңа түрін қалыптастыру» делінген. Сондықтан, мемлекеттік қыз­мет­шінің жаңа моделін құру аясын­да дипломатия саласындағы қыз­мет­керлердің кәсіби деңгейін және құзыреттілігін (компетентность) арттыру ісіне академия өзінің даму тұжырымдамасына сәйкес ерекше көңіл бөледі.

Қазақстан дипломаттары аймақтық және ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға, экономикалық және сауда дипломатиясын белсенді дамы­туға, мәдени-гуманитарлық және ғы­лым-білім салаларындағы халықаралық ынты­мақтастықты арттыруға, азаматтарымызды құқықтық қорғауға қабілетті болуы тиіс. Интеграциялық үдерістер аясында дипломаттарды көршілес Ресей, Қытай, Орталық Азия елдеріне мамандандырылған етіп даярлау керек.

Дипломатқа қандай құзыреттілік қажет, ол не білу, не істеу тиіс деген тақырыпқа академия магистранттарымен бірнеше дөңгелек үстелдер өткізілді. Онда магистранттар білімділік, жігерлілік, жауапкершілік, патриоттық сияқты құзыреттіліктер мен бірге мемлекеттік тілді білу құзыреттілігін бірінші орынға қойды. Дипломаттар үшін мемлекеттік тіл, ұлттық мәдениет және елдің тарихын білудің маңызы ерекше зор. Мәдени дипломатия мемлекеттік саясаттың маңызды құрылымдық бөлігі болып келеді. Кез келген мемлекеттің мәртебесі саяси және экономикалық қуатымен бірге, рухани-мәдени потенциалымен анықталады. Мәдени игіліктерді шетелдерде насихаттау жұмысы ірі және кіші елдердің сыртқы саясат басымдықтарына кіреді. Осыдан-ақ Франция, Германия, Ұлыбритания, Ресей, Жапония, Израиль сияқты экономикалық қуатты елдер мемлекеттік тіл мен мәдениетке күш жұмылдырып айналысатындары бекер еместігі түсінікті. Осы ретте академия оқуға түсерде немесе оқуды бітірерде мемлекеттік тіл емтиханын енгізу арқылы мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бойынша республикалық деңгейдегі жұмысқа қомақты үлес қосары сөзсіз және тиісті деп білеміз.

«Дипломат» әр заманда әр елде абыройлы мамандық болып саналады, сондықтан «Халықаралық қатынастар» саласы бойынша оқуға сұраныс үлкен. Дипломатия институтын санамағанда Қазақстанда 30 шақты ұлттық, мемлекеттік және жекеменшік жоғары оқу орындары халықаралық қатынастар, экономика және құқық бойынша мамандарды даярлайды. Олардың жанында академияның дипломатиялық саладағы мемлекеттік қыз­мет­шілерді даярлаудағы ерекше статусы бар және ҚР СІМ-імен қоян-қолтық жұ­мыс істейді. Сондықтан, «Халықаралық қаты­­нас­тар», «Халықаралық экономика» және «Халық­аралық құқық» маман­дарын даярлау­мен не­гізінен Дипло­матия институты айналысуы қажет.

Дипломатия институты тек арна­йы жоғары оқу орны ғана емес, сол сияқты халықаралық қатынастардағы басты тенденцияларды сараптай алатын ғылыми-зерттеу орталығы ретінде дамуы керек. Ол үшін академия мен Қазақстан СІМ-індегі Дипломатия институтының негізгі даму бағыттарын анықтайтын тұжырымдамалық құжат әзірлеуі дұрыс болар еді. Бұл іске Білім және ғылым министрлігінің қосылуы абзал, себебі жоғарыда айтылғандай, көптеген жоғары оқу орындары арасында Дипломатия институтының нақты рөлі мен орны анықталуы тиіс. Әйтпесе, дипломатияға қызығып осы мамандықты таңдаған жастардың көбісі болашақта жұмыссыз қалу қаупі бар.

Халықаралық өмір талабы мен Ел­ба­сы қойған мақсаттарды толығымен қанағат­тандыру үшін жоғары сапалы ұлттық дип­ло­матиялық кадрлар даяр­лау ісін жетілдіру ол үздіксіз процесс. Академияның Дипломатия инс­титуты Қазақстанның дүниежүзіндегі 30 дамыған мемлекеттер қатарына кіру, ЭКСПО-2017-ні өткізу, Біріккен Ұлттар Ұйы­мы­ның Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақсыз мүше болу сияқты Қазақстан өзінің алдына қойған жаңа амбициялық міндеттерді жүзеге асыра алатын жоғары білімді, ісіне сенімді және еліне патриотты ұлттық дипломатиялық кадр­лар даярлайтын ұстаханасы толық бола алады.

Сәулегүл САЙЛАУҚЫЗЫ,

Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы

Дипломатия институтының директоры.

Соңғы жаңалықтар