14 Қаңтар, 2014

Экономикалық интеграцияның пайдасы зор

1293 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі Тимур Жақсылықов еліміздің интеграциялық саясаты туралы баяндады. Оның айтуына қарағанда, Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістікке қатысу арқылы елімізде өндірілген тауарды өткізу нарығы еселеп кеңейген.

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі Тимур Жақсылықов еліміздің интеграциялық саясаты туралы баяндады. Оның айтуына қарағанда, Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістікке қатысу арқылы елімізде өндірілген тауарды өткізу нарығы еселеп кеңейген.

Биылғы жылы Кеден одағы мен Бір­тұтас экономикалық кеңістіктің құқық­тық базасын кодификациялау негізін­де қалыптастыратын Еуразиялық эконо­микалық одақ туралы шартты қабылдау жос­парланып отыр. Бұйыртса, аталған құжат мемлекетіміздің алдағы көптеген жылдарға жасаған экономикалық саясатының негіздерін анықтайтын болады. Сондықтан бұл шарт Қазақстан үшін өте маңызды құжат болып табылады, – деп мәлімдеді вице-министр.

Еліміздің еуразиялық интеграцияға қатысуының басты мақсаттарының бірі өткізу нарығын кеңейте келіп, инвес­тициялар, оның ішінде экономиканың қайта өңдеуші секторларына инвестиция тарту екендігін айтқан Т.Жақсылықов, осы саладағы даму үрдістеріне тоқталды. Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіне тікелей шетелдік инвестициялардың көптеп келе бастауы және көлемінің өрістеп өсуі осы сөзімнің дәлелі болады, деді ол. Нақты сандарға жүгінсек, Кеден одағы құрылған сәттен бастап Қазақстанның өңдеуші өнеркәсібіне келген тікелей шетелдік инвестиция көлемі 88 пайызға өсіпті. Сөйтіп, 2009 жылғы 1,8 млрд. АҚШ долларынан 2012 жылы 3,4 млрд. АҚШ долларына дейін ұлғайыпты.

Сондай-ақ, вице-министр Біртұтас экономикалық кеңістіктің құрылуы транзакциялық шығындарды төмендетуге және бизнесті дамытуға бағытталған қаражат отандық бизнестің дамуына қосымша мүмкіндіктер беретінін айтты. Мысалы, теміржол тасымалдары саласында өткен жылдың 1 қаңтарынан бері Біртұтас экономикалық кеңістік мемлекеттерінің әрқайсысы түрлі бағыттар бойынша жүктерді тасымалдау жөніндегі қызметтерге біріздендірілген тариф қолдана бастаған. Осыған орай, Т.Жақсылықов тарифтерді біріздендіру, оларды қолдану ашықтығын белгілеп, тауарлар мен тауар өндірушілер үшін тең бәсекелі жағдайлар құруға ықпал ететінін тілге тиек етті.

Қазақстандық жүк жөнелтушілердің Ресей мен Беларусь аумағы бойынша жүзеге асыратын тасымалдарының көлемі жылына 17,2 млн. тоннаны құрайды екен. Ал, Қазақстан аумағы бойынша Ресей мен Беларусь елдерінің жүк тасымалдау көлемі бұрнағы жылы 8,6 млн. тоннаға ғана жеткен. Осы көрсеткіштерді салыстырар болсақ, аталған елдер арқылы өткен біздің елдің жүгі екі еседен де асып түскенін байқау қиын емес. Осыған байланысты, тарифтерді біріздендіру ісі қазақстандық жүк жөнелтушілер үшін ерекше маңызды, деді вице-министр.

Биылғы жыл басынан бастап қазақ­стандық кәсіпкерлер Ресей мен Беларусь елдерінің мемлекеттік сатып алуларына қатыса алады. Осыған орай, Бір­тұтас экономикалық кеңістік елдері мем­лекеттік сатып алуларға ұлттық режім ұсынды. Мысалы, 2012 жылы әріптес елдердің мемлекеттік сатып алулар нарығының көлемі 198 млрд. АҚШ долларын құрады. Ал сол жылы Қазақстанның мемлекеттік сатып алулар нарығы 7,6 млрд. АҚШ доллары көлемінде болыпты. Осыны ескерсек, әріптес елдердің нарығы отандық тауар өндірушілердің өрісін кеңейтіп, бизнестің дамуы үшін үлкен серпін береді. Өйткені, ол нарық, отандық нарықтан 26 есеге дейін өседі, деді Т.Жақсылықов.

БЭК құрудағы маңызды шараның бірі – өнеркәсіптік ынтымақтастық пен ауыл шаруашылығын дамыту екені белгілі. Бұл тұрғыда да кеңістік шеңберінде бірқатар уағдаластықтарға қол жеткізілген. Мысалы, үш елдің аграрлық саласын субсидиялау көлемін теңдестіру арқылы Қазақстан, Беларусь және Ресейдің ауылшаруашылық өнімдерінің өзара сау­дасында адал бәсекелестікті дамытуға қолайлы жағдай туғызу қамтамасыз етіледі. Оған қоса, азаматтық жолау­шы ұшақтарының, сондай-ақ астық жинау комбайндарының жекелеген түрлеріне қатысты қазақстандық тауар өндірушілер мен қызмет көрсетушілердің мүдделерін толығымен ескеретін шешім де қабылданған.

Ұшақтарды Қазақстанға жеңілдікпен әкелу мүмкіндігі 2019 жылдың 30 маусымына дейін ұзартылды. Бұл ұлттық әуе компанияларына ұшақтар паркін жаңғырту жоспарын іске асыруды қамтамасыз етеді. Сөйтіп, әлемдік әуе тасымалдары нарығындағы бәсекеге қабілеттілік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Ауылшаруашылық тауарларын өндірушілердің мүдделерін қорғау мақсатында Кеден одағының бірыңғай кеден аумағына әкелінетін комбайндарға қатысты арнайы қорғау шаралары бар. Онда Қазақстанның 300 бірлікке тең үлесін ескере отырып, жылына 774 бірлік мөлшерінде импорттық квота көзделетін болады, деп сөзін қорытындылады вице-министр.

Баспасөз мәслихатының екінші бөлімінде вице-министрге журналистер тарапынан бірқатар сұрақтар қойылды. Онда Дүниежүзілік сауда ұйымына Қазақстанның кіру мерзімі туралы сұралды. Вице-министрдің сөзіне қарағанда, еліміз биылғы жылдың соңына дейін Дүниежүзілік сауда ұйымына кіріп болады. Ол үшін барлық келісім шаралары аяқталу қарсаңында екен. Ал Кеден одағы мен Еуразиялық экономикалық одақ еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруіне ешқандай кедергі келтірмейді. Себебі, екі жақтың келісімдерінің бәрі үйлестіріле жасалып жатқан көрінеді. Қазақстан әлемдік сауда ұйымына кіргеннен кейін, 3 жыл көлемінде шетелдерден импортталатын автокөліктердің бағасы біртіндеп төмендейді екен.

Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар