Коронавирус • 28 Шілде, 2021

Отандық вакцинаның 25 мың дозасы Қырғызстанға жеткізілді

280 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

COVID-19 пандемиясымен күрестегі ынтымақтастық шеңберінде Қазақстаннан QazVac инактивтендірілген вакцинасының 25 000 дозасын Қырғызстанға жеткізді, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.

Отандық вакцинаның 25 мың дозасы Қырғызстанға жеткізілді

Вакцинаны тапсыру рәсімі Қырғызстан Денсаулық сақтау министрі Алымкадыр Бейшеналиев, Қазақстан Елшісі Рәпіл Жошыбаев пен медициналық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен өтті.

Министр А.Бейшеналиев елде коронавирустық инфекцияның одан әрі таралуына қарсы іс-қимылда маңызды қолдау көрсеткені үшін Қазақстан тарапына шынайы ризашылығын білдірді.

«Біз Astra Zeneca, Sputnik V және басқа да шетелдік вакциналармен қырғызстандықтар QazVac-пен де екпе алатынына қуаныштымыз», деп атап өтті ол.

Оның айтуынша, қазақстандық вакцина халықты вакциналау пункттеріне жедел таратылады және азаматтардың коронавирусты жұқтыру қаупін азайту бойынша республиканың медициналық жүйесінің мүмкіндіктерін нығайтады.

Өз кезегінде Р. Жошыбаев вакцинаны жеткізуді Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровпен келіссөз нәтижесі бойынша берген тапсырмасына сәйкес Қазақстан Үкіметі ұйымдастырғанын атап өтті.

«Қырғызстан біздің достарымыз бен халықаралық серіктестеріміздің арасында бірінші болып коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцина алады, бұл елдеріміз арасындағы достық пен тату көршілестік қатынастарын тағы да растайды», деп атап өтті елші.

Ол сондай-ақ Қазақстанның ізгілік көмегі көптеген адам өмірін құтқаруға және Қырғызстандағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды жақсартуға көмектесетініне сенім білдірді.

QazVac вакцинасын Қазақстанның Білім және ғылым министрлігінің Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты өндіріп шығарған және 2021 жылдың басынан бері ол ресейлік және қытайлық мамандар әзірлеген препараттармен қатар қазақстандықтарды вакциналау үшін кеңінен қолданылады.

Қазақстанда клиникалық сынақтар мен оны кеңінен қолдану тәжірибесі QazVac вакцинасының қауіпсіздігін және оның коронавирустық инфекция мен оның ауыр түрлерін жұқтырудың алдын алуда жоғары тиімділігін (90%-дан астам) көрсетті.

QazVac-пен вакциналау 18 жастан асқан адамдарға ұсынылады және бұлшықет ішіне екі кезеңде жүргізіледі, олардың арасындағы ұсынылатын аралық 21 күнді құрайды. Бұдан бұрын хабарланғандай, салалық органдар отандық вакцинаға келісім алу үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен жұмыс жүргізіп жатыр.