Орталық коммуникаиялар қызметінде Алексей Цойға БАҚ өкілдері тарапынан Қырғыз еліне жіберілген отандық QazVac вакцинасы туралы сауал қойылды.
«Өңірлерге QazVac вакцинасының 100 мың дозасы жеткізіліп жатыр. Кей өңірлерге жетіп те қойды. Сонымен қатар, 600 мың доза шығарылды. Қазір бұл өнім қауіпсіздік бойынша тексеруден өтіп жатыр. Тамыз айында ол дозалар да ел өңірлеріне жеткізіледі», деді министр АҚ өкілінің сауалына берген жауабында.
Сондай-ақ, ол Қырғыз Республикасына жіберілген вакцина туралы да пікір білдірді.
«Қырғыз Республикасына гуманитарлық көмек туралы айтсақ, көрші ел Мемлекет басшылығынан көмек сұраған болатын. Қазақстан өзі де гуманитарлық көмек алып отырған және көмек көрсететін ел ретінде көрші, бауырлас республикаға жәрдем берген болатын. Сондықтан, бұл Қазақстанның жетістігі деуге болады. Біздің вакцина өзге елдерде де қолданылып жатыр. Әрине, бізден көбірек мөлшерде сұраған болатын. Жамбыл облысында өзіміздің өндірістік алаңды іске қосудың арқасында сіз атаған мөлшерде көмек бердік. Қазір біз белгілі бір өндірістік қуатқа көштік. Қосымша 600 мың доза қоймада тұр», деді Алексей Цой.