Өнер • 28 Шілде, 2021

Шаманың әні

869 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Баянауыл топырағынан шыққан ақиық әншінің бірі – Жарылғапберді арқылы бізге жеткен бір шалқымалы ән – «Шама». Жұрт оны халық әні «Ағашаяқ» деген секілді халық әні «Шама» деп атап кеткен. Қазақтың ұшан-теңіз музыка фольклорын жүйелі түрде ғылыми тұрғыдан жан-жақты зерттеудің мешеулігі күні бүгінге дейін жүздеген ән тағдырын тарих көлеңкесінде елеусіз, ескерусіз көмескі қалдырып келеді. Халық жүрегіне тек «Шама» боп орныққан әннің де өз сыры бар. Кезінде Жарылғапбердінің соңына еріп, әндерін үйренген үлкен әнші Қали Байжанов осы әннің авторы – Шама Нұрұлы есімді халық композиторы болғандығын, өзінің сыйлас, пікірлес, әріптес адамдарына дәйім айтып отырады екен. Өмірінің соңғы жылдарында Манарбек Ержанов радиоға келіп, музыка редакторларына: «Мен жаздырған «Шаманың әні» бар ма, жоқ өшіріліп кетті ме?» дегенін естіп едік.

Шаманың әні

Одан бері арада талай жылдар өтті. 1978 жылы көкек айының екінші жартысында Қарағанды облысы Егіндібұлақ ауданының тұрғыны, қарт әнші Қайырбек Сәрсекеевтен Мәдидің «Үшқара» әнін жазып алдым. Сол әңгіменің үстінде Қадір­бек ақсақал: «Әкем Сәрсекейден естіген сөзім... Мәди Ақмола жағында ай­далып жүріп те ел ішінде ән салуды тоқтатпаған. Сол бір жылдарда ол ереймендік Шама Нұрұлын көріпті. Оған еш әншіні тең­гермейді екен», деді. Қайырбектің өз әкесі Сәрсекей – Мәдимен замандас, дос, өзі де ән салған жан. «Үшқара» әнінің ең дұрыс, таза көлемді нұсқасын сақтап, оны ұлы Қайырбекке үйреткен. Сәрсекейдің Шаманы ауызға алуы тегін емес. Бұл сыр ол кезде осы жолдардың авторына бір бұлдыр елес секілді әсер еткен-ді.

1979 жылы «Жалын» баспасынан қарт әнші Бісміллә Балабековтің «Ән – көңіл­дің ажары» шағын естелік жинағы жарық көрді. Кітапта көп әндер жөнінде қате, теріс түсінік, қисынға келмейтін жөнсіз пайымдаулар берілген.Автор Үкілі Ыбырайдың «Алтыбасарын» Біржан салдікі, Иманжүсіптің «Сары­мойынын» халық әні, Біржан салдың «Жоныпалдысын»Ақан серінікі, Әсеттің «Сметін» Майранікі, Бір­жан салдың «Ақтентегін» Ақан сері­нікі, «Ақ бақайды» Ақан серінікі, «Қар­ғашты» Естайдікі, сөзін Иса жазған халық әні «Қалқаны» ақын Қалқа Жапсар­баевтікі, ал «Мәшине», «Шама» Жарылғапбердінің әні деп жазған-ды. Басынан аяғына дейін долбарға құрылған бұл «деректердің» ән тағдырына, жалпы музыка зерттеу ғылымына ешқан­дай пайда келтірмейтіндігін бір ғана «Шама» әнінің тарихымен дәлелдеуімізге толық негіз бар.

Мәнді де қызықты дерек «Қазақ әдебиеті» газетінің 1964 жылғы жел­тоқсан айының он сегізі күнгі санын­да Бозтай Жақыпбайұлының «Ән  иесі кім?» деп аталатын мақаласында баян­далған. Халық композиторлары хақында әр кез шығып жататын жинақ­тардағы естеліктер мен түсінік сөздерде Бозтай ақсақалдың есімі жиі аталады. Қазақ КСР Ғылым академиясы Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорында, әр жылғы газет-журнал беттерінде ол кісі жазған мақалалар жиі кездеседі, кезінде «Ләйлім», «Әупілдек», «Хорлан», «Әпитөк», «Балқадиша», тағы басқа да әндердің қилы-қилы тарихын радиодан осы Бозтай ақсақал аян еткен-ді. Бозтай ақсақалдың мақаласында оған Шама Нұрұлының өмірінен әңгіме айтқан екі адамның бірі  – Шаманың немере туысы Қарапық деген кісі екен, ал екіншісі – Шаманың Алтыбасар есімді ұлынан туған қыздың баласы – Мәтбекұлы. Қарпық Шаманың басқа да әндері бол­ғанын және сол әндердің бірі еді деп:

Өлеңім ағайынды, абысынды,

Қамшымның торғай ұрып,

сабы сынды.

Пәленше пәлен жерде бар десе де,

Біреуге жібермеймін намысымды.

Қисық ағаш жатпайды тез қасында

Бар болса түзетейін шалысыңды,

Баласы қырғын көктің ойдық желке,

Көзіңе көрсетейін шабысымды, – дейтін құштарлық сезімге толы қуатты өлең жолдарын айтқан. Осы әннің (әрине, аты белгісіз ән) бүкіл рухынан:

«Уай, әнменен екі өкпеңді қамқы­тайын», дейтін Үкілі Ыбырай сынды ірі әншілердің табиғатына ұқсас зор құ­дірет, аруақ сезілгендей әсер етеді. Сәулесі, ұшқыны жарқ-жұрқ еткен, өте әшекейлі сөз кестесі де оның «бұйығы» жан түкпірінде булыққан ақындық та­лантының сұлу әлемін танытқандай.

Енді Бозтай Жақыпбайұлының ма­қаласынан үзінді келтірелік: «... Бұрын­ғы Ақмола облысына қарасты Ереймен тауын мекендеген Қанжығалы елінің ішінде Жетіру Шама деген атақты әнші болған. Шама шығарған атақты ән – «Жетіру Шама», «Ақ қайың» және бұдан да басқа әндері болса керек».

Шама Нұрұлы XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX-сыншы ғасырдың бас кезінде өмір сүрген. Басқа әншілер сияқ­ты ел кезіп, ән салып, салдық құрмаған, өз елінің ішінен ұзап шықпаған.

Әнге «Жетіру Шама» деп ат қойы­луының себебі, Жетіру – Ереймен тауын қыстайтын Қанжығалы елінің бір табы. Шама сол Жетірудан шыққан. «Жетіру Шаманы»  алғаш халық арасына таратқан – атақты әнші Жарылғапберді,  одан кейінгі  әнші – Қали Байжанов.

...Қали Байжановтың айтуына қара­ғанда, «Жетіру Шаманы» Жарылғап­бер­ді Шамадан үйренеді де, Қали Жа­рыл­ғапбердіден үйреніпті...

Сайып  келгенде, есімі әнге айналып,  ол әні халық әні боп кеткен Шама Нұрұлы жөнінде  Манарбек, Бозтай  пікірі бір жерде  түйісті: «Шама» әнінің иесі – Шама Нұр­ұлы екен!

Шаманың от-жалынды сырлы көкіре­гінен  қайнап шыққан:

Күн батар кешке жақын

таудан асып,

Шапақтап қызыл айдың нұрын

                                                  шашып,              Бақшамның қараңғысы болған шақта

Аһ ұрып табысады өңшең ғашық.

Боз үйден таң алдында күйеу шығар,

Артынан  қалар жары бетін басып.

Келгенше енді айналып кім бар,

кім жоқ

Қалқатай, тіліңді әкел,

аузыңды ашып.

Ай жарық  терезенің дәл түбінде,

Төсекте сүмбіл шашың  салбырасын.

Айбатпен биге кірген  жанаралдай

Шашыңа таққан шолпың

сылдырласын.

Жаңа ұшқан ұясынан бала қаздай, –  деген шумақтар (әрине, толық емес, кей жері дәл емес)  Жарылғапберді,  Қали, Мұрат арқылы  жан біткенді  ләззатқа бөлеу­мен келеді.  Бүгінде «Шаманың» әні Қай­рат Байбосыновтың  кең тынысты, әулетті үнімен әлем сахнасында шалқи бастады.

Әйгілі зерттеуші Александр Викторо­вич Затаевич  1931 жылы Ал­матыда жарық көр­ген «Қазақ халқы­ның 500  күйі» жинағында «Шама – ер кісінің  есімі»  деп көр­сетілген. Енді біз тарих көлеңкесінде қалған  сол «ер кісінің»  есімі – Шама Нұр­ұлы дейміз. Олай деуге әлгіндей негіз де  бар.

 

Ілия Жақанов