Тарих • 28 Шілде, 2021

«Көгілдір экранның» жұлдызды жұбы

842 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Өткен ғасырдың 1960-1990 жылдары отандық көгілдір экранның сүйіктісі мен сымбатына, көріктісі мен сырласына, күн сайын әрбір отбасының төрге шығар қадірменді сыйласына айналған жандар – Ләскер Сейітов пен Мәриям Айымбетова болатын. Диктор. Елуінші жылдары бұл атау таңсық әрі биік мансап болатын. «Қайырлы кеш, құрметті теледидар көрермендері!» деп басталатын құлаққа жағымды, көңілге қонымды үн сені телеэкран алдына жіпсіз байлайтын. Сол шақтағы «көгілдір экранның» көркі мен сұлулықтың періштесіндей, бет-әлпетіне көзің түскенде жанарың тоқтай қалатын хордың қызы мен жігіттеріндей ағаларымыз бен апаларымыз Қазақ телевизиясындағы «сұлулықтың символындай» болып күні бүгінге дейін көз алдымызда тұр.

«Көгілдір экранның» жұлдызды жұбы

Өткен ғасырдың екінші ширегінде көгілдір экран көркіне айналған Мәриям Айымбетова Ақтөбе облысының Ембі (бүгінгі Мұғалжар) ауданында туып-өсті. Атасы Жездібай ақсақал өңірге бел­гілі әрі сыйлы, көзі ашық, оқыған молда болатын. Атасы 1932 жылғы аласапыран кезеңде «халық жауы» ретінде атылып, кейін ақталды. Мәриям апай жүрек қалауымен Ақтөбедегі мединс­титутта оқып жүрген 1960 жылдың кү­зінде өңірде телевизия бой көтерді. Облыстық телестудия басшылығы көр­кем келісті келбетіне сазды, қоңыр үні сай Мәриямды дикторлыққа шақырады. Сол шақтан басталған күн сайынғы эфирдегі арпалыс пен жауапкершілік жүгіне 34 жыл бойына сызат түсірмеген асыл апамыз, кейінгі жиырма сегіз жылын Қазақ телевизиясының күнделікті жаңалықтары мен алуан саладағы хабарларын миллиондаған аудиторияға өрнекті тіл, әуезді мақам, сазды үнмен жеткізіп отырды. Ғұмырының үштен бірін сүйікті кәсібіне арнаған жан жары, елімізге танымал диктор Ләскер Сейітов екеуінің телеэкрандағы дикторлық еңбек жолдары 65 жыл екен. Бір шаңырақтан шыққан екі бірдей танымал, елге сыйлы ардагер дикторлардың өткен өмір жолдары да бұралаңы мен бұлтарыстары мол шаққа толы болды.

Ләскер Қалиұлы Баянауылда туып білім алды. Баянауыл топырағы хал­қы­мызға Қаныш Сәтпаев, Әлкей Мар­ғұлан сынды тарлан таланттарды, ака­демиктерді сыйлаған өлке ғой. Әкесі Қали Мұқамбайұлы діндар, өте таза, текті, оқыған, көзі ашық адам болатын. Анасы Кәм «сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» дегендей, жү­зінен ылғи да мейірім шуағы төгіліп тұратын, мейірбанды жан еді. Баянауыл өлкесінің серкесі атанған жас жігіт Қарағанды пединститутының филология факультетін бітіріп, облыстық радиоға дикторлыққа шақыртылады. Ол шақта облыстағы жас дикторларды жыл сайын Алматыға білімдерін шың­дауға семинарлар мен курстарға ша­қырып, жаңалықтар мен хабарларды жүр­гізудің қыры мен сырына үйрететін. Дикторлар тобының жетекшісі Ләзиза Аймаше­ва: «Ол кезеңдерде жыл сайын облыс дикторлары астанаға келіп бір айлық мамандықтарын жетілдіру курстарынан өтетін. Орталық теледидардың дикторлар тобының жетекшісі болғандықтан, болашағынан үміт күттіретін мамандарды алып қалуға мүмкіндігім болды. 1962 жылы Л.Сейітов Қарағандыдан, ал М.Айымбетова Ақтөбеден 1 айлық курсқа келді. Маған олардың эфирдегі өздерін ұстауы мен сөйлеу мәнері, сырт келбеті ұнады. Экранға Ләскер шыға бастағаннан-ақ жас қыздардан телефон шылдыры мен хаттар легі көбейді. Енді жас бала бір нәрсеге ұрынып қалмаса игі еді дегенді жиі ойладым. Содан бір күні Ләскер мен Мәриямды эфирге бірге қойдым, байқаймын бір-біріне жарасымды. Не керек, Ләскерге қызбен ашық сөйлес деп кеңес бердім», дейді өткенді емірене еске алып.

Өнердегі жол болашақта ұзақ әрі мағыналы өмір жолына ұласқан екі жас сол кездесулерде-ақ іштей болса да бір-біріне деген риясыз көзқарастарын жүрек лүпілімен ұғынысты. Міне, содан басталған «махаббат дастаны» бірі Алматы, бірі Ақтөбедегі екі жасты Ләйлі мен Мәжнүндей ғашықтық отына орады да қойды. Үйленіп үй болайын десе қол қысқа. Ләскер аға жалғыздың күйін кешіп жүріп жатады. Бұл ұзаққа созылар ма еді, әлде тағдыр маңдайдағы жазуды басқаша жазар ма еді, кім білсін, екі жастың бақытына Л.Аймашева мен оның отағасы, телерадиокомитет төрағасы, абзал азамат Кенжеболат Шалабаев кездеспегенде. Ләзиза апай екі жастың араларындағы «жүрек толқынысын» сезсе де, мұны ұзақ уақыт Кенжекеңе айтуға бата алмайды. Дегенмен ыңғайы келген бір сәтте Ләскердің көңіл күйін жолдасына жеткізеді.

«Кенжекеңнің маған ыстық ықыла­сы­мен жасаған жақсылығын айтпасам, арыма сын. Бойдақ кезім болатын. Үйле­ніп, үй болайық десек, қолымыз қысқа. Уақыт болса өтіп барады. Бір күні төраға кабинетіне шақырып, мәселені төтесінен қойды.

– Сен осылай сұр бой­дақ болып жүре бересің бе?

– Үйленуге жағдайым жоқ, – дедім.

– Қызың бар ма?

– Бар.

– Қайда.

– Ақтөбеде диктор.

Телефон трубкасын көтеріп, Ақтө­бе­нің облыстық телерадиокомитетінің төрағасы Михаил Козин мырзаға «Дик­тор Л.Сейітов Ақ­тө­беге барады, өзіңде жұмыс жасайтын М.Айымбетованы қа­сына қосып, Ал­матыға жібересің».

– Ал, бала жолға да­йындал. Той қа­мына алаңдама.

Алдында Мәрияммен телефон ар­қы­лы сөйлесіп тұратынбыз. Ол кезеңде байланыстың қиындау шағы. Телефон ша­лып, баратынымды, даяр отыруы ке­рек екендігін түсіндірген болдым. Дауыс­тың бірі естілсе, бірі естілмейді. Содан бара сала, «мен сені алып кетуге кел­дім, даярсың ба», демесім бар ма?! Кенже­кең уәдесінде тұрып, ұжымды жұмылды­рып, естен кетпестей етіп комсомолдық ­той жасап берді». Телерадиокомитет ­Мәс­кеуге саяхаттап қайтуға екеуіне жол­дама да береді. Бұл 1966 жылы болатын. Міне, асыл ағаның жас отауға жа­са­ған осындай жақсылығын адам қалай ұмы­тар. Ал сол кезде-ақ көпті көрген Ләзиза апайдың жастарға ақыл-кеңесі мен тәлім-тәрбиесі, көрсеткен көмегі естен шығар ма?! Әсіресе тұңғыштары Мейіргүл өмір­ге келгенде перзентханадан үстіндегі тонына орап алып шыққан да Ләзиза апай болатын. Кенжекең де, Ләзиза апай да бүгінде қайтпас сапарға бірі ерте, енді бірі кеш аттанды.

Қазақ телевизиясы алғашқы жылдары техникалық әрі шығармашылық кадр­лар құрамы жағынан көп қиындықтар­ға кезікті. Техника тапшы әрі кәсіби ма­­манданған режиссер де, оператор да жоқ­­қа тән. «Ол кезде бейнежазу деген жоқ, эфирге тікелей шығамыз. Осындай сәт­­терде көп қиналатынбыз. Эфирде дик­тор­лардың іркілмей, сөз бен сөйлем әде­бін бұзбай сөйлеуі, сырт келбеттің жарасымды болуы, экран алдында орнықты отыру әліппесін үйреткен режиссер, тех­­ник, гримдеуші-модельер Сәлима Ес­темесова болатын. Режиссер күн сайын дик­торлармен оқу жаттығу сабақтарын өткізеді. Мерзімі 20 күннен 1 айға не одан да ұзақ мерзімге созылатын. Ол кезеңде талаптың қатаң, бақылаудың жүйелі болғаны айқын. Себебі, эфирдегі хабарларды жүргізу бастан-аяқ дикторларға жүктелетін», деп, сол өткен күндерін Мәриям апай қимастықпен еске алады.

Ол кезде тәжірибелі телевизия қыз­меткерлері аз болды. Театр, киносту­диядан келетін режиссерлер, газет-журнал редакторлары, шығармашылыққа қатысы бар жастар үлкеннен де, кішіден де үйренді. Алпысыншы жылдары Мәс­кеу мен Ленинградтың білім жетілдіру ­курстарында жылына екі реттен дикторлар семинарлары өтетін. Оған бүкіл Одақтың жүргізуші-дикторлары жиналатын. Көп нәрсеге үйренесің. Жетек­ші мамандар сөйлеу, актерлік шеберлік техникасына баулиды. Режиссер Ләйлә Ғалымжанова, журналист Қадыр Да­уытов, редактор Совет Масғұтов қандай ғажап редактор еді! Екі-үш сөздің орнын ауыстырса бүкіл сөйлем құлпырып кетеді. Алматыға Мәскеуден атақты диктор Юрий Левитанның өзі келді! Теле­экранның алғашқы дикторлары, бүгінде ғасыр жасынан асқан Зұлқия Жұматова, марқұмдар Нэлли Омарова, атақты радио дикторы Әнуарбек Байжанбаев мектебі дикторларға негіз қалады. Міне, алғашқы елең-алаңда Мәриям мен Ләскер де солардан үйренді, оларға еліктеді.

Ән-аға, жарықтық, Әнуарбек Бай­­жан­баев радиодан хабар оқығанда кеу­дең­де­гі жүрегің тулап, қос өкпең алқымыңа ты­ғылып, ерекше бір тебіреніс күй кеше­тінсің. Ресми не алуан саладағы хабарларды оқығанда республика емес, Одақ көлемінде дикторлар арасынан ол кісінің алдына түсетін адам кемде-кем еді. Жа­рат­қан ием өзіне тыңдарман құлағына жағымды қоңыр дауысты, сыбызғының үніндей сазды үнді, мәнер мен тыңдарман жүрегіңе жол табар машықтықты аямай қондыра салған.

Дикторлық өнердің өз құпиясы, оның күрделілігінде. Аз уақытты үнемдеп, әр­бір сөзді қас-қағым сәтте жүйелі түр­де жеткізу, күнделікті сан-салалы оқиға­лар­мен көрерменді таныстыру асқан ше­берлікті әрі тыңғылықты даярлықты та­лап етеді. Осы жайлы былайша ой тол­ғайды тәлімгер диктор Мәриям Айым­бетова былайша ой толғайды: «Бізге қо­лай­лылығы сол – бір хабарды басынан-со­ңына дейін жүргіземіз. Хабардың алуан жанрда болуы – диктордың шеберлігін шыңдап, диапазонын кеңейтіп, амплуасын тереңдетеді. Бір ауыз сөздің өзімен көп нәрсені аңғартуға болады. Әрине, сөй­леу де көбіне-көп оқып отырған мә­тінге де байланысты. Диктор әрбір сөз­дің мәнін сезімталдықпен, жүрек түк­­пірінен шығарып, өз сөзіндей етіп жет­кізсе ғана өз көрермендеріне жетері хақ».

Мәриям Айымбетова Ақтөбе телевизиясында істеген 5-6 жылдың көлемінде оған еліктеген, мен сондай болсам деген арман мен қиял жетегінде жүрген жандар аз болмады. Әсемдік пен сұлулық астасып, оған тіл байлығы жарасқан жанның бойындағы қызға тән қылық, биязылық пен жүзінен үнемі төгіліп тұратын нұр, сұлу келбет кім-кімді болса өзіңе іштей де болсын ғашық ететін. Мәриям апайына ұқсасам деген арман мектеп жасынан жүрегіне ұялаған, кейін өзі де ұзақ жылдар эфирдің сүйіктісіне айналған диктор Бақыт Жаңғалиева: «Теледидары бар үйде Мәриям апайға еліктемеген, оған ұқсауға тырыспаған жастар аз шығар. Өзім үйде сабынға шырпыны орнатып, оны айналдырып отырып «Сөйлеп тұрған Москва. Москва уақыты таңғы сағат 7» деп оны түрлі интонацияда қайталайтынмын. 1965 жылы мәдени ағарту саласынан білім алдым. Ол кезде диктор Мәриям апай болатын. Қыздар бәріміз апайдың сөйлеу мәдениеті мен шашына дейін еліктеп, соған ұқсауға тырысатынбыз. Апай 1966 жылы Алматыға ауысты да, орнына мен келдім», дейді ағынан жарылып.

Сонау артта қол бұлғап қалған жастық шақ, есейген кезінде екінші үйіңдей болған Қазақ телевизиясы осында істеген кім-кімге де қашанда ыстық. Біз шыққан биіктен, алған асудан бүгінгі ізбасарла­ры асып түссе, одан да биікке көз салса дейді. Іздегенін таба алмаса қашаннан да беймаза Ләскер аға телефон шалып: «Құдайберген байқадың ба, кешегі дик­торлық мамандықтың орнын басқан бү­гінгі жүргізушілер эфирден қалай бол­са, солай сөйлеп, ортаны, қоғамды, өске­лең ұрпақтың тіл мәдениетін бұзып жатыр. Олар эфирдегі жүргізушілерге қарап бойларын ғана емес, ойларын да түзейтіндерін білмей ме, әлде соған өре­лері жетпей ме?! Осылар мектепте, ЖОО-да тіл заңдылықтары ережелерін оқымаған ба?» деп қынжылысын білдірді.

Өзім Қазақ теледидарында істеген сек­сенінші жылдардың бірінде Мәриям апайға «Эфирге шыққанда қандай сезім­де боласыз?», дегенімде: «Дикторлар­дың эфирге шығуы біз үшін – бүкіл халқы­мыздың салт-дәстүрі, мәдениеті, мінез-құлқының айнасы іспетті сияқты. Сон­дықтан да киім кию, шаш қою, камера алдыңда өзіңді ұстаудың мәні ерекше. Дауыс ырғағы, көңіл күй, артикуляция, дикция дегендердің бәріне сақадай сай болуың керек. Әрбір күнгі хабар мен үшін толғаныс, ерекше көңіл-күймен әсерлі, дауысың ашық та сазды болуы қажет. Эфир алдында үлкен сынға түсе­тіндей үнемі толқимын. Хабарды өткіз­ген соң ғана көңілім бір сәтке жай та­ба­ды», дегені есімде. Диктор қай кезде де телевидение хабарларының бас дирижеріндей. Әрі әр хабардағы мақсат-мазмұнына сай көрермен жүрегіңе жол тапса дейсің. Бұл да диктор өресінің кеңдігіне, ой тереңдігіне байланысты. Әрбір сөз арқылы айтпақ болған ой-пікірді мейлінше дәл жеткізудің әдіс-тәсілі көрермендердің талап-талғамын орындау болып табылады.

 «Aqtobe» телеарнасының ұжымы 60 жылдық мерейтойы қарсаңында Қазақ КСР еңбек сіңірген әртісі Ләскер Сейітовпен кездесті. Ләскер Сейітов теле­арна ұжымымен кездеспес бұрын гример бөлмесінен бір-ақ шықты. Жасы сексеннен асса да, әлі тың, өзін барынша ширақ ұстайтын ардагер диктор тотыда­йын таранып, сұңқардайын сыланбаса да, айнаға қарап, шашын тарап, бетін әрлетіп барып кездесуге келді: «1962 жылдың 12 қазанында Қазақ телевизиясының есігін аштым. Содан бастап бар өмірім теледидарда өтті. Ол кезде жасым небәрі 22-де еді. Конкурстан өтіп, 1994 жылға дейін телевизия саласында диктор болдым. Жалпы отыз төрт жыл дикторлық қызмет атқарыппын. Кеңес үкіметі құлап, заман өзгерді, басқа қоғам орнай бастаған ауыр кезеңдерде түбегейлі радиоға ауыстым. Диктор, жүргізуші, комментатор, аға редактор, бас редакторлық қызметтерді атқарып, 2002 жылы зейнет демалысына шықтым».

1960-1990 жылдардың айшықты тұл­ға­­лары, қазақ телевизиясының қарлы­ғаш­тары, Қазақстан Республикасының ең­бек сіңірген әртістері Ләскер Сейітов пен Мәриям Айымбетова – көрермен жү­регінде, ел мақтаныштары. Өйткені олар­­дың сол кезеңдердегі телевизиядағы сым­баты мен қоңыр үні бүтін бір қазақ ба­ла­сының қызығушылығын туғызып, үлгі алуға үндеді. Бүгінде бірі сексеннің бел ор­тасына таяса, енді бірі сеңгірлі сексен­ге аяқ басқан, телевизия табыстырған ер­лі-за­йыпты дикторлар Ләскер Сейітов пен Мә­риям Айымбетова – қазақ теле­визия­сының тарихынан ойып орын алған тұлғалар.

 

Құдайберген ТҰРСЫН,

филология ғылымдарының докторы, профессор