14 Қаңтар, 2014

Ақ жолдан таймаған

393 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әр отбасында ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын дәстүр болатыны белгілі. «Ат тұяғын тай басар» дегендей, балалары да ата-аналарының жолын қуып, кәсіптерін жалғастырады. Сол себепті мен де болашақ мамандық таңдауда көп ойланған жоқпын.

Әр отбасында ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын дәстүр болатыны белгілі. «Ат тұяғын тай басар» дегендей, балалары да ата-аналарының жолын қуып, кәсіптерін жалғастырады. Сол себепті мен де болашақ мамандық таңдауда көп ойланған жоқпын.  Мектеп бітірген соң заң факультетіне түсіп, болашақта прокурор болуды шештім. Қазір Шығыс Қазақстан облыстық прокуратурасында қызмет етемін.  Менің атам – Барьян Тұрсынов 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі, бүкіл саналы ғұмырын әділеттің ақ жолына арнаған, содан таймаған прокурор еді. Ол өткен жылы 90 жасқа толды.

Барьян Тұрсынов 1923 жылы Семей облысындағы Жарма ауданының Малай ауылында дүниеге келді. Балалық шағы Шар қаласында өтті. Осындағы мектепте оқыды. Соғыс басталғанда өз еркімен майданға аттанды. Жас жігіт Солтүстік-Батыс майданда жаумен шайқасып Берлинге дейін жетіп, Жеңісті сонда қарсы алды.

Ерлігі үшін барлаушы Барьян Тұрсынов көптеген орден, медальдармен марапатталды. Ол тек 1947 жылы туған елге аман-есен оралып, Алматы заң инс­титутына оқуға түсті, оны 1951 жылы үздік бітірді. Арнайы жолдамамен Семей облысының прокуратурасына тергеуші болып қыз­метке орналасты. Мұнда тия­нақ­тылығымен әрі іскерлігімен көзге түсіп алғысқа бөленді. 1953 жылдан 1962 жылға дейін Семей облыстық партия комитетінде нұсқаушы, бөлім меңгерушісі болды. Содан кейін 15 жыл бойы Жамбыл облысының прокуратурасына басшылық етті. Ал 1977 жылы Талдықорған облысының прокуроры болып тағайындалып, мұнда 11 жылға жуық қызмет атқарды. Сөйтіп, осы жерден зейнет демалысына шықты.

Еселі еңбегі үшін Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген заңге­рі атағын алып, «Құрмет Белгісі», «Халықтар достығы» ордендерімен, бірнеше медальмен және Жоғарғы Кеңес­тің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Қоғамдық өмірден қол үзбей Жамбыл облысының соғыс және еңбек ардагерлері кеңесін басқарды. Қазақ КСР-нің бұрынғы прокуроры Ө.Сейітов «Өмір өткел­дерінде» атты кіта­бында оны жоға­ры білікті заңгер, жақсы дос деп атап өткен.

Сондай-ақ, Маңғыстау облы­сы­ның бұрынғы прокуроры Р.Ғұ­байдуллин де өзінің «Әділет жо­лы» кітабында Б.Тұрсыновты ұйым­дастырушылық қабілеті мол, өз кәсібінің нағыз маманы деп көрсеткен.

Барьян Тұрысынұлы көптеген шәкірт тәрбиеледі. Олар тәлімгер­лерінің есімін әлі күнге үлкен мақ­танышпен еске алады.

Жамбыл облысы прокуратурасында Барьян Тұрсыновтың мұра­жайы құрылған. Тараз қаласында оның атында бір көше бар. Ол заңдылық пен құқықтық тәртіптің нығаюына ерен еңбек сіңіріп, өзі қызмет еткен аймақтардың әлеу­меттік-экономикалық, мәдени өр­кен­деуіне белсене араласты.

Бар ғұмырын әділеттің ақ жолына арнаған атам, міне осындай ерекше адам.

Иә, абзал тұлғаның жарқын бейнесі оны білетіндердің жадында әрдайым сақтала бермек.

Айдос ТҰРСЫНОВ,

Шығыс Қазақстан облыстық прокуратурасының

аға прокуроры.

Соңғы жаңалықтар