Оңтүстік Корея президенті әкімшілігінің мәліметінше, екі елдің басшылары сенімді қалпына келтіруге және қарым-қатынасты жақсартуға келіскен. Хабарламада сондай-ақ олардың сәуір айынан бері бірнеше хат алмасқаны айтылған.
Екі ел арасындағы сәтсіз саммиттен кейін қарым-қатынас нашарлап, Солтүстік Корея 2020 жылдың маусымында сенім телефонын өшірген-ді. Көп ұзамай Солтүстік Корея байланысты жақсарту үшін салынған ортадағы шекара кеңсесін жарып жіберген.
«Ел басшылары арасындағы келісімге сәйкес Солтүстік пен Оңтүстік Корея 27 шілдеде сағат 10:00-ден бастап, корейаралық байланыс желілерінің жұмысын қалпына келтіру бойынша шаралар қабылдады», делінген хабарламада.
Оңтүстік Кореяның Біріктіру министрлігінің мәліметінше, екі тараптың өкілдері үш минут бойы телефонмен сөйлескен. Министрлік тағы бір қоңырау сейсенбі күні түстен кейін және күн сайын болатынын жеткізді.
Екі ел арасындағы байланыс 2018 жылы Оңтүстік Корея президенті Мун Чжэ Ин мен Солтүстік Корея көшбасшысы Ким Чен Ын үш рет кездескен кезде жақсара түскен. Кейіннен Ким Чен Ын мен сол кездегі АҚШ президенті Дональд Трамп арасындағы екінші саммит сәтсіз өткеннен кейін арадағы байланыс бұзыла бастаған. Оңтүстікте шекара арқылы үгіт-насихат таратқан топтар анықталғаннан кейін қарым-қатынас тіпті ушыға түскен. Соның салдарынан Солтүстік Корея барлық әскери және саяси байланыс арналарын, соның ішінде ел басшылары арасындағы сенім телефонын өшіріп тастаған болатын.