Әлем • 29 Шілде, 2021

Жасанды жүрек салынды

408 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Еуропада дәрігерлер Италияның Неаполь қаласындағы науқасқа алғаш рет толығымен жасанды жүрек салды.

Жасанды жүрек салынды

Француздық Carmat компаниясы жасаған биопротез жүрек осыған дейін АҚШ-тағы клиникалық зерттеулерде салынған. Ал бұл жолы өнім алғаш рет сатылып, қолданысқа енді.

2020 жылдың желтоқсанында Carmat құрылғыны жүрек жетіспеушілігінің соңғы кезеңіндегі науқастарға жүрек трансплантациясының көпірі ретінде сатуға ЕО-дан рұқсат алған. Құрылғы биологиялық және синтетикалық материалдардан жасалған. Неаполь ауруханасының жүрек хирургиясы бөлімінің директоры Мариса Де Феоның айтуынша, Carmat компаниясының жаңа жасанды жүрегі осыған дейін орнатылған SynCardia Systems моделінен жақсырақ.

«Осы уақытқа дейін біз SynCardia-ның өнімін қолдандық, ол – ішінде төрт механикалық клапаны бар толық механикалық жасанды жүрек, ал Carmat ұсынған өнімде төрт биологиялық клапан бар», деді дәрігер. Маман оларды басқару әлдеқайда жеңіл екенін айтады. «Біріншіден, ол қатты дауыс шығармайды. Өзге құрылғылардың шулы болуы үлкен кемшілігі еді. Оның биологиялық клапандары декоагуляцияны қажет етпейді, бұл өз кезегінде тромбоз мен қан кету қаупін төмендетеді», деп атап өтті Мариса Де Фео.

Болашақта бионикалық жүректер пайда бола ма деген сұраққа италиялық маман алдағы жылдары инновацияны дамытып, имплантация саласында үздіктердің бірі боламыз деген сенім білдірді.