Алайда кейде көңілімізге кірбің түсіретін келеңсіздіктер де көзімізге шалынып қалып жатады. Мәселен, 2019 жылдың 20 желтоқсанында Атырау қаласындағы құрылыс алаңында орнатылып жатқан 91 метрлік тутұғыр құлаған болатын. Осыған орай, облыс прокуратурасы тұрғындардың өмірі мен денсаулығына төнген қауіпті ескеріп, алдағы уақытта қайғылы жағдайға жол бермеу мақсатында аталған объектіде заңдылықтың сақталуын тексерген. Нәтижесінде, мердігер ұйымның жобалау-сметалық құжаттама талаптарын орындамай, авторлық қадағалаудың келісімі жоқтығына қарамастан, бөлінген 203 млн теңгеден құны 3 есе төмен тутұғыр орнатқаны әшкереленген. Ал облыстық құрылыс басқармасы өз кезегінде қолданыстағы заңнаманы бұза отырып, тутұғырды ауыстыруға өз бетінше келісім берген.
Сөйтіп, мердігердің және жергілікті атқарушы органдардың заңсыз әрекеттерінен туындаған апаттық жағдай адамдардың өмірі мен денсаулықтарына қауіп әкелген. Прокуратура әшкереленген аса ірі көлемде жымқыру фактісі бойынша құжаттарды сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізу үшін Экономикалық тергеу департаментіне жолдаған. Тек оның немен аяқталғаны жұртшылыққа әлі күнге дейін белгісіз болып отыр.
Ақыры былтырғы желтоқсанда Атырауда биіктігі 91 метрлік тутұғыр орнатылды. Салтанатты рәсімге облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов қатысып: «Бүгін міне, қаламызға әр беретін айшықты нысандар қатары айбынды тутұғыр алаңымен толықты. Көк байрағымыз көкпен ұштасты. Өз дәуірінде даңқты бабаларымыз бөрілі байрақ ұстап, бағаналы орда құрған. Сондықтан Ту біз үшін – қанымызда қайнаған намыс, рухты көтеретін құдірет. Атамекеніміздің төріне алып Ту тігу – біз үшін асқан абырой, зор мәртебе. Қаламыздың көркін ашқан байрағымыз өңіріміздің айбынын асқақтата түсеріне сенемін», деп жалынды сөз сөйлеген.
Дегенмен тутұғыр «мұнайлы астанамызға» әр беріп тұрғанымен, көк байрағымыз көкпен ұштасып, көңілімізді көтеріп жарытпай тұр. Бой көтергеніне бір жыл болмай жатып, тутұғырдың басында Мемлекеттік Туымыздың құдайдың құтты күні ілініп тұрғанын көрмейміз. Жауапты шенеуніктер бір іліп, бір түсіріп, білгендерін істеп жатыр. Тіпті арасында теріс іліп жіберген кезі де болды. Биылғы мамырдың 30-ы күні сағат 19.00 шамасында Туды көтеру кезінде қате пайда болды. Ол 10 метр биіктікте байқалған соң Ту түсіріліп, қайтадан орналастырылды. Бұл бірнеше минутты алды.
Қазіргі жарқыраған жаз айында да Мемлекеттік Туымыздың күнде желбіреп тұрғанын көре алмай жүрміз. Айдың-күннің аманында көк байрағымыз неге түсіріле береді деген сауал атыраулықтардың көкейінде жүр.
Ал Атырау облыстық құрылыс басқармасының хабарлауынша, жел секундына 7-8 метрге дейін көтерілген жағдайда және қатты жаңбыр мен қар жауған кезде Ту міндетті түрде түсіріледі. Екінші себебі – тутұғырдың өзі қатты жел тұрғанда қозғалып, деформацияға ұшырайды екен. Мұның өзі оның пайдалану мерзімінен бұрын істен шығуына әкелуі мүмкін болып шықты.
Кез келген нысан тұрғызылар алдын оның сейсмикалық, географиялық, климаттық ерекшеліктері ескерілуге тиіс. Бірақ Атыраудағы Тудың жиі түсірілетіндігін ескерсек, оның тұғыры тиісті талаптарға сай келмейтін сияқты. «Жергілікті жемқорлар ақшасын жеп қойған соң, ол қайдан оңсын?», деген пікір айтып жүрген ағайындардың аузына қақпақ қоярлықтай уәж айтылмай тұр.
Қазіргі сындарлы шақта Атыраудың климаттық жағдайына қарамастан, күн астында қыран қалықтаған көк аспан түстес байрағымыз әрдайым асқақтай желбіреп тұрса дейміз. Айтпақшы, Сарыарқаның салқын желі есудей-ақ есіп тұрған елордамыздағы биік тұғырға орнатылған алып Ту күнде көз қуантып тұрады дейді сондағы туыстар. Сонда бұл қалай болғаны?
Руслан ХАМЗА,
Мемлекеттік рәміздерді насихаттау жөніндегі ұлттық орталықтың атқарушы директоры, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
АТЫРАУ