Бүгінде сексеннің сеңгіріндегі полковник Ким Серікбаев
бала күнінде Бауыржандай батыр сардар болуды арман еткен-ді
Әр кездескен сайын жайдары күліп, жарқын сөйлесетін Ким ағаның адамды өзіне баурап тартып ала қоятын бір ғажабы бар. Алғаш Бауыржан Момышұлының 100 жылдығы қарсаңында сұхбат беруін өтініп телефон шалғанмын. Бірақ Ким Серікбайұлы қатты суық тиіп ауырып, ауруханаға түсіпті. Қанша қиылып қиналсам да тап осы арадағы шарасыздығымды мойындап, салым суға кеткендей отырып қалдым.
Арада бір сағат өтер-өтпесте Ким аға қоңырау шалды. Әскер адамына тән, бекінген бекем дауыс.
– Шырағым інішек, тұмаураттым деп бәлсініп сұхбат бермесек, Баукеңнің аруағынан ұят та! Сен пәленінші палатаға келе ғой. Шамам келгенше білгенімді айтайын.
Бүгінде сексеннің сеңгіріндегі полковник Ким Серікбаев
бала күнінде Бауыржандай батыр сардар болуды арман еткен-ді
Әр кездескен сайын жайдары күліп, жарқын сөйлесетін Ким ағаның адамды өзіне баурап тартып ала қоятын бір ғажабы бар. Алғаш Бауыржан Момышұлының 100 жылдығы қарсаңында сұхбат беруін өтініп телефон шалғанмын. Бірақ Ким Серікбайұлы қатты суық тиіп ауырып, ауруханаға түсіпті. Қанша қиылып қиналсам да тап осы арадағы шарасыздығымды мойындап, салым суға кеткендей отырып қалдым.
Арада бір сағат өтер-өтпесте Ким аға қоңырау шалды. Әскер адамына тән, бекінген бекем дауыс.
– Шырағым інішек, тұмаураттым деп бәлсініп сұхбат бермесек, Баукеңнің аруағынан ұят та! Сен пәленінші палатаға келе ғой. Шамам келгенше білгенімді айтайын.
Болмай қала жаздап болған сол жолғы сұхбат мақала «Қазақтың бас батыры Баукең хақында полковник Ким Серікбаевпен әңгіме» деген тақырыппен жарқырап газет бетіне шықты да. Ким ағаның сондағы қайсарлығына, күйбең тіршіліктен биік тұрған өршілдігіне, Баукеңнің аруағына соншалықты адалдығына іштей бір құрметім оянып еді.
Сол құрметім келесі кездесуімізде одан әрі беки түскен. Қазанның аяғына таман кешке бір жиында ұшырастық та, аға мені қайтарда «Саяхат» автобекетінің маңына жеткізіп салды. Рульде өзі. Қызық болғанда дейміз-ау, сонда қолының бір саусағы бүгін таңертең ғана машинаның есігі өздігінен сарт етіп жабылғанда қысылып қалып сүйегінен шарт сынып, шынашағының жарымы терісіне ілініп жалбырап қалған екен. Полковник Момышұлы айтқандай, полковник те «сүйек-еттен» жаралған адам ғой. Жандәрмен үйде Раиса жеңгейге бинтпен оратып, екінші қолымен қысып ұстап әскери госпитальға жетеді. Әйтеуір негізгі сүйегі аман екен, хирург дереу қиюын келтіріп гипске салып, енді қозғалмай бір апта жатасыз осында дейді. Бірақ дәл сол сәтте Ким Серікбайұлының бір апта тұрмақ, бір сағат та төсекке таңылуға мұршасы жоқ еді. Тура бір сағаттан кейін өзінің әскери ғылымдар саласындағы докторлық диссертациясын талқыға салатын Ресей мен Украинадан арнайы келген сарапшылармен кездесуі керек-тін. Осы бір сын сағатта қолы гипстегі жарақатты полковник ауырсынуды, алда болар асқынуды елең қылмай, атам қазақтың салтымен қайсар намысқа тырысып, маңызды талқыдан мүдірмей өтті. Осы бір әрекетте ер мінездің ерендігі, батырдың ақкөйлектігі жалаудай желбіреп тұрған жоқ па. Жай өмірдегі рух мықтылығы да осы шығар. Сөйтіп, ақжолтай ағамен екі көргендегі таныстығымыз осылай жалғасқан. Тағы бір айдан кейін, яғни 2010 жылдың 30 қарашасында Ким Серікбайұлы диссертациясын сәтті қорғап, әскери ғылымдар докторы атанған болатын.
Иә, әскер ғылымында мұндай дәрежеге жеткен қазақ санаулы. Ал алғашқы қадамдарға зер салсақ, оның оңай болмағанын байқаймыз. Ким Серікбайұлы соғыс алдында туған ұрпақтың өкілі. Осынау жойқын соғысқа тым құрыса бір кісісі, жақын-жуығы қатыспаған қазақ отбасы болмаған-ақ шығар. Еркек кіндіктіні айтпағанда, Ақтөбе облысы Хромтау ауданындағы Көптоғай ауылының бір өзінен 8 қыз кетіпті соғысқа. Соның үшеуі қаза табады. Сол қыршыннан қиылғандардың бірі Кимнің 1923 жылы дүниеге келген, баяғы Паша Ангелинаның бастамасымен тракторға отырып, одан екі айлық танкішілер курсынан өтіп майданға аттанған туған әпкесі Ақзипа Жанқылышбаева екен.
Кішкентай болса да Ақзипа әпкесінің қазасы жанына батты. Өзі құралыптас балалармен бірге соғысқа біз де барып, жаудан кек алсақ деп армандайтын. Күйеуі фин соғысынан оралмаған Ғалия деген жеңгесі сабақ берді. Күнде әуел бастан айтатыны соғыстың жайы. Әсіресе, соғыста ерлік жасаған батыр ағалар жайындағы әңгімелерді құмартып тыңдайды. Сонда ең бірінші естігендері – Баукеңнің есімі. Одан соң Баубек Бұлқышев, Төлеген Тоқтаров, Мәлік Ғабдуллиндерді естиді. Сол ағалардың ерлігімен рухтанып өседі. Қара қағаз алып жылаған шал-кемпір, әйелдердің қайғысын көргенде «Тезірек ер жетіп, елді енді біз қорғамасақ болмайды» деп ой түйіп, бел буатын.
Әлі есінде, 23 ақпандағы қызыләскер мерекесі алдында әр балаға жаттауға тақпақ үлестіріпті. Ғалия апайы Кимге «Кім болам?» деген жақсы тақпақты беріп, «Әкең келіп тыңдайды, жақсылап жатта» деп демеп қояды. Концертте тақпағын ерекше жігермен оқиды:
Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты
Қызыл әскер мен болам!
Бұдан соң да тоқтай алмай:
Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты
Қызыл әскер командир
Бауыржандай мен боламын! – деп әрі қарай өз жанынан қосып саңқылдайды. Осы өлеңді сол уақыттың өзінде 60-тың үстіне шыққан әкесі естіп, елжіреп көзіне жас алғанын көреді. Сөйткен әке мұның 12 жасында, шешесі екі жылдан кейін ауырып қайтыс болып, жетім қалады.
Жетімдер үйін паналап, Ақтөбедегі интернатта мектеп бітірген 1952 жылдарда Бауыржан аты тіпті дәуірлеп тұрды. Ерлігін іздеп жүріп оқыды, сондай болсам деп арман етті. Батырлығын, шыншылдығын, өрлігін, тура сөйлейтінін үлгі тұтты. Осындай ынта-құштарлықтың әсер-себебімен әскер қатарына кірді.
3 жыл Уфадағы әскери училище курсанты болған Ким Серікбаев Қиыр Шығыстағы Чукоткада взвод командирлігінен бастап, Украинада полктің штаб бастығына дейін өсті. Украинаның Славута деген қаласында көбірек қызмет етті. Сонда он жыл бойы, лейтенанттан майорға дейінгі аралықта әскери қызмет озаттары аллеясындағы құрмет тақтасынан портреті түскен жоқ. 3 мыңға жуық офицердің арасында жалғыз қазақ болғандықтан да намысқа тырысып, жылма-жыл үздік атануға ұмтылып бағатын.
Жасы 32-ден асқанда әскери академияға оқуға түсті. Күндізгі бөлімге 32-ге дейін ғана қабылдайды екен. Бұдан жасы сәл ғана асқан бірнеше жігіт өтініш жазып еді, орыстарды ғана күндізгі бөлімге ауыстырып, 300 адамның ішіндегі жалғыз қазақты өгейсітіп, сыртқы бөлімде қалдырып қойды. «Әй қазақ, енді мықты бол!» деп ойлады ішінен. Төрт жыл бойы сол мықтылықтан жазбаған. Академияны сырттай бітірген 220 тыңдаушының ішінен үздік оқыған 14-ін аспирантураға алды. Соның ішіндегі жалғыз қазақ тағы да Ким Серікбаев еді.
Бұл кезде әскери қызметі Мәскеуге ауысқан. Отбасымен уақытша екі бөлмелі пәтерде тұрып жатқан, енді төрт бөлмелісін аламын деп жүрген. Моңғолия мен Куба офицерлеріне тактикадан сабақ берді. Кандидаттық диссертациясын елдің алдымен жазып, тапсырып қойған. Академияда қалатынына сенімді-тін. Бірақ тағдыр және Қорғаныс министрі Гречконың бітірушілердің 60 пайызын әскери училищелерге жіберу туралы бұйрығы басқаша шешті. Сонымен бірге жан түкпіріндегі қазақи намысқа, қалыпқа сыймас бауыржандық мінезге салып дәу генералдармен пікір таластырып, айтысып қалуы да Фрунзе атындағы академияда сабақ беріп жүрген Ким Серікбаевтың Мәскеуден шеттетіліп, Алматыға, 70-ші бекеттегі Конев атындағы әскери училищеге тактика кафедрасының меңгерушісі болып келуін тездетіңкіреп жіберген сыңайлы. Өзін қазақтың: «Басқа жерде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол!» деген бір жақсы, қанатты сөзімен жұбатты. «Еліңе бар» деп отыр ғой. Онда да жетпей жатыр кадрлар. Барайын» деп шешті.
Сонымен, елге келді. Тактика кафедрасын басқарып үш жыл істеді. Бұл – соғыс әдісіне дайындайтын негізгі кафедра. Басқа барлық 10 кафедра осы тактика кафедрасы үшін жұмыс істейді. Жұмысты Мәскеуден келіп тексерді. Училище подполковник Ким Серікбаевтың басшылығымен әскери инспекциядан абыроймен өтті. Қолында баулыған курсанттарының бірсыпырасы генерал, полковник болды. Солардың ішінде үлкен лауазымға жеткен Әлібек Қасымов, Болат Жаңасаев, жақында ғана жыл әскериі атанған Мұрат Майкеев және басқаларын Ким аға орынды мақтан тұтады. Қазақстан бойынша өзі тәрбиелеген генералдар 20-ға жуық, ал ТМД елдері бойынша 40 шақты. Солардың бәрі қазір кездескенде тік тұрып ізет қылады.
Бір ұмытпас күні – 1974 жылдың 14 наурызында кандидаттық диссертациясын қорғаған. Сонда Фрунзе атындағы Әскери академия бастығы, армия генералы А.Радзиевский жанына келіп, «Бүгін алғаш рет қаһарман қазақ халқының өкілі әскери ғылым кандидаты атағын ойдағыдай қорғап шықты!» деп қуана құттықтап, әкелік мейірмен құшақтап еді. Димаш Ахметұлы Совмин төрағасы Бәйкен Әшімов пен Орталық Азия әскери округінің қолбасшысы Лященкоға арнайы тапсырып, Алматының жақсы ауданынан төрт бөлмелі үй бергізіп еді. Конев атындағы училище бастығы, аса шаруагер, нәті жақсы адам Вачикан Власов: «Мен жақында зейнетке кетем, орныма икемделе бер» деп үміттендіріп те қойған. Бір қазақ Одақтық әскери училище бастығы болып ақырып отырса, ұлтқа айбын, мерей еді ғой. Бірақ бұл жолы да «үйдегі көңілді базардағы нарық бұзды», жоғарыдан түскен қаулының негізінде елдегі жоғары партия мектептеріндегі әскери кафедралар қалпына келтірілді. Орталық Комитетте: «Сіз ұлт кадрісіз. Онан кейін сіз Армияның ғана солдаты емессіз, ең алдымен Партияның солдатысыз» деп сыпайы дүммен айтылған соң Ким Серікбайұлының Алматы жоғары партия мектебіне әскери кафедра бастығы болып бармауына болмай қалған. Уақыт солай еді. Партияның айтқаны заң болатын.
Қазір ойлап қараса, бұған да өкініші жоқ. 13 жыл жұмыс істеді. Басқаруындағы әскери кафедра 15 жыл бойы Одақта біріншілікті бермеді. Сол кезде ұстаздығына ұйыған не сан атпал азаматтар қазірде тәуелсіз еліміздің сала-сала қызметінде жүр.
Жұмысында мін жоқ еді. Бар міні бетке айтатын турашылдығы болатын. Әскери адам сөйтпегенде қайтеді. Бірақ ол турашылдық өзіне зиян болып тиетінін кейін ұқты. Әлі бес жыл әскер қатарында жүруге хақылы болса да 1988 жылы 54 жасында запасқа шықты. Бірақ жақсы кадр қайткенде де жерде қалмады. Екі күннен кейін оқу министрі Шайсұлтан Шаяхметов шақырып: «Камеке, еңбегіңізді білеміз. Сіз бұрын өнебойы высший школда істеп едіңіз, ал енді келісіп жатсаңыз «низший» школға жібергіміз келіп отыр», деп қуақы жымиған.
Тәртіп нашарлап, оқу деңгейі мүлдем төмендеп кеткен осы әскери мектепті Ким Серікбайұлы үш жылда шын мәніндегі жоғары дәрежеге жеткізді. Оқу-тәрбие ісін жандандырып, жаңартып, уақыт талабына сай қайта құрды. Мектепке халқымыздың қаһарманы Бауыржан Момышұлының атын бергізіп, алдына ел бойынша тұңғыш мүсін-ескерткішін қойғызды.
Тәуелсіздік жылдарында Ким Серікбайұлы толысқан теоретик әрі парасатты практик ретінде тұлғалана түсті. Ол тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағанбетовпен бірге Қазақстан Қарулы Күштерін құрудың бастауында тұрды, әскер саласының ертеңге нық қадам басуына көп еңбек сіңірді. Мемлекеттік қорғаныс комитеті төрағасының кеңесшісі және Президент пен Министрлер Кабинеті Аппараты Қорғаныс бөлімінің меңгерушісі бола жүріп еліміздің алғашқы Әскери доктринасын, жас мемлекеттің басқа да әскери заңдарын дайындау, оларды Жоғарғы Кеңеске ұсынып, қабылдаттыру міндеттерін өз мойнына алды. Сағадат ағасы да осындайда: «Практикалық жағын мен атқарайын, теориясымен сен айналыс» деп дем беріп қоятын. Бірге жүріп, бірге тұрып, Мәскеуге де барды. Көп материал жиылып, жарты жылда Доктрина да жазылып болып еді. «Қорғаныс және Қарулы Күштер» туралы деген алғашқы заң жобасын Ким Серікбайұлы Жоғарғы Кеңесте екі күн қорғаған-ды. Ал Әскери доктринаны Сағадат аға өзі қорғаған болатын. Бұл да бір өмірдің жарқын кезеңі.
Ким Серікбайұлы сегіз қырлы, бір сырлы тұлға. Әр қыры жеке әңгіме арнасы. Қазақтың жаңа замандағы әскери ілімінің көшбасшысы. Әскери реформалардың қамшыгері. Бауыржантануды бастаған баһадүр, Баукеңнің шырақшысы. Күні бүгінге дейін Қорғаныс ұлттық университетінде болашақ сардарларға сабақ беріп жүрген әскери ұстаз. Дәріс оқиды, семинарлар жүргізеді. Докторанттары мен магистранттары бар. Сонымен бірге, соңғы 7-8 жылда Алматының Медеу аудандық ардагерлер кеңесіне жетекшілік етіп, қарияларға қамқор болуға да уақыт табуда.
Тасжарған тамырдан алып бәйтерекке айналған Ким аға айтқандай, осынау жақсы істердің өмірі ұзақ болатынына біз де кәміл сенеміз.
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.