Қоғам • 29 Шілде, 2021

Жеңіл табыс – күмәнді мәміле

629 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Нарық заманының қыспағы ма, қазір жеңіл жолмен қомақты қаржыға кенелгісі келетіндер көбейді. Жанды қинамай, көл-көсір байлыққа ие болғысы келгендер күмәнді ұйымдар құрған қақпанға түсіп те жатыр. Бірақ тауы шағылып, беті қайтып жатқан адамдар көрінбейді. Біріншісінің тұзағынан шықса, екіншісіне ұрынып жатады. Тек былтырдың өзінде он мыңдаған адам қаржы пирамидасына алданып қалған. Уәкілетті органдар 2020 жылы жалған қаржы ұйымдарына қарсы 217 қылмыстық іс қозғап, оның 116-сын сотқа жөнелткен.

Жеңіл табыс –  күмәнді мәміле

Айла-шарғысына адам бойламайтын әккі қулар жанды қинамайтын жеңіл жолмен ақша табу үшін небір қитұрқы әрекеттерді ойлап табады. Бұрын қаржы пирамидасын тану, оның құрылу сызбасын анықтау жеңілірек еді. Ал қазір оңай жолмен олжа тапқысы келгендер айлакерлік жолын бүркемелеп, өздерін әшкерелемеудің небір тәсілдерін ойластырады. Мысалы, былтыр атышулы «Гарант 24» және «Estate Ломбард» ұйымдары қаржы пирамидасы екені әшкереленді. Естіген ел сенбеді. Талай жыл бойы ломбардпыз деп елдің ақшасын, дүние-мүлкін жинап келген ұйым айдың-күннің аманында аяқастынан қаржы пирамидасы болып шығуы шынымен де оқыс оқиға болған еді. Ақыры, ішкі істер органы олардың басшыларын бұлтартпас дәлелдермен ұстады. Полицейлер бірден 15 өңірлік директорды қамауға алды. Осы ЖШС-нің тағы үш директоры мен үш құрылтайшысына іздеу жария­ланды. Қылмыстық іс бойынша 48 адам күдікті деп танылды. Жалған ломбардтан 58 млн теңге тәркіленген. Тыйым салынған мүліктің жалпы сомасы – 1 млрд 700 млн теңге. Күдіктілер соңғы жылдары азаматтардан 1572 көлік, 40 пәтер, жер үй, учаске қабылдап үлгерген. Ал ломбард атын жамылып жұмыс істегендер мыңдаған адамды алдағаны белгілі болды.

Жақында Ақмола облысында тағы бір қаржы пирамидасы анықталды. LV Force атпен мәңгі жас болудың құпияларымен бөлісіп, жұртшылыққа адам ағзасын жасартатын бадтар мен небір бальзамдар ұсынып келген компания жеме-жемге келгенде пирамида болып шыққан. Олар Шымкент қаласы мен Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында бөлімшелерін ашып үлгеріпті.

Соңғы кезде криптовалютаның, ин­вес­тицияның есебінен мол табысқа ке­нелу­ді жарнамалайтын компаниялар көп­теп шығып жатқанын есті жұрт жақсы біледі. Солардың бірі – Finiko компания­сы да жалған компания болып шықты. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарлауынша, бұл компания Сyfron Sapital OÜ платформасында cryptocurrency құралын сатып алуды ұсынған. «СYFRON (CFR) – есептеулер жүргізілетін криптовалюта ресми валюта емес және оның қаржылық құндылығы жоқ. Осылайша, пайдаланушылар ақшаны нақты инвестициялық компанияға емес, оның жалған үлгісіне салады, делінген Агенттіктің fingramota.kz ресурсындағы мәліметте. Демек, мұндай инвестициялық құралдарды жарнамалайтын компанияларға да сақтықпен қараған артық етпейді.

Айтпақшы, былтыр белгілі продюсер Баян Алагөзова Astex.kz деген бір компанияны жат та кеп мақтап, жарнамалағаны жұртшылықтың есінде болар. Көпшілік компаниядан гөрі Баянның сөзіне көбірек сенсе керек. 200-ден аса адам барлығы екі миллиардтай ақшаны компанияға құйған. Кейін бұл мекеме де әшкереленіп, қаржы пирамидасы ретінде күдікке алынды.

«Дәніккеннен құныққан жаман» дейді қазақ. Ақшаға құнығып, алды-артын бағамдамаудың соңы сан соқтырады. Сондықтан әркім маңдай термен келген ақшаны бөгдеге берерде «жеті рет өлшеп, бір рет кескен» жөн.

Қаржы пирамидаларының айқын белгісі жұртшылыққа мәлім. Дегенмен де көп адам жалған мекемелердің жылы сөзі мен жарнамасына сеніп қалып жатады. Өйткені қазір «пирамиданың» сан түрі шыққан. Олардың қулығына құрық бойламайды. Әгәрәки жарнамасын асырып отырған компанияның заңды не заңсыз екенін білгіңіз келсе, мәмілесіне күмән келтірсеңіз, Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтындағы «Салық төлеушілерді іздеу» сервисіне кіріп, бір тексеріп алған артықтық етпейді.