Коронавирус • 29 Шілде, 2021

Ертеңін ойлаған екпе алады

313 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы Қоғамдық денсаулық сақтау Ұлттық орталығы жұқпалы аурулар профилактикасы департаментінің директоры Жұмабек Бекенов Батыс Қазақстан облысына келіп, еңбек ұжымдарының коронавирусқа қарсы вакцина жайлы сұрақтарына жауап берді деп хабарлайды Egemen.kz.

Ертеңін ойлаған екпе алады

Жұмабек Бекенов шілденің 29-ы күні Орал қаласындағы «ҚазАрмаПром» және «Зенит» зауыттарында болып, еңбек ұжымымен кездесті. Астаналық маман әлемді әбігерге салған коронавирустың одан әрі таралуын тоқтату үшін вакциналаудың маңызы зор екенін түсіндіріп, жұмысшылардың сауалдарына жауап берді.

Батыс Қазақстан облысы пандемиядан қатты зардап шеккен аймақтың бірі. Былтырдан бері осы дертпен 30642 адам ауырған, 518 адам өмірден өткен. Сондықтан вирустың алдын алатын екпе пайда болғанда, батысқазақстандықтардың басым көпшілігі вакцина алуға ниет білдірді. Соңғы мәліметке қарағанда өңірде 161063 адам коронавирусқа қарсы вакцина алып үлгерген. Соның ішінде 105588 адам екпенің толық компонентін қабылдаған.

Ертеңін ойлап, екпе алдырғандардың алдыңғы шебінде үлкен еңбек ұжымдары тұрғаны қуантады. Мәселен, білім саласында қызмет ететін педагог қызметкерлер 2021 жылдың наурыз айынан вакцина ала бастаған еді. Күні бүгін облыс бойынша білім саласындағы 35879 қызметкердің 25 182-і ковидқа қарсы екпе алып болған. Бұл 81,8 %-ды құрайды. Екпе алмаған 4061 адамның медициналық қарсы көрсетілімі болса, 1051 педагог ковидпен ауырып, екпе алуы кейінге қалдырылған екен. «10 тамызға дейін облыс педагогтары 100 пайыз екпе алады деп жоспарлап отырмыз» дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Светлана Темірғалиева.

Аймақтағы ірі кәсіпорын ұжымдары да бұл бағытта белсенділік танытып отыр. Кейбір өндіріс ошақтарында жұмысшылардың 90%-інен астамы вакцина алған.

Орал қаласындағы «Квант» жиһаз зауытында мыңға жуық адам жұмыс істейді. Өнімдерін еліміздің барлық аймағына және Ресей, Армения, Қытай, Түркия секілді шетелдерге шығаратын ұжымның шамамен 95 пайызы коронавирусқа қарсы екпе алған екен.

«Мен адамдарды жаппай вакциналау дұрыс деп ойлаймын. Өйткені қатерлі дертті қоғам болып жеңуіміз керек. Әрине, басында біздің ұжымда да жүрексінгендер болды. Бірақ медициналық қызметкерлер кәсіпорынға келіп, жұмысшылармен бірнеше кездесу өткізді. Осындай түсінік жұмыстарынан соң өз еркімен екпе салдырғандар үлесі күрт артты. Біздің фабрикада осыған дейін ешкім індет жұқтырған жоқ. Дегенмен барлығы сақтық үшін осындай шешім қабылдап жатыр» дейді кәсіпорынның бас директоры Михаил Пшеничный.

Бұл пікірлі осы зауытта үш жылдан бері оператор болып қызмет етіп келе жатқан Думан Нағиев те қолдайды. «Екпе – ең алдымен өзіңнің қауіпсіздігің үшін ғой. Сосын айналаңдағы адамдардың қауіпсіздігі үшін де жауаптысың. Сондықтан осы кезге дейін алмаған адамдарға екпе алуға кеңес беремін» дейді қарапайым жұмысшы.

Батыс Қазақстан облысындағы белгілі «Белес» нан өнімдері комбинатыда қызмет ететін 225 адамның 195-і вакцина салдырып, ұйымшылдық танытып отыр екен. Тәулігіне 20 тонна макарон, 260 тонна ұн өндіріп, жергілікті нарыққа және Ресей, Өзбекстан елдеріне шығарып отырған кәсіпорын қызметкерлері өздерінің және тұтынушыларының денсаулығына үлкен жауапкершілікпен қарап отыр.