Қоғам • 29 Шілде, 2021

Түркістанда мал ұрлаған қылмыстық топ ұсталды

308 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан облысы ПД Криминалдық полиция қызметкерлері Келес және Сарыағаш аудандары аумағында сиыр мен жылқы ұрлаған қылмыстық топты ұстады. Олар өткен жылдың желтоқсан айынан бері алты рет мал ұрлап, ауыл тұрғындарына жалпы көлемі 5 миллион теңгеге жуық шығын келтірген, деп Egemen.kz жазады Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Түркістанда мал ұрлаған қылмыстық топ ұсталды

Аталған жайттарды полицейлер ҚР ҚК 188-1-бабы (Мал ұрлығы) бойынша СДТБТ-ға тіркеп, күдіктілерді іздеуге кірісті. Облыстық полиция департаментінде жедел-тергеу тобы құрылды.

Жұмсы барысында соңғы мал ұрлығы ағымдағы жылдың мамыр айында Келес ауданында жасалғаны анықталды. Ұрылар түнгі уақытта жергілікті тұрғынның ауласына заңсыз кіріп, екі бас жылқыны жымқырып кеткен. Осыдан соң ұрланған малдың иесі, аудандық полиция бөліміне арызданған. Жедел-іздестіру барысында полицейлер Алматы қаласынан екі күдіктіні ұстады. Ал түркістандық жедел уәкілдер қылмыстық топтың үшінші қатысушысын бір тәулік ішінде Нұр-Сұлтан қаласынан ұстады. Ұсталғандар Түркістан және Алматы облыстарының тұрғындары болып шықты. Олардың біреуі бұрын бірнеше рет сотты болған.

Күдіктілер ұрланған малдарды «Газель» автокөлігімен Алматы облысына апарып, Шымкент пен Нұр-сұлтан қаласының тұрғындарына сатқан, ал ақшаны өзара бөліскен.

Тәртіп сақшылары ұрланған малды сатып алушылар мен автокөлік жүргізушілерін анықтады. Айғақты зат ретінде ұрланған үй жануарларының бір бөлігі және автокөлік тәркіленді.

Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.