Өнер • 29 Шілде, 2021

Суретші саясаткер

319 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Уинстон Черчилльдің қылығын айтып бір, қайсар­лығын айтып екі қайран қаламыз. Даңқты тұлға дәуірден көшсе де, тарих тұғырынан тайған жоқ. Қайта есті естелік­терімен елдің назарын әлі де өзіне аударып келеді. Айта берсең, қызық енді.

Суретші саясаткер

Жиырмасыншы ғасырдың саяси кеңіс­тігінде оның қолтаңбасы айқын көрінеді. Бейсаяси білігі, сөзге ұсталығы һәм ойға сүлейлігі самарқау ақылыңды ашытып, толғауы тоқсан көңіліңді толқытатыны тағы рас. Сұсты қабағымен-ақ істі тыңдыратын сарабдал саясаткердің әнтек әдетін әлем әлі қанша уақыт жырлар екен.

Бұған дейін Чер­чилльдің қа­бағына қарап, ой қо­рытқаны­мыз бар. Қатулы қай­раткердің шы­лы­мын қолы­нан тартып алып, суретке тартқан фотограф Юсуф Карштың ер­­лігі ел есінде. Танымал журнал­дар­дың мұқабасынан түс­пей, оның атақты туындысы­на ай­налған-тұғын. Енді қараңызшы, Sotheby’s дүкенінде Уинстон Чер­чилльдің сүйікті вискиі бей­не­ленген «Құмыралар мен бөтел­келер» картинасы сатылымға шығыпты. Суретшілік қырымен де көзге түскен британдық көш­басшының туындысы тәп-тәуір дүние һәм өзіндік тағдыры бар. Тіпті сол саладағы белгілі өнер май­талмандарының жоғары ба­ға­сына ие болғанымен қымбат.

Жалпы, саясаткер өмірінде екі нәрсеге аса құмар болған. Оның бірі – кескіндеме өнері болса, екіншісі – ішімдік. Әр­бір күнінің әлқиссасын сода қо­­сылған вискимен бастайты­нын ақпарат өкілдері күні бү­гінге дейін күлкі қылады-мыс. Чер­чилльдің өзі оны сүйікті әдеті есебінде еске алып, көзі тірісінде миығынан күлген де қойған. Бұл картинаның бұрынғы картинадан өзгешелігі сол, оның ең жақсы көрген ішімдігі Johnnie Walker жазылған. Брендтің ерекше қара және алтын диагональді жапсырмасы осы натюрмортта айқын көрінеді.

Черчилль 1890 жылы Үндіс­танның солтүстік-батыс шекарасында қызмет етіп жүрген ке­зінде вискидің алғаш рет дә­­­мін татып көреді. «Су ішуге жа­­­ра­мады. Ал оны өңештен өт­­­кізу үшін аздап виски қосу­ға ту­ра келді. Ынталы күш-жігер­­дің нәтижесінде оны сүю­ді үй­рендім», деп толғанады кейі­нірек өзі. Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуымен виски оның күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналады.

Астық тапшылығы Шот­лан­­­дияда спирт зауыттарының жабылуына әкелгенде, іске өзі араласып, кәсіптің жандануына жол ашады. 1945 жылы мамырда премьер-министр бұл қарекетін былай түсіндірді: «Қандай да бір жағдай болсын, ешқашан виски үшін арпаны азайтуға болмайды. Бұл баға жетпес экс­­порт. Экспортқа байланыс­ты басқа да қиындықты ескере отырып, Ұлыбританияға ға­на тән бұл артықшылықты ес­кер­­мегеніміз ағаттық болады. Табыс көзіне айналған бұл эле­ментті сақтамау әбестік», дейді халықты сабырға шақырып.

Нәркез натюрморт 1930 жы­лы автордың Кенттегі үйінде жазылды. Кенеп бетіндегі Johnnie Walker мен Black Label бөтелкесі көзге оттай басылады. Күміс табақ үстіндегі шарап құятын шынылар әдемі үйлесім тапқандай. Түстер мен заттарды ойната отырып үйлестіру һәм жарыққа әр беру оның досы және бейнелеу өнердегі тә­лімгері Уильям Николсонның әсерінен туған дүние болса ке­рек. Суретші мен саясаткер табиғат аясында пейзаждарды бірге жазған, ал қолайсыз ауа райында олар натюрморттармен жұмыс істеген. Қызығы сол, сондай сәттерде саясаткер қызметкерлеріне шығармасына арқау болар заттарды іздеуді тапсырады екен. Бұл еріккендік болып көрінуі мүмкін, десе де Черчилль қолына қылқалам алғанда дүниеден жырақ өмір сүргендей.

Қараңызшы, құмыралар мен шыныларға шағылысқан сәу­лелер әйнекке өрнек сал­ғандай. Бұл натюрмортта 1937 жылы жазылған шебер Никол­сонның патша коллекциясына енген «Алтын шеңбер» туын­дысындағы детальдары бар. Черчилль өзінің натюрмортын көрнекті тұлға, кәсіпкер һәм дипломат Аверелл Гарриманға сыйлайды. Ол 1940 жылдары Рузвельттің басшылығымен Еуро­падағы арнайы елші қыз­метін атқарған еді. Жұмыс ба­ры­сында талай мәрте Чер­чилльмен дидарласып, досына да айналған. Содан соң 1943 жылдың қазан айында Ке­ңес Одағына елші болып таға­йын­далады. Кейін 1975 жылы әлгі Гарриман «Черчилль мен Сталин кезіндегі арнайы өкіл. 1941-1946 жж.» атты мемуар жазады.

Айтпақшы, америкалық дип­ломат Ұлыбритания премьер-министрінің жалғыз ұлы Ран­даль­фтың әйелі Памеламен оңа­­­шада тіл табысқан көрінеді. Бұл қарым-қатынастан саясаткер бейхабар болған сыңайлы. Сөйтіп келіні 1971 жылы Гар­риманға тұрмысқа шығып, оның үшінші әйелі болады. Мұны неге айтып отыр дейсіз ғой, 1986 жылы Аве­релл қайтыс болғаннан ке­йін сыйлыққа келген натюрморт Памеланың өмі­рінің соңына дейін бірге бо­лады. 1997 жылы картинаны америкалық кәсіпкер Ира Лип­ман сатып алыпты. Ол қай­тыс болғаннан кейін, атақты шы­ғарма қайтадан сатылымға қойы­лып отыр.

Енді Черчилльдің натюр­мор­тының құны 250 мың фунт стерлинг, яки 280 мың еуро тұрады. Біздің теңгеге шақсақ, бір об­лыс­тың жылдық бюджетінен көп. Сондықтан дәмеленбей-ақ қоялық. Черчилльдің талантын түкке тұрғысыз деп танығандар да бар. Кезінде «Нью-Йорк Таймс» га­зеті аталған на­тюр­морт­қа «Бө­­телкелер» деп ат қо­йып, сын­­­ға алған бола­тын. Әйт­се де оны оқыр­ман құла­ғына да қыс­­­тырған жоқ. Сырбаз саясат­кер­­дің картиналары аукционда бе­де­лін түсірген емес. Оған мысал қызы Мэри Сумеске тиесілі «Чарт­еллдегі алтын ба­лықтар тоғаны» пейзажы. 2014 жылы ол Sotheby’s-те 1,8 миллион фунтқа сатылды.