Қоғам • 30 Шілде, 2021

Ырым-тыйым деген болмаушы ма еді...

928 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақтың ырым-тыйымдарын хал­қы­мыз­дың ұлттық болмысынан бөліп қарау мүмкін емес. Олардың адам мен қоғамның әлеу­м­еттік тіршілігін қамту деңгейінің жо­ға­ры болғаны соншалық, қазақ халқына осын­шама жерді игеріп, оған ие болып және ұлт ретінде алға жылжуына мүмкіндік бер­ді.

Ырым-тыйым деген болмаушы ма еді...

Халқымыздың ырым-тыйымдарын санасына сіңіріп өскен бала ұлтының салтын, болмысын терең білген. Олар жаман әдет, жат пиғыл, ерсі қимыл, әдепсіз істерден сақтандыруда маңызды қызмет атқарған. Тыйымдар ырымдардың ішінде көп кездесетін қағидалар мен ұстанымдар ретінде зиянкес әрекеттерге барудан сақтандырып, көшпелі қоғамның кісілік тұжырымдамасының адал, арам, обал, сауап сияқты нақты және қа­таң сипаттағы қағидаттарын сезініп, оны қа­лып­тастырған. Ендеше, тыйымдар көшпелі қо­ғам­да сақтандыру функциясын атқарып, ата-баба жолына кереғар келіп, оған жаманшылық әкелуі мүмкін қадамдарға шек қойып отырған. Дәл қазір еліміз, бүкіл қазақстандық қоғам СOVID-19 сияқты індеттің қанды уысынан шыға алмай, азаматтарымыз туындап отырған ахуалға селқос қарап, оны нақты бағаламай отырған кезде аталған қағидаттарға жүгінген артық етпес. Ол қоғамда орын алып отырған әртүрлі жеңілтек көзқарастарды тежеп, халық арасында дұрыс пікір қалыптастыруға ықпал етері анық.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап көрсеткендей, санитарлық-эпидемиялық шектеулер мен талаптар жиі бұзылып, халықты вакциналау қарқыны бəсеңсіп отыр. Халқымыз бен мемлекеттілігіміздің болашағына қауіп төнген сәтте эпидемияны тоқтату үшін екпе керек болса және ол ауру мен қауіптің тарауын бәсеңдетуге кепіл болса, онда неге оны салдырмасқа?! Өкінішке қарай, бізде кейбіреулер «менің денем – менің ісім: вакцина салдырам ба, жоқ па, оны өзім білем» деген «философияны» ұстануда. Әрине, әркімнің өз денесі өзіне, ендеше бұлар «өз денесін сақтап», басқаларға қауіп төндірмей, індет біткенше үйлерінен шықпай, оқшауланып отыруы керек шығар. Алайда олардың олай отырғылары да, басқаларды ойлағылары да келмейді, өздерінің инфекция тасымалдаушы «өткізгіш» болып отырғандарын ерсі санамайды.

Жалпы алғанда, бүгіндері коронавирус індетінің таралуына қарсы қолданылып жатқан қарапайым санитарлық-эпидемиялық шектеулер сол баяғы қазақтың осындай жағдайларда қолданған тыйымдары ғой. Осыларды бұл­жытпай орындағанымызда жағдай мүлдем басқаша сипат алып, эпидемиялық ахуал осыншама созылмалы сипатқа ие болып, қайталана бермес еді. Сондықтан маскасыз жүруге тыйым салуға шамасы келмеген әкімдердің азаматтарға екпе салу науқанынан шеттеп қалуына таңдануға да болмайды. Бұл жерде жауапкершілік пен жанашырлықтың жетіспей жатқандығын да айта кеткен жөн. Өйткені үлкен мегаполистер мен ірілі-кішілі қалаларда әр аулада орналасқан дүкендер мен дүңгіршектердің иелері, тұрғын үйлердегі мүлік иелерінің бірлестіктері, әлеуметтік қызмет көрсететін кейбір ұйымдар мен ме­ке­мелердің басшылары барлығымызға ортақ талаптардың орындалуын өздерінде бұл­жыт­пай ұйымдастыруға, олардың қатаң сақталуын қамтамасыз етуге толыққанды қатыспай, мемлекеттік маңызы бар жұмысқа құлшыныс танытпай, іс жүзінде одан жалтарып отыр. Сондықтан бұл жерлерде адамдар өз білгенін істеп, бетпердесіз «жосып» жүр. Оларға тыйым айтар, «әй дейтін ажа, қой дейтін қожа жоқ». Біздің осал жеріміз осында. Осы тұста халықтың күнделікті тірлікпен арлы-берлі дамыл таппай жүретін тар лифтілер мен қарсы келген екі адам айырылысып кете ал­майтын шағын дүкендерде тәртіп орнатпай тұ­рып, нақты нәтиже туралы сөз қозғаудың өзі артық.

Сонда атадан мұра болып қалған тыйымдар қайда кеткен? Жоқ, олардың Қазақстанда дамуына салт-сана мен ұлттық болмыс, әдет-ғұрып сияқты құнарлы топырақтың табылмағаны ма? Ұлтымыздың тағдырына қауіп-қатер төнген кезде оған қарсы тұратын иммунитеттік рөл атқарып келген гигиеналық және әдеп мәдениетіне баулитын ырым-ты­йымдар ұлттық болмыстан нәр таба алмай, өзінің тәлім-тәрбиелік әлеуетінен айырылғаны ма? Осындай қиын кезеңде өткенімізді біліп өскен ұрпақ ұлтының салтына, болмысына терең үңіліп, тиісінше әрекет етеді дегенге сенгіміз келеді. Өйткені ырым-тыйымдар – адамдардың құқықтарын бұзып, оны шектеу емес, кері­сін­ше, жеке тұлғалардың құқықтарымен қатар, бү­кіл қоғам мүшелерінің өміріне қиянат жасамауды мақсат тұтып, оның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, азаматтардың құқықтарын құрметтеуге, қорғауға және сақтауға ерекше мән беріп, оны нақты іске асыруға бағытталған құндылықтар.