
Жуырда Құран Кәрімнің мағыналары мен түсіндірмелерінің (тәпсірінің) жаңа аудармасы қолымызға тиді. Кітап «Дәуір» баспаханасында басылып шыққан, жауапты редакторы А.Омар жинаған топтың – аудармашылары, тәпсір жинақтаушысы, редакторлары, түзетуші-беттеушілері бар он үш адамның күшімен аударылған.
Жуырда Құран Кәрімнің мағыналары мен түсіндірмелерінің (тәпсірінің) жаңа аудармасы қолымызға тиді. Кітап «Дәуір» баспаханасында басылып шыққан, жауапты редакторы А.Омар жинаған топтың – аудармашылары, тәпсір жинақтаушысы, редакторлары, түзетуші-беттеушілері бар он үш адамның күшімен аударылған.
Тәуелсіздік жылдары рухани ілімге сусаған халқымызға ата-бабамыз ұстанған дінді жеткізу жолында бірқатар жұмыс атқарылды. Бұл салада жетістіктеріміз де, кемшіліктеріміз де баршылық. Түрлі радикалды, экстремистік бағыттардың пайда болуының бір себебі – ұлт тұтастығына сызат түсіріп, іріткі салуды көздеген ішкі-сыртқы күштердің дінді саясатқа пайдалануы болса, енді бір себеп – жастарымызға дінімізді дұрыс жеткізудің кемшіндігінен. Бұған мешіттер мен білімді имамдардың аздығы, діни әдебиеттеріміздің жетіспеушілігі де өз әсерін тигізді. Бүгінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басшылығымен жоғары және орта оқу орындары ашылып, имамдарымыздың сауаты өсіп, бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Әрі жақында құрылған Дін істері агенттігі де елімізде қаптап кеткен секталарды ауыздықтап, кеш болса да бұл саланы ретке келтіруде. Дегенмен, көпшіліктің білім алуының бір көзі саналған діни әдебиет халық сұранысын өз деңгейінде қанағаттандыра алмай келеді.

Ислам дінінің қайнар көздерінің бірі – Құран саласы да бізде әлі күнге кенже қалып келе жатыр. Құран Кәрімнің аудармасы – үлкен жауапкершілікті талап ететін және Алла тағаланың алдында сұрағы бар, өте салмақты іс. Халифа Алтай ақсақалдан бастап қазақ тілінде Құранның бірнеше аудармасы түрлі сапада жарық көрді. Дін ілімі – адамның жүрегіне қатысты өте нәзік ілім. Ниеті дұрыс адам Құран аяттарын дұрыс қабылдайды, ал түсінбегенін өзінше жорымай, білімі барлардан сұрайды. Алайда, пиғылы бұзық жат ағымдардың өкілдері кейбір түсіндіруді қажет ететін аяттарды теріс мақсаттары мен мүдделеріне сай кері пайдаланып, жастардың санасын улауы мүмкін. Сондықтан, Ислам ғұламаларының айтуынша, Құран аяттарын үлкен ғалымдардың тәпсірлері негізінде мағынасын ашып, теріс пиғылдағы ағымдардың пайдалануына жол бермейтіндей етіп жеткізу аса маңызды іс. «Құран Кәрім: Мағыналар және түсіндірме аудармасы» деген еңбекті оқығанда, бұған көзіміз жете түсті. Әсіресе, аяттардың мағынасын түсіндіру тәсілі басқа аудармалардан көш ілгері тұрғаны байқалады. Мұның бүлікшілдерге еріп, «Жиһад» деген ұранмен түрлі соғыс аймақтарына барып, өздеріне, жақындарына және қоғамымыздың тұрақтылығы мен тыныштығына үлкен зиян тигізіп алып жүрген кейбір жастарымыздың көзін ашып, көңілін қойып, ата дінімізді дұрыс қабылдауына пайдасы мол. Өзге аудармаларда көбінесе «соғыс» деп аударылған «жиһад» ұғымы бұл еңбекте «күрес», «ынта-жігер» және «әрекет ету» деп беріліп, түсіндірмесінде Ислам ғалымдарының дәлелді ойларымен бекітіліп отырған. Сондай-ақ, жекелеген адамдар бұрмалап көрсететін Құрандағы кейбір аяттарға кең түсіндірмелер берілген. Мысалы Бақара сүресінің 191-аяты: «Жауларыңды /кәпірлерді/ кез келген жерде жайрата беріңдер». /У.Қыдырханұлы, А., 2002/. «Оларды қай жерде тапсаңдар да өлтіріңдер». /Қасиетті Құран. Ү.Шойбеков, Шымкент, 2011/. «Убивайте их /многобожников/, где бы вы их не встретили» /Э.Кулиев, А., 2009/. Өзге аудармаларда да осы сарын ұсталып, түсіндірме берілмеген. Ал, жаңа аудармадан көріп отырғанымыздай, бұл аят соғыс кезіндегі жауларға қаратып айтылған: «Әрі оларды /соғыстағы жауларыңды, Бағауи/ көріп, ұстаған жерлеріңде өлтіріңдер». Сондай-ақ, Ниса сүресінің 89-аяты: «Егер олар бет бұрса, сонда оларды қайдан тапсаңдар да ұстап өлтіріңдер». «Егер олар Тәңір жолында көшіп, босудан бас тартса, кезіккен жерде ұстап алып, көздерін құртыңдар». /У.Қыдырханұлы, А. 2002/. Жаңа аудармада: «Ал, егер олар бет бұрса, оларды ұстаңдар және тапқан жерлеріңде өлтіріңдер. /Бұл бұйрық алдында исламды қабылдап, ал кейін мұсылмандарды сатып, оларға қарсы соғысушы мұсылмандарға қатысты. Келесі аятта мұсылмандарға қарсы соғыспаған мұнафиқтарға қарсы соғысуға тыйым салынады. Қар: әл-Манси/» – деп, тәпсір арқылы аятты анық етіп түсіндіреді. Яғни, тәпсірші ғалымдардың түсіндірмесі арқылы біз аятты дұрыс түсіне алады екенбіз. Дінімізде кез келген әділетсіздік, зорлық-зомбылықтың барлық түріне тыйым салынған. Бір күнәсіз адамды өлтіру – бүкіл адамзатты өлтірумен пара-пар. «Кім кісі өлтірмеген не жер бетінде бұзғыншылық жасамаған бір адамды өлтірсе, шын мәнінде, ол адамдардың барлығын өлтіргендей болады, ал кім оны тірілтсе /тірі қалуына септігі тисе/ адамдардың барлығын тірілткендей болады». /Мәида с-сі, 32-аят/. Бұл қағида бойынша жеке адамның құқығы бүкіл адамзаттың құқығымен теңесіп тұр. Сондай-ақ, Бақара сүресінің 193-ші аяты: «Қастандық аяқталып, дін Алланың діні болғанға дейін олармен соғысыңдар». /Құран Кәрімнің қазақша сөзбе-сөз аудармасы/». «И сражайтес с ними, пока не будет больше искушение, а /вся/ религия будеть принадлежать Аллаху» /И.Крачковский, Душанбе, 1990/. Ал, жаңа аудармада: «Әрі олармен /үшріктермен/ бүлік қалмағанға және дін Аллаһқа болғанға дейін соғысыңдар. /Аса ұлы Аллаһтың діні орнағанға дейін. Ибн Касир/. Осы сөзге Әнфәл сүресінің 39-шы аятында берілген түсіндірмеде: «ибн Омар: «Сендердің билік үшін соғысуларың бұған жатпайды» деген. /Ибн Касир/». Яғни, алғашқы Ислам мемлекеті орнағанға дейін. Негізі осы секілді түсіндірмелер дінімізді бұрмалап, жастарымызды бүлікке тартқысы келетін ішкі-сыртқы қарсыластарға үлкен тосқауыл қояды. Тізе берсек, бұл арнайы талдауды қажет ететін үлкен тақырып екен.
Жаңа аударманың және бір ерекшелігі, көп мағынаны қамтитын күрделі ұғымдар түпнұсқа күйінде беріліп, мағынасы сілтемеде ашылуы. Бұл ғылыми аудармада кеңінен қолданылатын тәсіл. Мысалы, «Ханиф», «сайха», «назь», «уәсуәса» және осы секілді бірқатар ұғымдар түпнұсқаға сай берілген. Осындай ұғымдардың бірі – «истиуа» сөзі. Осы сөзді ғалымдар тілдік және ауыспалы мағына беру тұрғысынан түсіндіреді. Ал, аудармашылар өздерінің көзқарастарына байланысты осы екі тұжырымның бірін таңдайды. Мысалы, Рағыд сүресінің 2-ші аятын Э. Кулиев «вознесся» деп тілдік негізде берген, У.Қыдырханұлы «таққа отырды» деп, Малайзияда басылып әкелінген аудармада «орналасты», И.Крачковский «утвердился» және Халифа Алтай ақсақал «меңгерді» деп ауыспалы мағынада алған. Құран аударудың әлемдік тәжірибесінде аудармашылар «истиуа» сөзінің салмағын ескере келіп, тікелей, біржақты аударудан бас тартып, сөздің түпнұсқасын қалдыруды жөн санаған. Өзіміз секілді Әбу Ханифа мәзхабын ұстанатын түрік бауырларымыздың бір бөлігі, мысалы, Адем Угур, Әли Булач, Култегин Онан, Суат Йлдырым, Имам Ескендір әли Михр, Шәбан Периш және өзге де бірқатар аудармашылар осы бағытты ұстаныпты. Орталық Азия мәдени даму қоғамдық қорының президенті, көрнекті теолог, аудармашы ғалым, профессор Әли Өзектің жетекшілігімен түрік тілінде жазылған Құран аудармасында да «истиуа» сөзі түпнұсқасында берілген. Сондай-ақ, өзбекстандық белгілі ғалым Абдулазиз Мансур да осы әдісті ұстанған. Бұл орайда ғылыми негізді басшылыққа алған аудармашылар ұғымның түпнұсқасын қалдырып, сілтемеде оның тілдік және ауыспалы мағынасын қатар беріп, аударма үшін күрделі мәселенің шешімін сәтті тапқан секілді.
Кеңес дәуірінде қалың көпшілікті былай қойғанда, зиялы қауым мен ақпарат құралдарының өкілдері араб тілінен енген діни ұғымдардың мағынасын шатастырып қолданатын деңгейге түсті. Мұны қасақана жасалды дегеннен гөрі, араб тілінде бір сөздің екі мағынасы (тілдік және шариғи мағынасы) болатынын білмеуден, ескермеуден орын алған деу жөн. Мысалы, «шүкір» ұғымының орнына «тәубе» сөзін қолданады, «тәуекел» ұғымын орыс тіліндегі «риск» сөзімен шектеп қояды. Сондықтан да, өкініштісі, «тәуелсіздігімізге шүкір» деудің орнына «тәуелсіздікке тәубе» дейтіндерді жиі естиміз. Ал, шын мәнінде: «шүкір – Аллаһтың берген игіліктеріне алғыс білдіру, тәубе – істеген күнәсіне шынайы өкініп, Аллаһқа бойсұнуға қайту, тәуекел – Аллаһқа жүгініп, Оған ісіңді тапсыру» екен. Яғни, Құранда міндетті түрде сөздің шариғи мағынасы беріледі. Жаңа аудармада бұл жағы қатаң ескерілген. Ана тілімізге араб тілінен енген діни сөздердің мән-мағынасы жан-жақты ашылып берілген. Бұл іске Құранның ұжым болып атқарылуы да септескен. Ұжымға дінімізде Құраннан кейін ең үлкен еңбек саналатын әл-Бұхаридің «Сахих хадистер» және Муслимнің «Сахих хадистер» жинақтарын, әрі Ислам этикасының жауһары саналатын «Әдәбул Муфрад» («Жеке тұлғаның әдептері»), басқа да еңбектерді араб тілінен ана тілімізге аударып жүрген тәжірибелі мамандар тартылғаны үлкен көмек болған.
Бұл іске филология ғылымдарының докторлары Сәрсенбі Дәуітұлы, Айгүл Ісмақова, Ғарифолла Әнес атсалысқан.
Аудармада жекелеген сөздермен қатар бүтіндей аяттар жаңаша аударылған. Мысалы, Нұр с-сі 26-аяты бұрын былай берілетін: «Сұмпайы әйелдер сұмпайы еркектерге, сұмпайы еркектер сұмпайы әйелдерге лайық. Игі әйелдер игі еркектерге, игі еркектер игі әйелдерге лайық». /Құран Кәрімнің қазақша сөзбе-сөз аудармасы/. Өзге аудармалардың барлығында да бұл аят сол мәнде берілген. Ал, жаңа аудармада: «Жаман сөз бен істер – жаман адамдар үшін, жаман адамдар – жаман сөз бен істерге лайық. Жақсы сөз бен істер – жақсы адамдар үшін, жақсы адамдар – жақсы сөз бен істерге лайық» деп алынған. Осы және басқа да тұстарда жаңа аударма тілдік мағынаны ұстанғаны көрініп тұр. Айта кетер жайт, өзге аудармашылар көбінесе тілден гөрі, тәпсірлерде қалыптасқан жалпылама мағынаны негізге алады. Біз Құраннан Нұх және Лұт пайғамбарлардың әйелдері өз күйеулеріне лайықты болмағанын, ал Әсия апамыз залым Перғауынның әйелі болғанын білеміз әрі бұл жалпы өмірде де кездесетін жағдай. Ал, жақсы сөз бен істер – жақсы адамдар үшін, жақсы адамдар – жақсы сөз бен істерге лайық және керісінше жаман сөз бен істер – жаман адамдар үшін, жаман адамдар – жаман сөз бен істерге лайық екендігі даусыз қағида. Бұл тәпсірші ғалымдардың да ортақ тұжырымы.
Егер Құран аудармасы тілдік негізді толық қамтымай, жалпы мағынамен берілсе, мұның өзі аударманың түпнұсқадан алыстауына ұрындырып, индивид аудармашының көзқарасымен шектеліп қалады. Бұл әдеби аудармаға жарасқанымен, асқан дәлдікті талап ететін ғылыми аудармаға жат. Бұған қоса Құранда діни, шариғи канондық негіздер мен ерекшеліктер сақталуы қажет. Сондықтан да Құран тек ғылыми негізде аударылуы тиіс. Құран аудармаларында кездесетін ерекшелік – Алла атынан «Мен» не «Біз» деп бірінші жақпен басталып, бірден «Алла» немесе «Ол» деп үшінші жаққа өту – араб тіліне тән стилистикалық тәсіл. Бұл заңдылықтарды қатаң сақтаған аударманың тілі ылғи да жатық шыға бермейді, төл мағынаға нұқсан кеп қалатын тұстары да болады. Халифа Алтайдың аудармасынан осы құбылысты көреміз. Құран аудармасында оның тілдік ерекшеліктері, араб тілінің заңдылықтары, Құран терминдерінің тілдік және шариғи мағыналары сақталуы керек. Сонда ғана аударма аудармашының жеке көзқарасына емес, түпнұсқаға жақындай түспек. Жаңа аудармада осы айтылғандарға баса назар аударылған екен.
Аталмыш еңбектің тағы бір жетістігі – ғылыми әдістеменің сәтті қолданылуы. Аударма барысында өзге тілдердегі он бір Құран аудармасы іріктеліп, салыстырмалы талдау арқылы сараптау жүргізілген. Байқауымызша, бұл – Құранды өзге тілдерге аудару саласында алғаш қолданылып отырған ғылыми тәсіл. Неғұрлым көп санды еңбекті қарап, салыстырып-салғастырса ғана аударылатын сөз, сөйлем, аталым, жеке ұғымдардың мағынасы жан-жақты ашылады. Осы жағдайды қазақ аудармашыларының әлемдік Құран аудару тәжірибесіне қосқан кесек үлесі деп бағалау жөн.
Әрбір халықтың қуаты оның рухани деңгейіне байланысты. Ұлттық рухымыздың күшейіп, тәуелсіздігіміздің баянды болуы үшін тіл, дәстүр, тарихи санамен қатар дініміздің де мықты болуы ерекше маңызға ие. Қолымыздағы еңбек тәуелсіздігіміздің және Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың рухани саладағы салиқалы саясатының жемісі. Елбасы халықтың мәдениеті мен дәстүрі діннен бастау алатынын әркез қадап көрсетіп келеді. Мысалы, жерінен айырылып, дүниежүзіне бытырап, тоз-тозы шыққан әһлі кітап иесі бір халық дінді ұйытқы етудің арқасында ұлт болып қайта ұйысты. Дінін дұрыс ұстанатын елдің дәуірлейтініне, ал оны бөлшектеп, саясатқа айналдырған жұрт күйзеліске ұшырап, күйрейтініне тарих куә. Ендеше, бес жыл қатарынан тынымсыз еңбектеніп, Тәуелсіздігіміздің 22 жылдық тойына сүбелі тартумен келген өрендеріміздің жүректеріне иман, бойларына хикмет, қолдарына африн нәсіп айла.
Мақсат ТӘЖ-МҰРАТ.