15 Қаңтар, 2014

Қордай алтынын қолға ұстайтын күн жақын

480 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

немесе жақсы іске ұмтылған жан жайбарақат отыра алмайды

Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев мерекелік демалыс бес күн екен деп, жай­барақат жатып алған жоқ. «Бай дүйсенбіні» беймарал күтсе, тұлпардайын тықыршыған уа­қыттың талай істен құр қал­ды­ратыны анық. Сондықтан жаңа жылдың алғашқы сенбісін Қордай ауданын аралаудан бастады.

немесе жақсы іске ұмтылған жан жайбарақат отыра алмайды

Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев мерекелік демалыс бес күн екен депжай­барақат жатып алған жоқ«Бай дүйсенбіні» беймарал күтсе, тұлпардайын тықыршыған уа­қыттың талай істен құр қал­ды­ратыны анық. Сондықтан жаңа жылдың алғашқы сенбісін Қордай ауданын аралаудан бастады.

Облыстың оңтүстік-шығы­сын алып жатқан Қордай ауда­нының жері, негізінен, таулы-тастақты болып келеді. Солтүстік және шығыс бөлігін биіктігі теңіз деңгейінен 1000 метр­ден асатын Шу-Іле таулары орап жатыр. Кіндіктас, Жетіжол сияқты тау жоталары ауданның орталық және оңтүстік-шы­ғыс бөлігін қамтыған. Егер жа­ны­ңызға жазықтау жер керек болса, онда Шу аңғарына қарай барыңыз.

Әкім жұмыс сапары аясын­да аудандағы әлеуметтік нысан­дардың тыныс-тіршілігімен және осында түтін түтеткен кәсіпкерлер жүзеге асырып жатқан жобалар­дың беталысымен, бағыт-бағ­дары­мен танысты. Соның бірі – жеке кәсіпкерлердің қаржысына салынған Отар ауылындағы күн электр стансасы. Облыстың бұрынғы әкімі Қанат Бозымбаев тұсауын кескен бұл станса өнеркәсіптік деңгейде жұмыс істейтін, сонымен бірге, ортақ электр жүйелеріне қосылған, өз электр қуатын елдің біртұтас энергия жүйесіне жеткізетін мемлекетіміздегі ең алғашқы қуат көзі болып есептеледі. Стансаның қуаты алдағы уақытта 7 МВт-ға дейін жетеді деп күтілуде.

Отар бекетінен Кенен ауылы онша алыс емес. Облыс әкімі ақын өмір сүрген ауылдан салынып жатқан 600 оқушыға арналған мектептің құрылыс жұмысымен де танысты. Құны 844,3 млн. теңге болатын білім ордасының құрылысы 2011 жылы басталыпты. Бірақ жұмыс барысы тым созылып кетіпті. Облыс әкіміне атбасын бұрғызған мәселе де осыған алаңдаушылық сияқты көрінді. Әкімді нысандағы жұмыс барысымен таныстырғандар білім ошағының құрылысы үстіміздегі жылдың бірінші жартысында аяқталады деп сендірді.

«Vista International» компаниясы Мұзбел ауылында қайта қалпына келетін энергия көздері бағытындағы жобаларын жүзеге асырып жатыр. Олар өткен жылы жалпы қуаты 21 МВт құрайтын Қордай жел электр стансасының 4 МВт құрайтын алғашқы кезегінің құрылысын аяқтаған болатын. Жамағаттың игілігі үшін желді де жұмысқа «жеккен» ауылда бүгінде 13 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіліпті.

Кенен ақын жырына қосқан Қордай өңірі кенге де бай. Сон­дық­тан аудандағы өндіріс саласы да қарқынды дамып келеді. Міне, соңғы жылдары Қордайдың алтыны мен күмісін өндіру жобасы да табысты жүзеге асырыла бастады. «Central Asia Gold Pro­duc­tion» компаниясы бұл жобаны 2012 жылы бастаған болатын. Компания басшыларының ай­туынша, мұнда бір жылда 500 кг алтын мен күміс өндіруге болады екен. Өнеркәсіптегі ат­қарылған оңды істер бағалы ме­талл өндіруге барынша ден қой­ған компанияның алға қойған мақсаттарының айқын екенін білдіреді.

Аудандағы «Куликов сүт өнімдері» ЖШС сүтті қайта өңдеу және сүт өнімдерін өндірумен айналысады. Ол жылына 3,6 мың тонна сүт өнімдерін шығарады. Бүгінде 50 адам жұмыс істеп жатқан кәсіпорынның құны иелеріне 150 млн. теңгеге түсіпті. Канададан ет бағытындағы 221 бас қызыл ангус және герефорд асыл тұқымды ірі қара мал алдырған серіктестіктің табысы мен Қасық ауылына табиғи газ жеткізуге барын салған құрылысшылар қарқыны да облыс әкімінің ойынан шықты. Бүгінде бұл ауылдағы 745 үйдің 160-ына табиғи газ жеткізіліпті.

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

Жамбыл облысы,

Қордай ауданы,

Қордай ауылы.

 

Соңғы жаңалықтар

Қала көркіне айналмақ эко-парк

Экология • Бүгін, 13:23