«Қазақстан-2050» Стратегиясының ең басты мақсаты әлемдегі дамыған елдер отыздығының қатарына қосылу. Әрине, оның оңай болмасы қазірден белгілі. Бұл ретте «Қазақстан-2030» Стратегиясының мерзімінен бұрын орындалуын ескерсек, оның жүзеге асарына еш күмән болмаса керек. Біз осы мәселемен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Николай АКУЕВКЕ жолығып, бірқатар сұрақтарымызды қойған едік.
– Николай аға, Қазақстанның Cтратегияны жүзеге асыруға әлеуеті мен мүмкіндігі қаншалықты жетеді дей аламыз?
– Аталған меженің ауқымдылығын сезіну үшін жаһанда қаншама ел барлығына көз жүгіртіп көрейікші. Қазіргі таңда халықаралық қауымдастық тарапынан мойындалған 226 тәуелсіз ел бар және өзін тәуелсізбіз деп жариялағандар да жетерлік.
«Қазақстан-2050» Стратегиясының ең басты мақсаты әлемдегі дамыған елдер отыздығының қатарына қосылу. Әрине, оның оңай болмасы қазірден белгілі. Бұл ретте «Қазақстан-2030» Стратегиясының мерзімінен бұрын орындалуын ескерсек, оның жүзеге асарына еш күмән болмаса керек. Біз осы мәселемен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Николай АКУЕВКЕ жолығып, бірқатар сұрақтарымызды қойған едік.
– Николай аға, Қазақстанның Cтратегияны жүзеге асыруға әлеуеті мен мүмкіндігі қаншалықты жетеді дей аламыз?
– Аталған меженің ауқымдылығын сезіну үшін жаһанда қаншама ел барлығына көз жүгіртіп көрейікші. Қазіргі таңда халықаралық қауымдастық тарапынан мойындалған 226 тәуелсіз ел бар және өзін тәуелсізбіз деп жариялағандар да жетерлік. Бұл ретте 193 мемлекет БҰҰ-ның мүшесі екенін де айта кеткен жөн. Отыздыққа ену үшін де кейбір елдерді ығыстырып шығаруымыз керек. Әрине, ол оңай емес, бірақ жүзеге асыруға болатын шаруа. Оған біздің әлеуетіміз жетеді және мүмкіндігіміз мол. Ел тұрғындарының басым көпшілігі білімді, оның үстіне білікті мамандар баршылық. Және де халық бір мақсатқа жұмыла біледі. Дұрыс мемлекеттік саясаттың жүргізіліп келе жатқандығы да бұған өзіндік үлесін қосуы тиіс. Бұдан басқа, жерасты байлығымыз орасан. Менделеев кестесіндегі барлық элементтер бар. Әсіресе, әлемдегі уран қорының бестен бірі осы Қазақстан жерінде.
– Президент өз сөзінде аға және ортаңғы буын өкілдерінің мол өмірлік тәжірибесіне иек арту қажеттігін айтып, жастарға да үлкен сенім білдірді. Сіздіңше, жастар сол үмітті ақтай ала ма?
– Елбасы шынымен де аға және орта буынның мол өмірлік тәжірибесін барынша ұтымды пайдалану керектігін меңзеді. Ал жастарға келсек, олардың қарым-қабілеттері кез келген мамандықты игеріп алуға жетеді. Тек сол жалын жастарымыздың үмітін сөндіріп алмауымыз керек. Аға буынның жақсы жақтарын, әсіресе, Отанды сүю деген сезімін жастарымыздың бойына сіңіре білсек, нұр үстіне нұр болар еді. Әрине, аға буын мен жастар арасындағы алтын көпір ол орта буын. Сондықтан жастарға барлық жағдайды жасау және алдыңғы буынға құрмет көрсету де осы орта буынға жататын азаматтарымыздың мойнында. Сабақтастықтың мәні де осында жатыр.
– Жолдауда «Егер біз мықты болсақ, бізбен санасады», деген жол бар. Осы сөздің астарына үңіліп көрейікші. Біз өзімізді мықты елміз деп айта аламыз ба?
– Өз мүмкіндіктерін жүзеге асыра алған елдермен ғана әлем санасары ащы болса да шындық. Еліміз қазіргі таңда саясат, экономика және өзге де салаларда айтарлықтай табыстарға қол жеткізе алды. Алысқа бармай-ақ көршілес Ресейді алайықшы. Билікке В.Путиннің келуімен мемлекеттің күші арта бастады. Біздегідей әкімдерді тағайындау тетігі енгізілді. Партиялық тізім бойынша депутаттарды сайладық. Солтүстік көршіміз де осы жолмен жүріп келеді. Президенттік мерзімді ұзартқан едік, олар да ұзартып алты жылға жеткізді. Қазір біз бес жылға түсірдік. Сондай-ақ, стратегиялық бағдарлама қабылдау сияқты тәжірибелерімізді ұтымды пайдаланып келеді. «Қазақстан-2030» Стратегиясын жүзеге асыра бастағаннан кейін артынша олар да «2020» деген бағдарлама қабылдады. Ұлттық қорымызды құрғаннан кейін бір жарым жылдан соң «Фонд народного благосостояния» дегенді құрды.
Біртұтас сот жүйесін құру мақсатында Жоғарғы арбитраждық сот пен Жоғарғы Сотты қосып жібергенбіз. Қазір Ресей осыны қолға алып, Дума заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Сыбайлас жемқорлықпен күрес органын құрдық. Олар да бізден үлгі алып, өзгертіп жатыр. Тіпті милиция атауын полицияға өзгерткеніміз сол екен, олар да былтыр полиция атауына ауысты. Осының барлығын ескерсек, Қазақстан солтүстік алып көршімізге қарағанда, бір қадам алда келеді. Қытай да біздің тәжірибемізге қызығушылық танытып отыр. Шанхай университетіне барып, Қазақстанның тәжірибелерімен бөлістім. Әсіресе, оларды этносаралық қарым-қатынастарды жүйелеп отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы өте қызықтырады. Сонымен қатар, Конституция ережелері мен қылмыстық заңнама үлкен қызығушылыққа ие. Ресей, мәселен, мемлекеттік қызмет саласын реформалау мәселесіне қызығушылық танытуда. Воронеж университеті біздегі реформаларды саралауға көшкен.
– Жетістіктерімізді тізбелесек өте көп. Дей тұрғанмен, кемшін тұстарымыз да аз емесі анық қой.
– Еліміздің 2020 жылға дейінгі дамуына қатысты стратегиялық құжат қабылданды. Сол аталған стратегиялық жоспарда ауыл шаруашылығы саласында еңбек өнімділігі 2015 жылға қарай 2 есеге, ал 2020 жылы 4 есеге артады деп көрсетілген. Енді орындалуы қалай болмақ? Біздер соның барлығы ненің есебінен жүзеге асарын біліп отыруымыз керек қой. Орындалу тетіктері әлі де толық жетілдірілмеген сияқты. Өзім ауылда өскендіктен, барлығы да ауа райының қолайлылығына байланысты екенін жақсы түйсінемін, сондықтан да бағдарламаларды әзірлеген кезде барлық жағы ескерілуі қажет деп ойлаймын.
– Қоғамды жегідей жеп жатқан сыбайлас жемқорлық мәселесі аз айтылып жүрген жоқ. Заңгер ретінде сол кеселден айығудың жолы қайсы дей аласыз?
– Стратегиядағы міндеттердің бірі сыбайлас жемқорлықты түбірімен жою мәселесіне қатысты. Бұрын сыбайлас жемқорлықты «азайту» немесе «деңгейін төмендету» сияқты ұғымдар айтылып келсе, қазіргі құжатта оны тіпті түбірімен жою қажеттігі айқын жазылыпты. Ең бастысы – сыбайластықпен күресудің саяси шешімі бар және Президент осы кеселмен күресуді қатаң талап етуде. Есіңізде болса, еліміз ТМД мемлекеттері ішінде алғашқылардың бірі болып осы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң қабылдады. Соны ТМД ПАА модельдік заңдық құжат ретінде ұсынып, бекітті. Халық қазір министрлер мен әкімдердің деңгейінде, тіпті, ұлттық компаниялар арасындағы сыбайлас жемқорлықпен күресіп жатқандығына күнделікті өмірде куә болып та жүр. Ал неге нәтижесі аз? Менің пайымымша, халық көңілінен шығу үшін жазалауға көп мән беріп, алдын алуды назардан тыс қалдырып келеміз. Жемқорлықтық әрекеттердің себеп-салдарына терең үңіле білгеніміз жөн. Соның ішінде кадрлық саясаттың маңызына ерекше тоқталғым келеді. Мен өзім жастарға сабақ беремін, сондықтан да солардың арасында елге, жерге жаны ашитындардың көптігіне көзім жетіп жүр. Міне, соларды іздеп жүріп анықтап, мемлекеттік қызметке тартуымыз керек. Олардың әлеуметтік мәселелерін барынша шешіп, тәрбие беруде бірқатар тәсілдерді қолдануымыз орынды. Мұхаммед пайғамбардың «Аллах проклял взяточника» деген сөзі бар. Міне, осындай моральдық, этикалық, діни нормалар әлі қолданылмай келеді. Мысалы, менің әкем «Біреудің ала жібін аттаушы болма» деп үнемі айтып отыратын. Бұдан басқа, «Саған миллион беруі мүмкін, алсаң сол миллионмен жерлейтін болады» дегені де есімде. Таза жүруді, барға қанағат етуді сол кісілерден үйрендім. Осындайда «Ұрлық түбі қорлық» деген қазақы тәмсілдің тегін айтылмағанына көз жеткізе түсесің. Тіпті, дін қызметкерлері де осындай уағыздарын айтып жүрсе дұрыс болар еді.
– ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізгелі жатырмыз. Әрине, орасан күш пен қаржыны қажет етеді. Өмірлік тәжірибесі мол азамат ретінде осы көрме қалай ұйымдастырылуы қажет деп ойлайсыз?
– Әрине, Қазақстанның көрмені өткізу құқын жеңіп алуының өзі үлкен жетістік. Енді оны өткізуге барлық күшімізді саламыз. Халықаралық көрмені өткізудің тарихын әлі де толық біліңкіремей келеміз. Кеңестер Одағы таласып, тартысып жүріп үлкен күшпен 1967 жылы ЭКСПО көрмесін өткізу құқына ие болды. Содан дайындық жұмыстары басталған кезде қаражаттың жетпейтіндігіне көздері жетіп, одан бас тартты. Сосын ол көрмені Канада Монреаль деген қаласында өткізді. Сол сияқты Қазақстан да осындай үлкен ауқымдағы шараны қолға алып отыр. Шанхайда өткен 2010 жылғы көрмеге арнайы барып қатыстым. Ол жақта павильондар құралмалы, уақытша ғана орнатылды, тек Қытай павильоны болашақта мұражай болып қалатындай етіп салынған. Шанхайдың көп жерінен менмұндалап тұратын сол қызыл тастан қаланған ғимарат төңкерілген пирамида түрінде салынған. Шанхай қаласында такси қызметіне он мың жеңіл автокөлік бөлінгенін былай қойғанда, көрмені тамашалау үшін барлық жағдай жасалған. Кезек үлкен болғаны да сондықтан. Қазақстандық павильонға өту үшін екі сағат кетсе, қытай павильонына кіру үшін алты сағаттан астам уақыт тұруға тура келді. Сол сапардан түйгенім, бізге кейін пайдалануға келетіндей етіп тұрақты ғимараттар салумен қатар, уақытша құралмалы павильондарды пайдаланғанымыз жөн. Сонда ғана шығындарымызды барынша қысқартатын боламыз. Ең бастысы – көрмені өткізудегі ұтатын тұсымыз «Жасыл экономика» саласындағы тәжірибелерді үйреніп, игеруімізге жағдай туады.
– Соңғы кезде латын графикасына өту мәселесі жарыссөзге тамызық болып жүр. Осы мәселеге көзқарасыңыз қалай?
– Латын графикасына көшуді ең алғаш рет өткен ғасырдың 20-жылдары жүргізген Түркияның кемеңгер ұлы Ататүрік болатын. Қазақ жерінде де араб төте жазуынан латын қаріптеріне өту орын алды. Сосын 1940 жылы Кеңес Одағы арнайы заң қабылдап, орыс графикасы негізінде кириллицаға өтуді қолға алды. Стратегияда 2025 жылы латын графикасына көшу мәселесі көрініс тапқан. Бұл құптарлық. Себебі, терминдердің басым көпшілігі латын түбірінен бастау алады. Егер латын графикасына өтер болсақ, онда сөздердің мағынасын тез түсіне қоямыз. Интернет беттерінде латын қаріптері жиі қолданыла бастады. Сондықтан латын графикасына өтуді созбастан, қазірден бастауымыз керек. Өзбекстан, Әзербайжаннан неміз кем. Құдайға шүкір, қазақ тілінде сөйлесулер көбейді. Өкінішке қарай, жастар жағы әлі де заман көшіне ілесе алмай келеді. Түрлеріне қарамай, шатпақ тілде сөйлесетіндерін қайтерсің... Мен Ресейде өңшең орыстардың арасында өссем де, отбасымда қазақша сөйлескендіктен, ана тілімді сақтап қалдым. Осыны көптеген отбасылар қаперге алса.
– Стратегия орындалуымен құнды екенін ескерсек, ол үшін не істелуі керек?
– Иә, оның орындалуы – үлкен мәселе. Естеріңізде болса, Кеңес өкіметі 60-жылдары коммунизмге өтуді ұйғарды. КОКП-ның 1961 жылы өткен ХХІІ съезінде сексенінші жылы толық коммунизмге өту міндеті қойылды. Орындалмай қалды емес пе. Қазақстанға Колбин келгенде «Тұрғын үй-91» деген бағдарлама қабылданып, соның нәтижесінде барлық қазақстандық 1991 жылы толық баспаналы болуы тиіс-ті. Бағдарлама жақсы, бірақ оның орындалмайтындығы сол кездің өзінде белгілі болып қалды. Себебі, көптеген құрылыс материалдары жетіспейтін. Қысым жасалғанымен, бірақ орындалмады. Кез келген бағдарлама орындалуымен құнды болатындығы да сондықтан. Стратегия – еліміздің дамуы бағдарын айқындап берген өте құнды құжат. Олай болса, орындауда олқылықтарға жол берілмеуі тиіс.
– Тұшымды әңгімеңіз үшін рахмет.
Әңгімелескен
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».