Өнер • 02 Тамыз, 2021

«Есіл өзен»

455 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Жаналының бір ыждағатты ісі – ән дәптерін жүргізеді. Осыған сүйсіндім. Таптырмайтын қолжазба. Оған әрқилы деректер түскен.

«Есіл өзен»

Сол қоңыр дәптерді парақтап отырып, «Есіл өзен» әні көзіме оттай басылды. Осыдан біраз уақыт бұрын «Жұлдыз» журналының бас редакторы, аса көрнекті жазушы Мұхтар Мағауинмен ән жөнінде ұзақ пікірлесіп, әңгіменің бір тұсында ойда жоқта «Есіл өзен» әніне тірелдік. Сөз түйіні – енді осы әнді зерттеуге ден қойдық.

 

Енді, міне, көктен іздегенім жерден табылып, Жаналының дәптерінде «Есіл өзеннің» жалындай лапылдаған романтикалық лепті сөзі жарқ ете түс­кенін қараңыз. «Есіл өзен» соғыс жылдарында, одан кейінгі кезеңде Арқада көп шырқалды. Әсіресе, Қарағанды, Ақмола, Көкшетау, Семей жағы бұл әнді жақсы білді. (Менің білген кезім – соғыстан кейінгі жылдары. Біздің Сарысу ауданы жағына Жаңаарқа арқылы жеткен ән. И.Ж.) Кешегі неміс фашизмімен болған қырғын соғыстың сұрапыл елесі, ел мен жер қадірі, жастығы мен махаббаты… бәр-бәрін ойға салғанда, мұңаю әрі бір ізгі ниетпен қайта ширап, жігерлену әнге өте әсерлі тебіреніс қуатын берген. Ән жан біткенді елжірете толқытады, ойландырады. Жылы сезіммен аялап, жеңіл ғана күрсіндіріп, іле еңсені түзеп, көкіректі ашып, сергітіп, қайрат беріп, жеңілдетіп тастайды. Болашақтың үміт сәулесіне ұмсындырады. Сондай шырайлы ән елді титықтатып жатқан соғыс жылдарында көрген қиыншылық, тауқымет атаулыны, қайғы-қасіретті бір сәтке болса да ұмыттырып, үміт сәулесіне қызықтырды. Ән елуінші жылдардың аяғы, алпысыншы жылдардың бас кезінде бірте-бірте саябырлап, сирек айтылып, бір күндері ақыры өлімсіреп барып сөнген шырағдан секілді ұмытылды. Солай ойлап жүрдік.

Жо-оқ, өмірлі ән ешуақытта өлген емес. Міне, Жаналының қоңыр дәптері! Маржандай тізілген әсем жазуға қарап, қилы-қилы ойға кеттім. Бұл әннің иесі бар ғой, бар! Ол кім?

Жаналы ақсақалға сауал қойдым:

– Жәке, осы бір әнді Ақмола жағында шыққан, деп еститін едік. Ән «Есіл өзен, Қараөткелдің жағасы» деп басталады.

– Әрине, солай. Ән сөзінің өзі-ақ айтып тұр ғой.

– Сіз көкшелік болғанмен, өзіңізге ертеден етене Ақмола жағын көп аралап жүресіз. Осы әнді кім шығарды екен? Соның жөнін білдіңіз бе?

– Авторы – Ғайса Есенбаев, – деді ол жайбарақат қана.

– Танисыз ба?

– Әлбетте.

– Ол кісі қазір қайда?

– Е, одан бері не заман өтті. Бар-жоғын білмеймін. Көріспегелі қашан. Біреуіміз ойда, біреуіміз қырда дегендей, бір-бірімізден көз жазып қалдық. Бірақ жаманатын естігем жоқ. Негізгі тұрағы Целиноградта болатын. Ә, өмір… өмір. Қатарымыз да сиреп барады. Со­лай. Жә, жаңағы әнге ойысайын, – деп Жаналы кереуетінің бас жағында сүйеулі тұрған қоңыр домбырасын алды да балбырата шертті. Шертіс емес, домбы­ра қоңырлатып бір сөйлейді. Ән әуе­зіне қоса ән тарихы ағытыла берді: – Мен соғыстан келген соң әртүрлі жұ­мыстар істеп, Қарағандыда концертке шы­ғып, әртіс боп, одан Ақмолаға қайта келіп, облыстық сауда бөлімінде қызмет етіп жүрдім. Жұбайым Нағима қаладағы Жамбыл атындағы мектептің оқу ісінің меңгерушісі. Әрі химия пәнінің мұғалімі. Ал Ғайса Есенбаев дейтін азамат Сталин атындағы орта мектепте тарих пәнінен сабақ береді екен. Дүрдей мұғалім. Сырттай біліп жүрдім. Ол да соғыстан дін-аман келген екен. Мектеп мұғалімдері бір-бірімен жиі араласатын-ды. Аядай ғана қала. Жұрт бір-бірімен жүзтаныс, көзтаныс. Дуылдасып бір-бі­рін шақырысып жатады. Сондай бір оты­рыста Ғайсамен бірге болдық. Таныстық. Дастарқан басы, қызу әңгіме үстінде мен «Есіл өзен» әнін айттым. Ойымда ештеме жоқ, әнді кербез керілтіп бас­тай бергенімде қонақтар бір-біріне қас қағып, ымдасып, жымың етісіп, қозға­лақтап кетті. Мен кідіргем жоқ, әнді айт­тым да шықтым. Бір кезде өзін «Ғайса Есенбаев» деп таныстырған, сып­ты­ғыр келген, орта бойлы, сәулетті кісі қал­тасынан екі бүктелген бір парақ қағазды алды да үн-түнсіз шумақ-шумақ өлең жаза бастады. Жазып болды да: «Сіз менің әнімді айттыңыз. Сізге көп рахмет! Кей сөздерін дәл айтпадыңыз. Оған сіз кінәлі емессіз. Ел аузынан үйре­ніпсіз. Міне, «Есіл өзеннің» сөзі» деп әлгі қағазды күлімсіреп, сыпайы ғана ұсын­ды. Жібектей сызылған бір сыпа, ізет­ті жан. Тебіренгенім сондай, әдемі жа­зылған өлең жолдарына қарап, үнім шық­пай қалды. Іштей сасқалақтадым. Өзімді ұстаз алдында отырған шәкірттей сезіндім. Ғайсаның мысы басып барады, мүлде.

«Есіл өзеннің» авторымен осылайша жүздестім. Зипа бойы келісті, текті азамат.

Әңгіме осылай кеп бір тоқтағанда Жаналының домбырасын алып, «Есіл өзенді» шерттім. Жаналы бұған таң-тамаша боп: – Біледі екенсің ғой! – деп сүйсіне жымиды.

Сөзіміз қайта жалғасты.

– Ғайсаның өзі ән сала ма екен?

– Жоқ. Жай ғана ыңылдап айтатыны бар екен. Бірақ оның есесіне өзі өте сері көңілді жан. Жиын көркі. Келіншегі Аққыз екеуі отырысқа ерекше бір шырай таратты. Біз сияқты әншілерді қолпаштап, әр әнімізді әулие ғып сыпаттап, жиі-жиі шырқатты. Өзі орыстың тебіреністі халық әндерін, соғыс жылдарында туған әндерді көп біледі. Оны да аңғартып қойды. Өте сауатты адам.

Осы сөзден кейін «Есіл өзен» әнін Жаналы Қалиевтің орындауында ма­г-­
ни­­тофонға түсірдім. Өз дауысын өзі тың­дады да көзі жасаурап, терезеден сырт­қа қарап, мұңға батты. Жеңіл күр­сінді де: – Көңіл дітіңді түсіндім, шыра­ғым. Құдайға шүкір, қол-аяғым сау, тә­нім таза, Алматыға өстіп жыл сайын келетін әдетім. МВД-ның жолдамасымен осы санаторийінде емделемін. Өзім сияқты жандарға ән салып беремін. Ал ендігі бір келгенімде мен саған Ғайса Есенбаевтың бар-жоғын айтамын. Маған жүктейтін аманатың сол болсын. «Есіл өзендей» әннің иесі ұмытылуға тиіс емес, шырағым, – деді.

«Есіл өзен» әні мені тербеді де жүрді. Жоғалған ән қайта табылды. Ендігі есі-дертім ән иесі – Ғайса Есенбаевтың мән-жайын білу.

1991 жылдың қаңтар айының аяғында Жаналы ақсақал мені жыл құсындай жылт ете түскен бір хатымен қуантты. Оған қоса сонау Талшықтан маған телефон соқты. Сондай мәз. Ғайса Есенбаевты іздеп, сол Целиноградтан тапқанын жыр ғып айтты. Ал, әлгі хатында Жаналы Ғайса Есетұлы Есенбаевтың өзіне жолдаған хатын, фотосуретін және «Суворовшы» деген майдан газетіне басылған «Қазақстан, сен үшін!» өлеңін… иә, «Есіл өзен» әнінің сегіз шумақ толық сөзін жіберіпті. Және «Майдан жолынан» әнінің өлеңі тағы бар. О, тоба, тападай тал түсте көзімізден таса боп, көңілімізден ұмытылған қайран композитор, қайран азамат Ғайса Есенбаев дін-аман… дін-аман екен! Ие салған тәңір сыйын қараңыз. Дүниеде бар адамды жоқ санатқан, қызығынан гөрі күйігі көп қу өмір!

Енді Ғайса Есенбаевтың Жаналыға жазған сол хатын қаз-қалпында толық келтірейін: «Қымбатты Жаналы! «Есіл өзен» 1943 жылы майданға аттанарымда жазылды. Кезінде халық арасына кең таралуы да себепсіз емес, кешегі ауыр соғысқа біреудің әкесі, біреудің баласы, туыс-туғандары, жары, жанқияр досы, дегендей көп аттанып, аз қайттық қой. Сондықтан бұл өлең көптің мұңы, үміт-арманы болды.

Мен майданда 1943 жылы июнь, 1944 жылғы декабрьге дейін болдым. Әскери наградтарым бар (52-гв. СД 153 – полк. Гв. ст. сержант, комотд. автоматчиков арт. разведчик). 1945 жылдың басында Танкучилищесінде оқыдым.(Проскуров. Укр. ССР, ақырғы кезде Каменец-Подольск облвоенкоматының лекторы болып істедім).

«Майдан жолынан» «Есіл өзеннің» жалғасы десек те болады. Бұл сүйген қы­зым (соғыстан кейін қосылған) Аққызға (Сабитова) жолданды. Соғысқа «Курская дугада» кірісіп, Украинада, Прибалтикада болдым. Оң қолымнан жараландым. (1. 1Х – 43-ж.).

1945 жылы ноябрьде елге оралдым. Ұзақ жылдар оқытушылық қызмет атқар­дым. 1979 жылдан бері зейнеттемін.

Балтық бағытында орысша «Суво­ровец», қазақша «Суворовшы» атымен газет шығатын, сонда басылған «Қазақ­стан, сен үшін!» деген өлеңім Қазақ ССР Ғылым академиясының М. Әуезов атындағы иститутының архивінде бар көрінеді (фотокопиясын алсаң оңды болар еді. 1944 жылы, жаздың басы.) Мына фотокопия «Коммунизм нұры-
нан».

Аққыз қайтыс болған. Ержеткен үш ұлым бар. Өзім Целиноградтағы ескі үйім­де тұрамын. Менімен кездеспек бол­саң: Целиноград, Джамбула 48, 1. Ост. «Гори­зонт», авт. 8 және 16. Сәлеммен Ғайса Есетұлы Есенбаев. 8. 1-91.»

Бір кездерде ел жүрегін билеп, аңыз-жырға айналған «Есіл өзен» әнінің иесі бұйығы ғана ғұмыр кешіп, Целиноград қаласының бір елеусіз түкпірінде тұрып жатыр екен. Өз тағдырын қысқа ғана шерткен жанның әр сөзінен кісіліктің лебі еседі. Жұрт енді оның «Есіл өзен» әнімен қайта қауышады. Міне… міне, «Есіл өзен» әні:

Есіл өзен, Қараөткелдің қаласы,

Таныс жердің сайы менен саласы.

Туған қала, өскен жерім, хош сау бол,

Шақырады мені майдан даласы.

 

Бүгін, міне, қағаз-қалам қолға алып,

Бір-екі ауыз сөз жазамын толғанып.

Ауыр сапар, ұзақ жолға жүрерде,

Өткен күнді, болашақты ойға алып.

 

Жиырма үш жыл бұдан бұрын

бұл жерде,

Мен келіппін, көзімді ашып дүниеге.

Содан бері сан қалдырып,

сан қайттым,

Қараөткелдей туып-өскен жеріме.

Мүмкін, тағы қайта

айналып келермін,

Сүйікті ел, сенің бейнең көрермін.

Не жете алмай, ондай күнге алыста,

Тағдыр жетіп, жау оғынан өлермін.

 

Дәл тиген оқ суша ағызып қанымды,

Ауыр жара қинағанда жанымды.

Сендер елде, мен алыста дос-құрдас,

Кім түсініп, кім біледі халімді?!

 

Көрер адам өмірдің не салғанын,

Туған қала батады артта

қалғаның.

Мені ұмытпай жылы сөзбен

еске алсаң,

Сол болады әдейі іздеп барғаның.

 

Хош болыңдар, аға-іні, дос-құрдас,

Сүйікті жар, құрметті көп қарындас.

Қайда жүрсем кем болмаспын

ешкімнен,

Шын азамат тура жолдан

жаңылмас.

 

Хош бол Есіл, хош аман бол,

Қараөткел,

Алдымда бар талай ауыр тар өткел.

Өзің туып, еркелеткен ұлыңа,

Қан майданда қажымайтын

қайрат бер!

Ғайса әнінің соңына «1943 жыл. Июнь. Ақмола» деп қол қойып: «Бұл – менің майданға аттанарда елмен қош­тасуым» деп жазыпты. Осы әнмен бір жыл, бір айда іле-шала туған Ғайсаның тағы бір әні «Майдан жолынан» деп аталады. Оны Ғайса сүйген қызы Аққызға арнағанын айтады. Сол күндерде жиырма үш жастағы бұланай жігіттің жүрек сөзі әнге былайша құйылып түскен:

Екпіндетіп, ескен желмен алысып,

Поезд алып бізді алысқа барады.

Аралатып орман, ағаш, тау мен тас,

Неше түрлі әдемі, әсем қаланы.

 

Бетім алыс, мен майданға барамын,

Ұзақ жолда сені есіме аламын.

Ақ қағазға қарындашпен болса да,

Әдейі арнап сәлемімді жазамын.

 

Көңілім берік, қайраттымын,

денім сау,

Шошындырмайд(-ы) тұрғандығы

алда жау.

Күлталқандап фашистерді күйретіп,

Жеңіспенен ораламыз елге сау.

 

Егер жарың қайта оралып бармаса,

Берген серті, уәдесі алдаса.

Көп жылама,

қайғы арқалап, қажыма,

Сау қайтқандар ішінде ол болмаса.

 

Елім үшін, жерім үшін, жар үшін,

Адал ниет, азаматтық ар үшін.

Мен аянбай кескілесем майданда,

Қаза болған боздақтардың

қаны үшін!

Қиын күнде жан-жүрек демеуі болған асыл ару Аққызы Ғайсаны жарқын үміт­пен аңсап күтіп, аман-есен қарсы алған. Екі ғашық құдай тілегін беріп, соғыстан кейін отбасын құрап, отау тіккен. Екеуі Ақмоладағы ең көрнекті, ең бақытты жандардың бірі боп жан сүйсінткен. Үш перзент сүйген. Бұл – сол соғыс кезінде майдан төрінде жүріп, «Дариға, сол қыз!» деп аһ ұрған от жүректі Қасым мен уыз ару Сақыпжамалдың пәк махаббатын еске салатын бір сүйінішті хикая. Махаббат баяны!

…Ғайса Есенбаев! Артиллерист-офи­цер. Жауынгер-композитор.

Мен осы хикаяны Жаналы Қалиев ақса­қалдың аузынан қағазға түсіріп, «Есіл өзен» әнін эфирден беріп, бір мақ­­­сатты ісім, діттеген арманым орын­дал­­­ғандай боп, көңілім шалқып жүр­ді. Жаналы Ғайсамен екеуіміздің ара­мызға байланысшы дәнекер болды. Ғайса өзі жөнінде ізденіп жүрген бар ісімді сырттай көріп-біліп, Жаналы ар­қылы маған ауызша сәлем жолдапты. «Кездесеміз» депті. Жаналы Алматыға бір келгенінде: – Мен Көкшетауда по­йызға отырарда Ғайсаға телеграмма жол­дап, «Алматыға бара жатырмын, же­тінші вагоннан күтіп ал», дедім. Мінсіз тәртіптің адамы – офицер ғой, екеуіміз уағдаласқан сәтте Целиноград вокзалында жолықтық. Көзімде ыстық жас.Төс қағыстырып, құшақтаса сүйістік. Әп-сәтте өткен-кеткенді алма-кезек айтысып, шүйіркелестік те қалдық. Сенің зерттеп жүргеніңді де айтып үлгердім. Саған жүрегіндегі бар алғыс сөзін жау­дырып, фотосуретін берді. Сонан соң «Ильяның дидарын бір көрсетші, маған» деп кемсеңдеп, көзіне жас алды. Көңілі босап, көз алдымда қаусады. Мінезім тез адаммын ғой: «Ой, құдай-ай, офицер адам да жылай ма, екен. «Смирно жүріп, строгий болу керек қой!» Мен Алматыға барысымен Ильямен кездесем. Екеуіміз теледидарға түсеміз. Болса да мен «Есіл өзенді» айтамын. Тіпті өзіңді де сол хабарға шақырттырам. Дайындал. Сілкін. Етек-жеңіңді қағып, еңсеңді түзеп, көңілді жүр», деп көтермелей сөйлеп ем, Ғайса тағы да көзіне ыстық жас үйі­ріліп: «Аққызым жоқ. Аққызым бар құ­тымды алып кетті. Мен Алматыға бара алмас­пын» деп сөзін жалғай алмай сай-сүйе­гімді сырқыратты. Біз әңгімелесіп, мен қайтадан вагонға отырдым.

Сол сапар, өзің білесің, келіп тұрдың, Алматыда «Қазақстан» санаторийінде бір айдай емделдім. Сосын елге қайт­тым. Елге келіп, біраз шаруаларымды оңдап, Ғайсамен хабарласып, келі­сіп, сол 1991 жылдың 29 тамызында Це­ли­ноградтың облыстық теледида­рында бас редактор Ескермес Иманбаев жүр­гізген хабарға түстік. «Есіл өзен» әнін орындадым. Байырғы ақмолалықтар Ғайса Есенбаевтың теледидардағы ле­бізін, жан тебірентер естелігін, әнін тың­дады. Ғайсаның жұрт алдында пешенесі жазылып, жұлдызы жарқырады» деді.

Мен бұған қуандым. Ғайсаны көру бір арман. Бірақ адамның қай діті алдынан шығып жатыр. Көкейдегі ісің бірде оңынан келеді, бірде мысыңды құртады. Бір өкінішім – кезек күттірмейтін қат-қабат істермен жүріп, Целиноградқа жолым түспей қойды. Ғайсамен жүздесе алмадым. Бір күні бір жайсыз хабар естідім. Жүрегімді ұйытқан суық сөз. Оны жеткізген де Жаналы ақсақал. Ғайса Есенбаев сол баяғы мыжырайған ескі үйінде ешкімге, елге, қоғамға керегі жоқ адамдай бұл пәни жалғаннан елеусіз ғана жүзін үйіріпті…

Бүгінде Ғайса Есенбаевтың «Есіл өзен» әні сәулетті астананы кемерлей ақ­қан ақ айдынды сұлу Есілдің үстінде жібек самалдай желпиді.

 

Илья ЖАҚАНОВ