Байденнің межелі мерзімі «мәңгілік соғысты» тоқтатқысы келетіндердің көңіл күйін көтерді. Бірақ бұл қадам сонымен қатар Ауғанстан үкіметінің күйреуін, билік талибтердің қолына өтуін, «әл-Каида» белсенділігінің қайта артуын болжағандар тарапынан сынға ұшырады. Қазірдің өзінде зорлық-зомбылық күшейіп барады. Әйелдердің құқықтары, гигиена және денсаулық сияқты салалардағы прогресс кері кету қаупі мол. Дегенмен, әскерге қатысы жоқ осындай мәселелерді шешудің тиімді жолдары бар.
Қарап отырсақ, Американың Ауғанстан саясатына қатысты әскери өлшемшарты баршаның назарын аударатын секілді. АҚШ-тың Орталық қолбасшылығының бұрынғы қолбасшысы және Орталық барлау басқармасының бұрынғы директоры, генерал Дэвид Петреус «АҚШ-тың шексіз соғысқа қатысуын тоқтату мәңгілік соғысты тоқтатпайды. Бұл қадам біздің іс-қимылымыздың аяқталғанын көрсетеді. Мен ахуал одан әрі нашарлайды ма деп қорқамын», деп ескертті. Петреус сонымен қатар АҚШ-тың терроризмге қарсы аймақтық іс-қимылдарға қажетті маңызды алаңды жоғалтып жатқанын атап өтіп, Америка әскер шығару туралы шешіміне түбінде өкінетінін жеткізді.
Мұндай қауіпті Байден әкімшілігінің кей шенеуніктері де айтып отыр. Орталық барлау басқармасының директоры Уильям Бернс Американың елдегі барлау ақпараттарын жинау қабілетінің төмендеуіне байланысты қиындықтарға тоқталды. Осылайша, ұлттық қауіпсіздік кеңесшісі Джейк Салливан ашық айтқандай, Байден әкімшілігі «ел ішінде не болатынына ешқандай кепілдік бере алмайды. Ешкім кепіл бола алмайды».
Бірақ деп жалғастырды Салливан, Байден әкімшілігі Ауғанстанның қауіпсіздік күштерін ресурстармен қамтамасыз етіп, жаттығу жасау арқылы елдің тағдырына қатысты қауіпті болжамдарды болдырмауға күш сала алады. Сонымен қатар қорғаныс министрі Ллойд Остин НАТО-ны сендіріп, АҚШ Ауғанстанның негізгі мүмкіндіктерін қаржыландыруды жалғастыратынын жеткізді. Билік өкілдерінің айтуынша, дрондар, круиздік зымырандар мен шпиондық бағдарламалар ақпарат жинауға көмектесіп, жойқын соққы жасауға мүмкіндік береді. Салливанның сөзіне сенсек, АҚШ алыста жатса да, елдегі ахуалға сергек қарамақ.
Бірақ мұндай күшке сүйенген тактика Ауғанстанды тұрақтандырмайды, ұзақ мерзімді бейбітшілік пен өркендеу жолына түсірмейді. Ол үшін жұмсақ қуатты шешімдер де маңызды.
АҚШ пен НАТО әскерлері кетсе де, Біріккен Ұлттар Ұйымы Ауғанстанға көмек көрсетуін жалғастыра береді. Мәселен, елде 160-тан астам гуманитарлық агенттік бар. Өткен аптада АҚШ Мемлекеттік департаменті елдегі гуманитарлық серіктестеріне мұқтаж жандарға, оның ішінде миллиондаған қоныс аударушыларға қолдау көрсетуге көмектесу үшін 266 миллион доллар көлемінде жаңа көмек беруге уәде берді.
Кейбір сарапшылар келешекте Ауғанстандағы жағдайды жақсарту үшін осындай көмекті пайдаланудың тиімді тәсілін ұсынды. Мәселен, АҚШ-тың қорғаныс министрі қызметін атқарған, Орталық барлау басқармасының бұрынғы директоры Роберт Гейтс Ауғанстанға арнайы халықаралық даму қорын құруға кеңес береді. Ондағы қаражат саяси және экономикалық реформаларға немесе әйелдердің негізгі құқықтары мен лаңкестіктен бас тарту енген бейбіт келісімге жұмсалуға тиіс.
Сол секілді, Эшли Джексон мен Рахматулла Амири халықаралық көмекті әйелдер мен қыздардың кейінгі жиырма жыл ішінде алған құқықтарын сақтап қалуға жұмсау қажеттігін алға тартады. Тіпті керітартпа «Талибан» билікке оралса да бұдан бас тартпау керек. Өйткені олар атап көрсеткендей, қазіргі Ауғанстан үкіметі бюджетінің 75 пайызы халықаралық көмектен келеді.
Джексон мен Амири білімнің рөліне ерекше маңыз береді. Бұған себеп жеткілікті. Ауған халқының 70 пайыздан астамы – 25 жасқа дейінгілер. Қазіргі таңда жастарға білім беру білікті жұмысшыларды, тиімді көшбасшылар мен белсенді азаматтарды қалыптастырады. Бұл – саяси тұрақтылық пен тұрақты экономикалық даму формуласы.
Кейінгі 20 жыл ішінде білім беру саласында елеулі табыстарға қол жетті. 2001 жылдан кейін ұлдар мен қыздар арасындағы білімге қолжетімділік он есе өсті. АҚШ-тың Халықаралық даму агенттігі (USAID) Ауғанстанның жоғары білім министрлігіне сілтеме жасай отырып, «2001 жылы 900 мың ер студент болса, 2020 жылы олардың саны 9,5 миллионнан асты. Олардың 39 пайызы – қыздар», деп хабарлады.
Мұндай ілгерілеуге шетелдік донорлардың арқасында қол жетті. Осындай қолдаудың арқасында ЮНИСЕФ-пен жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдар бастауыш білім беруді нығайтуға өз үлестерін қосты. USAID ауғандық оқу орындарының дамуын күшейту үшін АҚШ университеттері мен мектептерінің тәжірибесіне сүйеніп, арнайы бағдарламалар жасады. Донорлардың қолдауымен магистратура бағдарламалары, оқытушылық дайындық, сертификаттау бағдарламалары мен білім беру стандарттары бойынша нұсқаулықтар оқытуды кәсіби деңгейге көтеруге және зерттеулерді жандандыруға көмектесті.
Бірақ Ауғанстанда жалпыға бірдей білім беруді сапалы жүргізу күрделі мәселе болып қала береді. ЮНИСЕФ мәліметіне сүйенсек, шамамен 3,7 миллион ауған баласы мектепте оқи алмайды. Олардың жартысынан көбі – қыздар. Covid-19 пандемиясы және кейінгі кездегі зорлық-зомбылықтың күшеюі қосымша қиындық туғызды. АҚШ пен НАТО әскерлерінің шығарылуы зорлық-зомбылық қаупін одан әрі арттыратындықтан, білім беруді қолдау мен кеңейту маңызды.
Қауіпсіздік пен денсаулық жағдайын ескерсек, алыстағы серіктестер үшін бұл бағытқа күш салу маңызды. Бақытымызға орай, мұндай шаралар виртуалды оқыту платформалары мен оқыту әдістемелерінің жылдам дамуына, сондай-ақ пандемиядан кейін ортаға шыққан телекоммуникациялық жабдықтарға қолжетімділіктің артуына негіз болады.
Әрине білім Ауғанстанда тұрақтылық пен өркендеудің қажетті шарты екеніне қарамастан, оны қамтамасыз ету жеткіліксіз. Бірақ USAID басшысы Саманта Пауэр өз естелігінде бөліскендей, білім мүмкін емес амбицияларды қол жеткізілетін мақсаттарға айналдыруы ықтимал. Кейінгі 20 жылдағы күш-жігердің арқасында бұл Ауғанстандағы көптеген қыздар мен әйелдердің бастарынан өтті. Оның жалғасуын қамтамасыз ету – халықаралық әскерге байланысты емес. Бұл халықаралық қоғамдастыққа байланысты.
Карен Дж.ГРИНБЕРГ,
Фордхэм университеті заң мектебінің Ұлттық қауіпсіздік орталығы директоры
Copyright: Project Syndicate, 2021.
www.project-syndicate.org