Тәуелсіздік • 03 Тамыз, 2021

Ку Хонг-сок: «Ең маңызды жетістігіміз – мәдени және достық қарым-қатынас»

868 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Еліміздің Тәуелсіздігі жылдарында Корея Республи­касымен (Оңтүстік Корея)  жан-жақты қарым-қатынас орнатылып, өзара тиімді ынты­мақтастық жемісті жалғасын табу үстінде. Осыған орай, Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ку Хонг-сок мырзаға бірнеше сауал қойған едік.

Ку Хонг-сок: «Ең маңызды жетістігіміз –  мәдени және достық қарым-қатынас»

– Құрметті елші мырза, Қазақ­стандағы дипломатиялық қы­зметіңізге кіріскеніңізге бір жыл толып отыр. Біздің елге келуі­ңіз жаһандық пандемия­мен тұспа-тұс келгені белгілі. Осы күрделі кезеңде Қазақ­стан­мен таныстығыңыз қалай басталды?

– Дұрыс айтасыз, Нұр-Сұлтан­ға келгеніме бір жыл болды. Мен негізі өткен жылы 8 мамыр­да Қазақ­станға елші ретінде таға­йын­далғаннан кейін бірден ұшып келуім керек еді. Алайда тура сол уақытта пандемияға бай­ла­ныс­ты Қазақстан мен Корея Рес­пуб­ликасы арасындағы әуе рейстері тоқтап, қызметіме кірісе алмадым. Жағдай тұрақталып, барлығы қалпына келгенде ашылған ал­ғаш­қы рейспен Қазақстанға ұшып кел­дім. Қазір еске алсам, сол сәт­те өзімді Қазақстанға қайта жол салған адам секілді сезінген екен­мін. Мұнда келіп, қызметіме то­лық кіріскеніммен, пандемияға бай­ланысты шектеулер көп еді. Дегенмен біздің елшілік індет­пен күресте қол қусырып отыра алмады. Екі ел арасындағы ден­саулық сақтау саласындағы ынты­мақ­тасты дамытуға белсене атсалыс­ты. Сол күрделі кезде Алматы қаласында орналасқан корей клиникасы індетті анықтауда диаг­ностикалық қызмет көрсетіп, вирус­пен күреске өз үлесін қосты. Кейінірек Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға жұмыс сапарымен барғанда сол мекеменің қызметімен де таныс­ты. Сондай-ақ Корея үкіметінің ін­дет­пен күрестегі тәжірибесін таныс­тыру үшін қазақстандық әріп­тес­термен түрлі кездесулер, се­ми­нарлар мен басқа да іс-ша­ра­лар ұйымдастырдық. Сон­дай-ақ Корея Республикасы Қазақ­станға 800 мың доллар көле­мінде гуманитарлық көмек көр­сетті. Бұл көмектің бір бөлігі Корея елшілігінің, ДДҰ-ның Қа­зақ­стандағы өкілдігінің және Қазақ­станның Денсаулық сақтау министр­лігінің қатысуымен үш­жақты форматта ұсынылды. Одан бөлек, қарттар үйлеріне, ба­ла­лар үйлеріне, мектептерге, ха­лық­тың осал топтарына арнап, қа­йы­­рым­дылық іс-шараларын өт­кіз­дік. Бұл іс-шараларға өзім де қа­тыс­тым. Мен үшін осы сәттер қызметі­м­мен бай­ланысты ыстық әрі қым­­бат ес­теліктер болып қалды. Ко­рей хал­­қында «Қиын сәтте қол соз­­ған до­сың – жақын туысыңнан қым­­бат» деген мақал бар. Мен де қазақ­­стан­­дықтарға шын көңілмен көмек­тес­­кім келді. Былтыр осы секіл­ді бір­қатар іс-шараны жүзеге асырдық.

– Қазақстан мен Корея Рес­пуб­ликасының дипло­матия­лық байланысы жоғары дең­гейде екені белгілі. Қос ел­дің саяси, сауда-экономи­ка­лық, инвестиция­лық, иннова­циялық, мәдени, спорттық және туристік салалардағы өзара тиімді ынтымақтастығы жыл­дан-жылға нығайып келеді. Мұның себебі неде деп ойлайсыз? Постпандемия кезеңіндегі қарым-қатынасымыз қалай дамымақ?

– Қазақстан тәуелсіздікке қол жет­кізгеннен кейін, 1992 жы­лы ел­деріміздің арасында дип­­ло­матия­лық қарым-қатынас орна­тылды. Келесі жылы ынты­мақ­­тастығымызға 30 жыл толады. Кореяда бұл кезең адам­ның жастықтан шығып, кемелдену шағы деп аталады. 2009 жылы екі ел өзара қарым-қаты­нас деңгейін стратегиялық әріп­тес­тікке дейін көтерді. Қазақ­стан біз үшін – Орталық Азия өңі­рін­дегі негізгі сауда және ин­вес­ти­циялық әріптесіміз, сон­д­ай-ақ «Жаңа Солтүстік саясат» бағдарламасының негізгі серіктесі. Менің ойымша, екіжақ­ты байланыстың үздіксіз дамуы екі ел басшыларының ара­сын­дағы сенімді қарым-қаты­нас­пен тікелей байланысты. 2019 жылы Корея Президенті Мун Чжэ Ин Қазақстанға келген сапа­рында Президент Қасым-Жо­март Тоқаевпен және Тұң­ғыш Пре­зидент – Елбасы Нұрсұл­тан Назар­баевпен кездесулер өткізді. Сапар барысында «Самал жел» атты экономикалық ынтымақтастық және өзара іс-қимыл деңгейін арт­тыру бағдарламасына қол қо­йылды. Одан бөлек, Үкімет, Пар­ламент деңгейінде де осындай тығыз ынтымақтастық орнаған. Десе де ең маңызды жетістігіміз – азаматтар арасындағы мәдени және достық қарым-қатынас. Халықтарымыздың дәл осы ізгі қасиеттері үкіметтер арасындағы ынтымақтастықты нығайта түседі.

Қазақстан көшелерінен Hyundai, Kia секілді корей өндіру­ші­лерінің автокөліктерін жиі көзім шалады. Әр үйде корейдің Samsung, LG компанияларының тұрмыстық техникасы, смартфоны бар. Сондай-ақ теледидардан корей телехикаяларын жиі көрсететінін байқаймын. Сол арқылы қазақ халқы Корея туралы көп біледі-ау деген тұжырымға келдім. Ал жылына 50 мыңнан астам қазақстандық Кореяға сая­хаттайды екен. Сондай-ақ қазақ мәдениеті Кореяда да танымал бола бастады.

Екі елдің пандемиядан ке­йін­гі ынтымақтастығына келер бол­сақ, басты төрт бағытты атап өт­кім келеді. Пандемия көр­сет­кен­дей, ең алдымен, денсау­лық сақ­тау саласындағы ынтымақ­тас­тық­ты күшейту қажет деп са­най­мын. Қазір әлемде қашық­тан жұмыс істеу, білім алу кеңі­нен таралып жатыр. Сол себепті, екіншіден, ақпараттық иннова­ция­лық технологияны дамыту маңызды. Үшіншіден, мұнай және газ саласындағы ынты­мақ­­тас­тық. Қазір климаттың өзге­руі, жаңартылатын энергия көз­­дері өзекті болып отыр. Төртін­шіден, бізге жасыл энергетика саласын­дағы ынтымақтастық маңызды.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзін­де таза энергетиканы және жал­пы жасыл технологияны жақ­тайтынын, жаңартылатын қуат көздерін пайдаланатын электр стансаларын салуды қол­дай­тынын айтып, бүкіл дамыған әлем атом энергиясына иек артады деген еді. Мен бұл пікірмен толық келісемін. Алайда атом энер­гиясын пайдалану кезінде қауіп­сіздік аса маңызды. Мұндай стансаларды саларда қауіпсіз­дік пен басқару тәжірибесі маңыз­ды. Кореяның бұл салада тәжіри­бе­сі жеткілікті болғандықтан, атом энер­­­гетикасындағы ынтымақтас­ты­қты қарастыруға болады дер едім. Егер Қазақстан атом стан­са­­сын салуды жоспарласа, Корея үкіметі бұған қызығушылық танытары сөзсіз.

Жалпы, Қазақстанда 300-ден астам шағын және ірі корей компаниясы жұмыс істейді. Бұрын тұрмыстық техника мен көліктер Кореядан тасымалданса, қазір Қазақстанда өндіріс орындары ашылған. Мәселен, былтыр Hyundai зауыты ашылды. Сондай-ақ «Рахат» компания­сын сатып алған кореялық Lotte корпорациясы Қазақстанда кондитер­лік өнім шығарады. Одан бөлек, құрылыс, банк саласында да Корея компаниялары белсенді. Қазақ­стан, ең алдымен, ресурсымен, ақылды, бәсекеге қабілетті жас мамандарымен, Кореяға деген жақсы қарым-қатынасымен және тиімді шарттарымен бізді қызықтырады.

– Орталық Азияда өткен ғасырда саяси қуғын-сүр­гінге ұшыраған этностық корейлер­дің үшінші ұрпағы өсіп-өніп келеді. Кезінде тарихи оқиға­лар­дың салдарынан жырақ­қа қоныс аударуға мәжбүр бол­­ған корейлер екі ел арасын­дағы байланыста қандай рөл атқарады?

– 1937 жылы көптеген корей Ресейдің Қиыр Шығысынан Ор­та­лық Азия елдерінің аумағы­на күштеп көшірілгені белгілі. Сол кезеңнің қиындығы туралы де­рек­ті фильмдер мен бағдарла­ма­лардан көріп білдім. Ел басына күн туғанда қазақ халқы ко­рей­лерді құшақ жая қарсы алып, баспана мен ас беріп, қолұшын созды. Осының арқасында Қазақ­станға жер аударған корейлер аман қалды. Қазір елде корей диас­по­расының 100 мыңнан астам өкілі тұрады. Жергілікті ко­рей­лер­мен кездесуде олар әрда­йым қазақ жері мен халқының рия­сыз көңіліне алғысын білді­ріп жатады. Корея Республикасы­ның елшісі ретінде мен де корей хал­қы­ның атынан Қазақ еліне шын жүрек­тен ризашылығымды білдіргім келеді.

Корей диаспорасының өкіл­дері бүгінде Қазақстан қоға­мын­да өз орнын тапты деуге болады. Пар­ламент Мәжілісі депутат­тары­ның 7-ші шақырылымына тарихта алғаш рет корей диаспорасынан 2 депутат сайланды. Корей диас­порасын Корея мен Қазақстанды байланыстыратын көпір деуге болады.

Сондай-ақ 1937 жылы Қазақ­станға күштеп қоныс аударылған корейлердің арасында Корея Республикасының Халық Батыры, тәуелсіздік үшін күрескен генерал Хон Бом До болғанын айтқым келеді. Ол Қызылорда қаласында жер­ленген. Алдағы уақытта Пре­зи­дент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына ресми сапары жүзеге асатын кезде батыр­дың сүйегін тарихи Отанына қай­таруды жоспарлап отырмыз. Бұл арқылы екі ел тұрғындарына сол бір тарихи оқиға мен өзара дос­ты­ғымызды тағы бір еске саламыз. Биыл екі елдің Үкіметтері Пре­­зи­дент Қ.Тоқаевтың Кореяға сапарын ұйымдастыруды пысық­тап жатқанын айта кеткен жөн. Бұл біздің өзара қарым-қатына­сы­мызды тағы бір деңгейге көтере­тін және Қазақстан Тәуелсіз­дігі­нің 30 жылдығын мерекелеу қар­са­ңындағы маңызды сапар болады деп есептейміз.

– Оңтүстік Кореяның сырт­қы саясатындағы Орталық Азияның рөліне тоқталсақ. Өзара байланыста басымдық қай салаға беріліп отыр?

– Орталық Азия мен Корея ын­ты­мақтастығының мың жылдан астам терең тарихы бар. Әсі­ре­се, бізді екі ел арқылы өткен Жібек жолы байланыстырды. Кейі­нірек, қазіргі тарихта 1937 жылы корейлердің Орталық Азия­ға жер аударуы халықтар ара­сын­дағы байланысты нығайта түсті. Ал 1990 жылдардың басын­да Кеңес Одағы ыдырағаннан ке­йін аймақтағы елдер арасын­да Қазақ­стан алғашқы болып на­рықтық экономикаға бет бұрды. Дәл осы себепті Қазақстан Корея­ның негізгі инвестициялық және сауда серіктесіне айналды. Орталық Азия елдерімен әріптестікті дамытарда әрдайым Қазақстанның аймақтағы көшбасшылық рөлін назарға аламыз. Жыл сайын Сырт­қы істер министрлері дең­ге­йін­де өтетін «Орталық Азия – Корея ынтымақтастық форумы» ар­қы­лы аймақпен байланыс­ты үзбейміз. Мемлекеттер арасын­да үйлестіруші қызмет атқа­ра­тын форум хатшылығы да бар. Қазақстан алдағы уақытта да ай­мақтағы көшбасшы ел ретін­де Корея мен Орталық Азия ынты­мақ­тастығының нығаюына ықпал етеді деп үміттенеміз.

– Сыртқы саясат туралы айт­қан­да Оңтүстік Кореяның Сол­түстік Кореямен қарым-қа­ты­на­сын айналып өту қиын. Осы ретте екі елдің қазіргі бай­ланы­сына қандай баға берер едіңіз?

– Корея үкіметі маңызды екі мақ­сатты көздейді. Олар – Сол­түс­тік Кореяны толығымен ядро­лық қарудан азат ету және түбек­те тұрақты бейбітшілік орнату. Бұған қол жеткізу үшін кез келген аран­датушылық немесе жанжал тудыратын әрекеттерді болдырмай, қауіпсіздік туралы өзара кепілдік болуы шарт және әл-ауқатты арт­тыруға бірдей ұмтылуымыз керек. Солтүстік Кореямен диалог жүр­гізіп, қақтығыстардың алдын алу маңызды. Соңғы жылдары Сол­түстік және Оңтүстік Корея мем­ле­кеттерінің басшылары бір­неше кездесу өткізді. АҚШ пен Солтүстік Кореяның басшылары 3 рет кездесті. Жақында Оңтүс­тік Корея мемлекетінің басшысы АҚШ-қа сапармен барып, жаңа­дан сайланған Президент Бай­денмен кездесті. Қос ел де Сол­түс­тік Кореяны ядролық қарудан то­лығымен азат етуге және ай­мақта бейбітшілік орнатуға ұмты­латынын растады. Бұл мақсатқа жетудің басты құралы – диалог пен дипломатия екені айтылды. Қазақстан Оңтүстік Кореяның солтүстік көршісіне қатысты сая­сатын үнемі қолдап келеді және болашақта да солай болады деп үміттенеміз.

– Соңғы жылдары Қазақ­стан­нан Оңтүстік Кореяға бара­тын еңбек мигранттарының мәсе­лесі өзекті болып отыр. Осы мәселеде Оңтүстік Кореяның ұста­нымы қандай?

– Жоғарыда айтып өткенімдей, екі ел азаматтарының достығы мен өзара қызығушылығы біздің ын­тымақтастығымызды одан са­йын ны­ғайта түседі. 2014 жылы ел­дер а­расында визасыз сапарлар туралы келісімге қол қойылды. Осыдан кейін Кореяға келетін қазақстандықтардың саны күрт өсті. Визасыз режімнің басты мақ­саты – азаматтар арасындағы байланысты жандандыру болды. Өкінішке қарай, Қазақстанның кейбір азаматтары бұл келісім­ді бұрыс пайдаланып, Кореяға заңсыз жұмысқа орналасу үшін барды. Қазір Қазақстаннан келген заңсыз еңбек мигранттарының саны шамамен 10 мың адамға жетті. Бұл Корея қоғамында да өзек­ті мәселеге айналып отыр. Оны шешу үшін екі ел Үкіметі, сон­дай-ақ көші-қон, құқық қорғау ор­ган­дары тығыз жұмыс істеуі керек деп есептеймін.

– Дипломат ретінде түрлі мем­ле­кет­терде қызмет еткен соң, сол елдердің мәдение­тін, ты­­ныс-тіршілігін тани бастай­ты­­­ныңыз анық. Қазақстанның, қазақ халқының қандай ерек­ше­­л­ік­терін айрықша атап өтер едіңіз?

– Қазақтардың корей мәде­ниетіне қызығуы және кері­сінше корейлердің қазақтың салт-дәс­түрін ерекше бағалауының себе­бі – екі ұлттың ұқсастығында дер едім. Мысалға, қонаққа деген құрмет пен ілтипатты айту­ға болады. 1937 жылы қазақтар­дың корей халқын жылы қабыл­даға­нын айттық. Осы секілді қонақжай­лылық Кореяда да бар. Отбасын жоғары қою мәдениетіміз де ұқсас. Үлкен шаңырақтың астында ата-әже, немерелерге дейін улап-шулап бас қосқанды жақсы көре­міз. Үлкенді сыйлау, құрметтеу екі халыққа да тән. Сол себепті қазақ­тар корей телехикаяларын көр­генде ортақ қасиеттерімізді бай­қап жатады. Тіліміздің грамматикасы мен құрылымы да ұқсас келеді. Кейде корей тілін үйреніп жүрген жастарды көріп, олардың біліктілігіне таңғаламын, тіпті корейлермен шатастырып алатын кездер де болады. Жаңадан ашылған қазақ драма театрына барғанда спектакльде ойнаған қазақ ұлттық музыкалық аспабын мына корейдің аспабына қат­ты ұқсаттым (бөлмеде тұрған жеті­генге ұқсас аспапқа нұсқады – М.Б.). Айтқым келгені – бізді бай­ланыстыратын ұлттық, мәдени құндылықтарымыз жеткілікті.

– Тіл үйрену мәселесі қалай болып жатыр?

– Мен 30 жыл бойы диплома­тия­лық қызметпен айналысып келемін және ана тілім – корей тілінен басқа, ағылшын, қытай, жапон және неміс тілдерін біле­мін. Әзірге қазақша амандасу мен күнделікті қолданысқа қа­жет кейбір сөзді үйрендім. Әри­не, тіл­ді меңгеруге ықыласым бар. Алай­да өзіме шет тілін меңгеру­дегі мүмкіндігімнің барлығын қол­да­нып тастағандай көрінеді және жалқаулық та барын жасыр­май­­­мын. Елшілікте қазақ тілінде сөй­лей­тін қызметкерлер үнемі кө­мек­­тесіп отырады, сондық­тан тілге қатысты қиындықты сезінбеймін.

– Қазақстанға келгелі бері жұмыстан бос уақытыңызды қалай өткізіп жүрсіз? Еліміздің көрік­ті жерлерін аралап, ұлт­тық тағамдарынан дәм татып үлгердіңіз бе?

– Қызметіме пандемия кезін­де кіріскеніме қарамас­тан, Қазақ­станның Алматы, Қызылорда, Атырау және Түркістан секілді ірі аймақтарында болып үлгердім. Осы қалалардың ішінде ең ма­ңыздысы – Алматы дер едім. Өйт­кені онда Оңтүстік Корея аза­маттарының көпшілігі, сондай-ақ корей диаспорасының өкілдері тұрады. Сондай-ақ Алматыда Корея Республикасының Бас консулдығы орналасқан. Есімде ерекше қалғаны – Қызылорда қала­сы. Айтып өткенімдей, онда ко­рей халқының тәуелсіздігі үшін күрескен қолбасшы, генерал Хон Бом До жерленген. Бұл аймақ­тың біз үшін тарихи маңызы зор. Қызылордаға сапарымда корей диаспорасының өкілдерімен кез­десіп, 90 жастағы қариямен тілдес­тім. Корея үкіметі Қорқыт ата атын­дағы Қызылорда мемле­кет­тік университетінде корей бұ­ры­шын ашты. Оған еліміз туралы кітаптар, оқулықтар мен түрлі материалдарды табыс еттік. Кездесулерден кейін Қызылорда тарабы қазақтың ұлттық дастар­қанын жайып, кешкі асқа ша­қырды. Онда дәмді астан бөлек, дәс­түрлі ән мен күй ойнады. На­ғыз қазақи ортада өткен сол іс­са­пар есімде ерекше қалды.

Одан бөлек, Атырау, Ақтау қа­лалары да Корея үшін маңыз­ды деу­­ге болады. Өйткені бұл өңір­лер­де экономикалық ынтымақтас­тық­ты арттыра түсетін энергетика саласындағы маңызды жобалар іске асырылуда. Сондай-ақ жақында түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістанға барған сапарымды ерекше атап өткім келеді. Қазақстан Үкіметі өңірдің туристік мүмкіндігін арттырып, түркі мәдениетін дамытуға барынша көңіл бөліп отырғанын көрдім. Түркістан қарқынды дамып келеді.

Ал елордада демалыс күндері бос уақытымда отбасыммен бірге қазақтың тағамдарынан дәм тату үшін мейрамханаларға барып тұрамыз. Ұлттық тағамдарды дәмді әзірлейтін орындарды алдын ала таңдап, міндетті түрде қонақ боламыз. Нұр-Сұлтан қаласында Есіл өзенінің жағасында серуен­дегенді ұнатамын. Сондай-ақ қала маңындағы клубтардың бірінде гольф ойнаймын. Одан бөлек, «Астана Опера» театры, музейлер мен қазақ драма театры секіл­ді мәдени орындарға барғанды ұнатамын.

Қоғамдық орындарға бар­ғанда санитарлық нормаларды қатаң сақтайтынымызды айта кет­кім келеді. Елшілік қыз­мет­керлері Қазақстанда жаппай вак­циналау басталған кезде шетел­дік дип­ло­матиялық өкілдік­тер­дің арасын­да алғашқылардың бірі болып екпе алды. Вакцина­ны ерте алу­ға мүмкіндік берген Қазақ­стан Үкі­метіне алғыс айт­қы­мыз келеді.

– Еліміздің күнделікті тыныс-тіршілігі туралы ақпа­ратты қайдан аласыз? Қазақ баспасөзін оқисыз ба?

– Күнделікті ақпаратты елдегі БАҚ-ты жіті бақылап отыра­тын қызметкерлерден біліп отыра­мын. Сондықтан қоғамда не бо­лып жатқанын, өзекті мәселелер­ден хабардармын. Мен қазақ тілін біл­мей­тіндіктен, «Еgemen Qazaqstan» секілді газеттерді ті­келей оқи ал­маймын, көбіне аудар­мадан қа­рай­мын. Ал ағылшын тілінде ақ­­парат тарататын онлайн басылым­дарды өзім қарап, күнделікті оқып отырамын.

– Тәуелсіздігінің 30 жылды­ғын атап өтіп жатқан Қазақ еліне қандай тілегіңіз бар?

– Сіздерді Қазақстан Тәуелсіз­ді­гінің 30 жылдығымен шын жү­ректен құттықтаймын! Осы 30 жыл ішінде Қазақстан толағай та­быстарға қол жеткізді. Бұл жетіс­тікке ел көшбасшыларының қосқан үлесі мол. Дегенмен бұл – осы елдің әр азаматының күш-жігері мен еңбегінің жемісі. Өкі­нішке қарай, 30 жылдық мерейтой пандемиямен тұспа-тұс келіп отыр. Алайда Қазақстан Үкіметі бұл дағдарысты ақылмен шешіп жатыр деп ойлаймын. Ал Корея билігі індетті еңсеруде қол ұшын созуға әрдайым дайын.

Қазақстанды Корея мен оның аза­маттары әрқашан жақын дос ретінде қабылдайды. Бола­шақ­та елші ретінде осы страте­гия­лық се­ріктестік қарым-қаты­на­сы­мыз­ды одан әрі дамытуда күш-жігерімді аямаймын. Биыл – Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жыл­дығы, ке­ле­сі жылы екі мемлекеттің ара­сын­­дағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толады. Алдағы отыз жылда біздің ынтымақтастығымыз одан сайын тереңдеп, нығая түсетін кезең болады деп сенемін. Ал қазақ­стандықтардан осы әріптестіктің жаңа деңгейге көтерілуіне қызы­ғу­­шылық танытып, қолдау біл­діруді сұраймын.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Меруерт БҮРКІТБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»