Сол жылдары Қазақстанның болашақ астанасында қайта құру үшін сан алуан жұмыс жүргізілді. Қала күннен күнге өсіп келе жатты. Ескі мәселелер шешілді, бірақ олардың орнына жаңа проблемалар пайда болды. Қиындықтарға қарамастан, қала тұрғындары өмірге құштар болды. Олар кемшіліктерге төзгісі келмеді, қайта өзіндік ұсыныстарымен мінбедегілерге мін тақты. Бұл сөзімізге, қалалық кеңес депутаттарының 9-шы шақырылымдағы 6-шы сессияның стенограммасы куә. Онда Целиноградтың коммуналдық шаруашылығының жағдайы мәз емес екені айтылады. Саланы нашар басқарған басшылардың аты-жөні де аталады.
Қалалық ванналарды жөндеу уақыты құжат бойынша 60 күн делінгенімен, 151 тәулікке созылған. Сонымен қатар Ишимская көшесіндегі монша екі рет жөнделген, әйтсе де сапасы сын көтермейді. Тіпті құлап кетуге шақ тұр. Белгілі болғандай, монша мен кір жуу зауытының директоры жөндеуге бөлінген ақшаны басқа мақсатқа жұмсаған. Дәл осындай жағдай басқа жөндеу жұмыстарында да болған. Мысалы, 1963 жылдың күзінде «Есіл» қонақүйіндегі жылыту қазандықтары қалпына келтіріледі. 1964 жылдың қаңтар айының басында қайтадан істен шыққан. Аңдасақ, бұл тұста түйткілдің төркіні монша болып тұрған жоқ, жемқорлықтың нышаны анық байқалады.
Бұған қоса сол уақытта қала тарихында бірінші рет сумен жабдықтау жүйесі салынады. Алайда «Водоканалдың» халыққа су сату жоспары толық орындалмады. Ауыз су жеткіліксіз. Мұны шенеуніктер халықтың санының өсуімен байланыстырады. Дегенмен қала тұрғындары қалалық су шаруашылығы басқармасы басшысының қызметтен кетуін талап етеді. Әрі сотта жеңіп шығады.
Оның үстіне қарапайым қала тұрғындары ғана емес, тұтас кәсіпорындар да су жетіспеушілігіне тап болады. Бұл жағдай кейбір басшыларды айла-шарғы жасауға итермелейді. Дәрігерлер бірінші болып дабыл қаққан. Қалада гепатит ауруы дендейді. Ақыры, қоғам белсенділері тергеуді өз қолына алды. Ол ол ма, жарылған құбырды тауып, қалалық кеңеске хабарлайды. Алайда жоғарыдағылар жазаланды ма, жоқ айыптан жалтарып кетті ме, белгісіз.
Құрылысшылар сметаны шамадан тыс асыруға құмар болған. Пушкин 12 көшесіндегі тұрғын үйді жөндеу құны 1,8 мың рубльді құраса, жөндеу жұмыстары 5,5 мың рубльге бағаланған. Ал нақты шығын 6,6 мың рубльге дейін жеткен. Сол уақытта бұл ақшаға екі жаңа үй салуға болатын еді. Оның үстіне тұрғындар баспаналары толық жөнделгенше жалдамалы пәтерде тұруға мәжбүр болыпты. Әйтсе де олар сол шығынды өз қалтасынан төлейді. Осыған орай мемлекет қаржысынан 8 мың сома заңсыз жұмсалған көрінеді. Бармақ басты, көз қысты әркеттің шеті шығып тұр.
Қалалық көлік жолдарын жөндеу мен абаттандыру мәселесі де өткір болыпты. 450 шақырымның тек 36-сы ғана жақсартылған. Халық жұмысшыларды сынға алып, жүргізушілер наразылық тудырады. Шаһарда саяхаттайтын дұрыс жер болғанымен, жолы нашар екенін депутаттар билікке баса айтады. Осылайша тұрғындардың талабын билікке тіке жеткізген депутаттар қаланың көркеюіне жол ашып, өткір-өткір сөйлейді.
Бұдан да қызықты һәм қилы ақпараттардың дені қалалық архивтің қамбасында жатыр. Біз арнайы бас сұғып, осындай мәліметтерге тап болдық. Целиноградтың Нұр-Сұлтанға айналғанға дейінгі жүріп өткен жолына қаныққыңыз келсе, сол маңнан бұдан да әсерлі деректерді жолықтырасыз. Біз тек оннан бір бөлігін ғана жеткізіп отырмыз. Ең өкініштісі сол, осыдан жарты ғасыр бұрынғы көзбояушылықтың әлі де басылмағаны. Баяғы жартас сол жартас дегендей. Сондықтан қаланың жандануына жұмыла күш салғанымыз жөн.