30 Сәуір, 2010

БЕЙ-БЕРЕКЕТ ТАРАТЫЛҒАН ЖЕР МӘСЕЛЕСІ ТИЯНАҚТАЛДЫ

634 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Бір кездері Алматы облысы мен Алматы қаласы маңындағы жер телімдерінің заңсыз үлестірілгені анықталып, осыған орай Елбасы тиісті мекемелерге ерекше тапсырма берген болатын. Бұл мәселе бойынша Үкімет басшысы өкімімен құрылған – құрамына Бас прокуратура, Қаржы полициясы және атқарушы билік органдары өкілдері кірген жұмыс комиссиясы кешенді тексерістер жүргізіп, біршама заңсыздықтарға жол берілгені анықталған болатын. Ал осы өзекті мәселенің бүгінгі таңдағы жағдайын тия­нақтау мақсатында Алматы қаласы және Алматы облысы өңіраралық жер инспек­циясында Жер ресурс­тарын басқару агенттігінің төрағасы Өмірзақ Өзі­бековтің қатысуымен кеңейтілген кеңес болып өтті. Басқосуда қала маңындағы жер телімдерін заңсыз иеленудің мән-жайы, қала іргесіндегі ауыл­шаруа­шылық мақсатқа арналған жерлерді өзге құры­лыстарға пайдалану жөнінде және мемлекет басшысының арнайы “Алматы облысы мен Алматы қаласы аумағындағы ерекше қорғауға алынған табиғаты әсем аудандарын пайдалануды реттеу туралы” жеке тапсырмасының орындалу барысы жөнінде талқылау болып, жауапты мекеме басшылары есеп берді. Алматы қаласы және облысы өңіраралық жер инспекциясының бастығы Әбдіғали Бегмановтың айтуы бойынша, жерді заңсыз басып алуға көбіне Алматы қаласындағы жаңадан құрылған Алатау ауданында жол берілген. Тексеру барысында 2008 жылы заңға қайшы әрекет жасаған 313 жеке тұлға әкімшілік жазаға тартылып, оларға 4,8 млн. теңге көлемінде айыппұл салынды. Аудандағы құзырлы мекемелерден және жер инспекциясының өкілдерінен құрылған комиссия мүшелері заңсыз қоршауға алын­ған жер телімдерін және бой көтерген тұрғын үйлерді есепке алғанда өз бетімен заңсыз салынған 4523 құрылыс нысандары анықталған. Сондай-ақ анықтау кезінде жер телімдеріне жергілікті атқарушы биліктің жалған шешімдерін қолдан жасау арқылы қарапайым халықтың сеніміне кіріп пайда тауып жүрген алаяқтар да белгілі болып, олардың үстінен қылмыстық іс қозғалған. 2009 жылы жер телімдерін тексеру қоры­тын­дысында аталған аудан бойынша 4237 әкімшілік іс қозғалып, заңға қайшы әрекет жасағандарға 79,9 млн. теңге айыппұл салынған. Өңіраралық жер инс­пекциясы мен жергілікті атқарушы билік өкіл­дерінің бірлескен тексерулері 2010 жылы да нәтижелі аяқта­лып, бірінші тоқсанда заңды белінен басқан 87 жеке тұлға үстінен әкімшілік іс қозғалып, олардан 6,1 млн. теңге айыппұл өндірілген. Мұндай іс-шаралар Түр­кісіб ауданындағы “Бақай” шағын ауданында да жүзе­ге асырылып, бүгінгі күні 317 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Сонымен қатар, өңіраралық жер инспекциясының басшысы әсіресе 2005-2008 жылдары жер телімдерінің бей-берекет саудаға салынғанын тілге тиек етті. Қолданыстағы жер заңнамасы талаптарын сақтамау салдарынан жергілікті атқарушы органдар Медеу, Іле Алатауы ұлттық паркі ерекше қорғалатын аймақ­тарында және Алматы қаласының төңірегінде орналас­қан бірнеше жер телімдерін заңдарды бұза отырып, заңды тұлғалар мен жеке азаматтарға құрылыс нысан­дарын салу үшін беріп жіберген. Осыған орай былтыр­ғы шілде айында қолданыстағы заңдарға ондай заң бұзушылықты болдырмау мақсатында біршама өзгеріс­тер де енгізілді. Бүгінгі күні Алматы қаласының маңын­да орналасқан жерлердің табыс етілуін ретке келтіру, олардың пайдаланылуын жер заңнамасы талаптарына сәйкестендіру мақсатында қала құрылы­сын жоспарлаудың кешенді жобасы дайындалып, Үкіметтің бекітуіне жіберілгендігі баяндалды. Бей-берекет таратылған жер мәселесі тиянақ­тал­ған басқосуда Жер ресурстарын басқару агентті­гінің төрағасы Өмірзақ Өзібеков кеңесте сөз болған мәселе­лерді қорытындылап, жер мәселесі Елбасының назарында екен­дігін, сондықтан алдағы уақытта бұл күрделі мәселе­лер бойынша жан-жақты жұмыстар жүргізілетінін айтты. Данияр БЕРІКҰЛЫ.  АЛМАТЫ.