Осы орайда айтпағымыз, Торғай өңірінде өрістеген ұлт-азаттық қозғалыс көшбасшыларының бірі Аманкелді Иманов жайлы болмақ. Батырдың жорық жолдары мен саяси іс-әрекеті жайлы бұған дейін көп зерттелді. Бірақ көтеріліс көшбасшысының суреті сақталмағандықтан осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында атақты суретші Әбілхан Қастеев көп жыл еңбектеніп, батырдың портретін салып шықты.
Аталған оқиғаға басты себеп – 1936 жылы ұлт-азаттық көтерілістің 20 жылдық мерекесіне орай халық батыры Аманкелді Имановтың портретін жасау туралы үкімет бастама көтереді. Осы жылдары қазақ кино өнерінің тұңғыш туындысы «Аманкелді» атты көркем фильм түсірілді. Осылай Аманкелді батыр образы заманауи тұрғыдан саяси идеологияның қаһарманына айналды.
Оның сыртында КСРО басшысы И.Сталин арнайы тапсырма беріп халықты патриоттық рухқа тәрбиелейтін қаһармандар тізімін жасатқан. Осы тізімге енген тұлғаларды дәріптеу бұқаралық сипатқа айналған. Бұл тізімде қазақ халқы атынан Аманкелді Иманов болған. Міне, осыдан кейін Кеңес өкіметінің болашағы үшін күрескен тұлғаның ескерусіз қалғаны жараспайды. Халықтың алдына ұстайтын батырдың көркем бейнесі керек. Кеңес өкіметін орнату жолында құрбан болған ерлерді елі осылай есте сақтайды...
Осындай саяси науқан қызған тұста суретші Әбілхан Қастеев Мәскеудегі көркем сурет студиясында білім алып жүрген. Осы оқу орнын 1937 жылы бітіріп келіп, 1939 жылдан бастап Әбілхан аға Аманкелді батырдың портретін салу ісіне кіріскен.
* * *
Халық батыры Аманкелді Имановтың артында ешқандай сурет сақталмағаны жайлы жоғарыда айтып өттік. Ендеше, өзін көрмеген адамның суретін қалай салады? Сол себепті 1936 жылы берілген үкімет тапсырмасы үш жылға кешеуілдеген. 1939 жылы үкімет Қазақстан Суретшілер одағына екінші рет міндет жүктелген. Өнертанушы А.Плахотнаяның естелігінде, Аманкелді Имановтың портретін салуға 14 суретші таңдалғанын айтады. Соның бірі – Әбілхан Қастеев.
Аманкелді батырдың портретін салу үшін Әбілхан аға 1939 жылы Торғай өңіріне аттанады. Ондағы мақсаты – батырдың көзін көрген сарбаздарымен әңгімелесіп, батырға ұқсайды-ау деген адамдардың бейнесін салу, әрі туған-туыстарымен әңгімелесу, осылай өзін көрмеген бейтаныс адамның тарихи тұлғасын жасап шығару.
Бұл сапары жайында суретші 1960 жылы жарық көрген «Білім және еңбек» журналындағы мақаласында: «Мен батырдың бейнесін іздегенде екі түрлі тарихи материалдарға сүйендім. Оның біріншісі: документтік (архивтік) материалдар, онда Аманкелдінің суреттері болмағанымен өзі құрған отряды, жүргізген жұмыстары туралы деректер жазылған. Сондай деректер жұмысымды толық түсініп алуға қажет болды. Екіншісі – батыр туралы халық аузындағы аңыз-әңгімелер. Олар Аманкелдіге байланысты оқиғаларды, оның түр-сипатын, келбетін, іс-әрекетін, мінез-құлқын қолмен қойғандай етіп айтатын. Осындай материалдарды мол зерттей келіп, дұрыс түйіндегенде, іздеген бейнең ойдағыдай шығатынын байқадым», деп жазыпты.
Осылай батырдың туған жеріне барған суретші сарбаздарын, туыстарын, көзін көрген адамдарды жолықтырған. Әрбіреуімен жеке-жеке әңгімелескен. Мынаның мұрны, мынаның аузы ұқсайды деген адамдардың барлығының суреттерін салған. Осы адамдардың профилі (қыры) мен анфас (бет пішіні) ұқсастығын тексеріп отырған. Батырға ұқсастығы бар-ау деген 30 адамның портретін салып шыққан. 40-қа жуық этюд, деталь жасаған.
Бұл жұмыстарды ауызбен айта салу оңай. Шын мәнінде іске асуы өте күрделі құбылыс. Оның үстіне суретін салуды жақтырмайтын адамдар қаншама. Кейбір керіауыз ағайындар: «Қарағым, қолыңнан келмейтін іске ұрынып нең бар, келген ізіңмен қайтып кеткін, аруаққа шет боласың, одан да көзі тірі пенделердің бетін шимайласаң да болмас па еді!» деп суретшінің бетін қайтарып, қолын қағады. Оның бер жағында жол-көлік қатынасы атымен жоқ заман.
Жоғарыдағы оқиғалардың бір парасы жайлы журналист Қымбат Тоқтамұратқызының «Қазақтың тұңғыш суретшісі» атты мақаласынан («Астана ақшамы». 2004 жыл, маусым) үзінді келтірсек: «...Батпаққара ауылында батырдың туған інісі тұрады. Сол ағасынан аумайды, соны барып көр, деген желеуді малданып, салт атпен жолға шыққан Әбілхан аға алай-дүлей боранға ұрынып адасып кетеді. Әбден әлі құрығанда аттың басын бос жіберіп, ат ықтасын сайлауыт жерге келгенде жерге құлап түседі. Қар үсті-үстіне борап тұр. Бір мезетте көзі еріксіз ілініп кеткен екен, есін жиса біреулер өзін қардың астынан қазып алып жатқан сияқты. Беті-қолы домбығып үсіп кеткен. Шопан жігіт пен әйелі екеуі екі жақтап қармен ысқылап жүріп суретшінің жанын ажалдан аман алып қалыпты...».
Ұзын сөздің қысқасы, Әбілхан Қастеев осы жылы (1939) батырдың портретін салып, келесі 1940 жылдың жазында Торғай өңіріне алып барып, адамдарға көрсетеді. Көрген адамдар «ұқсайтын сияқты» дегенді айтады. Алайда бұл суретке өзі қанағаттанбайды. Жүзі ұқсағанымен қазақ халқының қасиетіне тән типтік бейнесі ашылмай қалған.
Содан 1941 жылы Аманкелдінің екінші портретін салады. Ол да өзін қанағаттандырмайды. 1943 жылы үшінші портретін фас және профилдік бағытта салып шығады (1-сурет). Бұл суретте батырдың келбеті даралана түседі. Бұл екінші Дүниежүзілік соғыс жүріп жатқан кез. 1943 жылы Алматы қаласында Абай атындағы опера және балет театрының фойесінде суретшілердің көрмесі өтеді. Ә.Қастеев соңғы суретін көрмеге әкеліп қояды. Көрмені әдейі аралап көрген мемлекет қайраткері Әліби Жангелдин досы Аманкелдінің суретіне қарап тұрып: «Мына суретке қарап досымды еске аламын. Сурет түп нұсқа Аманкелдінің өзіне жақын. Келбет ұқсастығы, мінез бітісі, типтік ерекшелігі мен белгісі кәдімгі өмірдегі Аманкелдінің өзіндей» деп ықылас білдіріпті («Қазақстан суретшілері». 1943 жыл, №2).
Келесі 1944 жылы Аманкелдінің туған баласы Шәріп Аманкелдіұлы орталық музей көрмесінде тұрған әкесінің осы суретін көріп, музейдің қолтаңба кітабына: «Әбілхан ағаның салған суретіне қарап әкемді көргендей әсерде болдым» деп жазыпты.
* * *
Әбілхан аға батырдың суретін салуды бәрібір тоқтатпайды. Бұған дейінгі салған суреттері көңілінен шықпай күні-түні ізденумен болады. Тағы да ел аралайды, бұрынғы салған суреттерін көрсетеді. Әйтеуір бірдемесі жетіспейді... Сөйтіп жүріп 1947 жылы Аманкелді батырдың жаңадан тағы бір суретін салып шығады (2-сурет). Бұл суретті ҚазССР Министрлер кабинеті бекітіп, қаулы қабылдайды. Портретті Торғай қаласында ашылған Аманкелді Имановтың мемориалдық музейіне жібереді.
Бір қызығы, осы суреттің басына да кішігірім «нәубет» төнген. Жойылып кетудің табалдырығына барып қайтқан. Оқиға былай болыпты. 1961 жылы Торғайдағы Аманкелді Имановтың мемориалдық музейінің директоры, әйгілі халық ақыны Нұрхан Ахметбеков қатты науқасқа шалдығып, ол кісінің орнына жас азамат Сейіт Кенжеахметов тағайындалады. Содан Аманкелді батырдың туғанына 90 жыл толған 1963 жылы «Торғайдағы батырдың музейі жабылсын, дүние-мүлкі Қостанайға көшірілсін!» деген солақай жарлық келеді. Музейді көшірмес бұрын оның мүлкі мен көрнекілік экспонаттарын тізімдеп, хаттап-шоттап қабылдау үшін облыстан Павливский дейтін қызметкер келеді. Ол кісі барлығын тізімдеп болып, қажетсіз заттарды өртеп жіберуге нұсқау береді.
Жойылуға тиіс заттардың арасында заманында 12 мың рубльге бағаланған Ә.Қастеев 1947 жылы салған Аманкелді батырдың суреті кетіп бара жатыр. Секең қостанайлық әріптесі Павливскийге әрі жалынады, бері жалынады, нәтиже жоқ. Көз алдында өнер туындысы өртенгелі жатыр. Амалы таусылған Сейіт аға айлаға көшеді. Қонағын өз үйіне алып барып ұйықтатып тастап, түн ортасында суретті ұрлап шығып, тығып тастайды.
Арада жеті жыл өткенде 1970 жылы Торғай облысы қайтадан ашылып, облыстың идеология жөніндегі хатшысы болып марқұм Өзбекәлі Жәнібеков келеді. 1972 жылы осы кісінің бастамасымен облыстық өлкетану музейін ашу қолға алынады. Осы орайда, Сейіт Кенжеахметұлы жоғардағы оқиғаны бір кезегі келгенде Өзекеңе баяндайды. Өзбекәлі ағамыз сол күні тығулы жатқан суретті алдырып, музейге қойдырады.
* * *
Суретші Әбілхан Қастеев батырдың портретін салуды осымен тоқтатып қойған жоқ. Егерде басқа біреу болса 1944 жылы осы еңбегі үшін «Қазақстанның Халық суретшісі» атағын алған сәтте-ақ тізгін тартып, тоқтар ма еді. Әбекеңнің өн бойында ондай тоқтау, тоқырау, өз ісіне орынсыз қанағаттану сияқты келеңсіз қасиеттер болмаған сыңайлы. Оның дәлелі ретінде айтарымыз: жоғарыдағы салған суреттерінің бірде-біріне қанағаттанбай, 1950 жылы Аманкелді батырдың портретін шыт жаңа қайтадан салып шығады (3-сурет).
Бұл картинада Аманкелді бейнесі шынайы халық батыры, қолбасшы ретінде көрініс тапқан. Осы суретке өзі де қанағаттанған. Халық та разы болған. Сурет Бүкілодақтық көркемсурет көрмесіне қойылып, жоғары бағаға ие болады. Әрі Мәскеудегі өнер баспасынан түрлі-түсті бояумен басылып шығып, бүкіл одақ көлеміне мыңдаған тиражбен таратылады. Бүгінгі орта мектеп оқулықтарына еніп, ұлттық энциклопедиялардың бәрінде бейнеленген Аманкелді батырдың бейнесі осылай дүниеге келген екен.