Тарих • 05 Тамыз, 2021

Елшінің еңбегі мен ерлігі

1478 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Қай кезде болсын қоғамның дамуын алға жылжытуда жекелеген тұлға­лардың феномені ерекше орын алады. Өз елінің тәуелсіздігі мен ұлтының жарқын бола­шағы үшін күрескен ірі тұлғалар бүкіл адамзат өркениетіне маңызды үлес қосып келеді.  Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Тарих толқынында» еңбегінде: «Аса көрнекті тарихи қайраткерлердің, шын мә­ніндегі мемле­кетшілердің тұтас бір шоғырының – жиырмасыншы ғасырдың бас кезінде-ақ қазақ мемлекеттілігінің даму мақсатын тұжы­рымдап берген тұлғалардың ұлттық мүдделерге қызмет етуінің ұлы тарихи үлгісі көз алдымызда тұр», деп жазғанындай, қазақ тарихындағы ірі тұлға­лардың қоғамда алған орны мен олардың ұлт үшін жасаған еңбектерінің маңызын көрсете білу – парызымыз.

Елшінің еңбегі мен ерлігі

Осы орайда Қазақстанның қазіргі заманғы мемлекеттілігінің бастауында тұрған көрнекті тұлға, нағыз елжанды, ардақты азаматтардың бірі – Нәзір Төреқұлұлының ұлтымыздың әлемдік кеңістікте өзіндік орнын иемденуге қосқан үлесін атап өтуге тиіспіз. Өткен ғасырдың басында егемен ел болу үшін өлшеусіз тер төккен Алаш қайраткерін кеңірек тануға тек еліміз дербес саясат жүргізе бастаған кезде ғана мүмкіндік туды.

«Туған халқын жанындай жақ­сы кө­ріп, табиғат молынан берген қабі­лет-дары­нын, ақыл-білімін, күш-жі­герін соған адал қызмет етудің ізгі мұ­рат­тарына арнаған қазақтың сайып­қыран перзенттерінің бірі, бірі емес бірегейі Н.Төреқұл­ұлы болып табылады», деген еді халық жазушысы Қал­тай Мұхамеджанов дипломат, сая­сат­кер Тайыр Мансұровтың «Елші Н.Төре­құл­ұлының Арабия дастаны» кітабына жазған алғы сөзінде.

Нәзір Төреқұлұлы Ресей отаршыл­ды­ғы­ның Түркістан халықтарына қан­шалықты қасірет алып келетінін жан-жүрегімен сезінген. Бұл туралы ойларын ол Ташкентте, Мәскеуде шығып тұрған басылымдарда жариялаған мақалалары мен биік мінберлерде жасаған баяндамаларында бүкпесіз айтқан. Ресейдің Түркістанды шикізат өндіретін ел ретін­де санап, оның мәдени өркендеуіне мүдделі болмағанын, қайта халықтың өсіп-өркен­деуін тежеп, кедергі келтіріп отыр­­ға­нын тұңғыш рет айтып, ашық әш­ке­релеген. Н.Төреқұлұлы – осындай сая­­си әрекеттері арқылы XX ғасыр ба­сын­дағы ұлы өзгерістер кезеңінде тарих тол­қынымен сахнаға шыққан күрескер. Дүниетанымы демократиялық бағытта қалыптасқан мемлекет және қоғам қай­раткері. Жиырмасыншы жылдары Түр­кістан Республикасы Коммунистік пар­тиясының бірінші хатшысы болып сай­лануының өзі көп жайтты аңғарт­қандай. Өйткені ол жылдары Тұрар Рыс­құлов, Сұлтанбек Қожанов, Мұстафа Шоқай, Мұхамеджан Тынышпаев секіл­ді «сен тұр, мен атайын» дерлік ірі тұлға­лар Таш­кентте шоғырланғанын, Нәзір со­лар­­дың қалауымен жас Түркістан Рес­пуб­ликасы Компартиясының бірін­ші хат­­шысы болып сайланғанын ескерсек, оның орны бөлек екендігіне көз жет­­кі­земіз. Міне, осы бір қилы кезеңде бас­тал­ған қайраткерлік жол жалындаған жас­­тық ғұмырын қиып түскен сталиндік реп­­рессияға дейін жалғасты. Ол негізінен ағар­­тушы, білгір баспагер, ел мен елді елдестірген елші болып өткен ғасырда өмір сүрген қазақ зиялыларының қақ ортасында шоқтығы биік тұрды. Қандай қызмет атқарса да халық қамын жеген қайраткер дәрежесінен бірде-бір рет ауытқымай өтті.

Нәзір Төреқұлұлы – қарымы үлкен қаламгер. Жастай жалындап өлең жаз­ған ол аласапыран уақытта Торғайға барып, «Қазақ мұңы» газетін шығарды. 1916-1917 жылдары толқыған Торғай күрескерлер шоғырланған төңкеріс­шіл ойдың бесігі болғаны көпке мәлім. Демек, Торғайда демократияшыл ойға рухани тамызық берген, қоғамдық ой­дың қозғаушысына айналған Нәзір ­Тө­реқұлұлы. Ташкентте «Темірқа­зық» жур­налын ұйым­­­­дастырып, шығарып тұрды. Қаламы ұш­­т­алып, ойы толысқан ол қазақ, өзбек, тә­­жік тілдерінде халық­тың көкейкесті мә­се­­лелерін қозғап, көп­теген мақала жазып жа­риялады. Бұл орай­да оны жалынды пуб­лицист ретінде танимыз.

Н.Төреқұлұлы өзбек, тәжік тілдерінде өз ана тіліндей сөйлеген, татар, башқұрт, қырғыз, әзербайжан тілдерінде оқыған, ағылшын тілін білген, аз уақытта араб тілін меңгерген полиглот, меңгерген бі­лімін іске жаратқан үлкен ғалым болған. 1926 жылы Бакуде өткен І түркологиялық конгреске арнайы қатысып, алфавит жайында баяндама жасаған. Онда латын әліпбиін қолдаған. Қазақ, өзбек, тәжік тілдерінде оқулық жазған. Өмірінің со­ңында түркі тілдерін салыстыра мор­фо­логиялық зерттеу жүргізген. «Түрік ха­лықтары кіндік баспасының» бас редак­торы кезінде 12 тілде кітап басып шығарған.

Нәзір Төреқұлұлы – Қазақстандағы алғашқы баспагерлердің бірі. Ұлт респуб­ликасында баспа ісін ұйымдас­ты­рушы болған ол Мәскеуде 1922-1928 жылда­ры «Күншығыс халықтары Орталық бас­пасында» бас редактор болып істеді. Түркі халықтарының мақал-мәтелдерін, жұмбақтарын кітап етіп бастырды.

1918 жылы РКП (б) қатарына өтіп, Қоқан Ревкомы төрағасының орынбасары және хатшысы болды. Ферғана облревкомының төрағасы болды. 1920 жылы Түркістан Коммунистік партиясы Уақытша орталық комитетінің мүшесі және оның Атқару бюросының жауапты хатшысы қызметін атқарды.

1922 жылдың қыркүйегінен КСРО ОАК жанындағы Орталық баспаның басқарма бастығы, сонымен бірге Мәс­кеу жоғары оқу орындарында шығыс тілдерінен сабақ берді, ғылыми еңбектер жазды. Оның «Бұхара Советтік Халық Республикасы», «Қоқан автономия­сы», «Ферғана мәселесі» тарихи шы­ғар­ма­лары бар. Өзбек мектебі үшін алғаш­қы оқулықтар жазды. 1923 жылы «Темір­қазық» журналын шығаруды қолға алды. Бұл журнал қазақ әдебиетіндегі кенжелеп қалған сын мәселесіне көңіл аудара бастады. «Нәзір жолдастың сыны қазақ әдебиетіндегі алғашқы сын деп айтуға болады» (С.Мұқанов. «Қызыл Қазақстан». №16, 1923 ж).

Көпұлтты Түркістан Республика­сының саяси тынысында Нәзір Төре­құл­ұлы партиялық және мемлекеттік жоға­ры билік тұтқаларын ұстаған. Жергілікті ұлт өкілдерінің алғашқылары қатарында Түркістан Компартиясы Орталық коми­тетінің бірінші хатшылығына сайланған. Одан кейін Түркістан Республикасы Орта­лық Атқару комитетін (ЦИК), Оқу-ағар­ту халық комиссариатын басқарды. Түр­кістан майданы революциялық әс­кери кеңесіне мүше болды. Сондай-ақ партия тарихы институтын өз қолы­мен ұйымдастырып, оның органы «Түркі-
­­с­тан­ның қызыл жылнамасы» журналын шығарды. Мемлекеттік құрылысты ен­гізудің қиыншылығын түсінген Т.Рыс­құлов, С.Қожанов, М.Тынышпаев, Х.Дос­­­мұхамедовтер оқу-ағарту ісіне аса мән беріп, Ташкентте тұңғыш қазақ жо­ға­ры оқу орнын ашты, бұл істің басында Нә­зір Төреқұлұлы тұрды. Ірі лауазымды қызметтер атқара жүріп, саяси ғана емес, мәдени іс-шаралар бойынша да оң шешімдер қабылдады. Бүкіл адамзаттық құндылықтарды игеруді қадір тұтуды өз ұлтының дәстүрімен ұштастырған.

Нәзір Төреқұлұлының Түркістандағы қызметі аса бір күрделі кезеңге – жаңа қоғамның әлеуметтік мұраттары жүзеге асырылған ауқымды әлеуметтік сынақ уақытына тұстас келді. Л.Троцкийдің пікірінше, жұмыс барысында кедергі аздай, жергілікті саяси топтарға «орта­лықтан жіберілген басшылар… дем бе­ріп, желіктіріп, түптің түбінде өз үстем­­дігін нығайтты… орталықтың сая­сатына қа­тысты мәселелерден шебер бұ­рып әке­тіп отырды…». Мұндай аласапыранда өзінің берік тоқтамын жүзеге асыру Нәзірге оңайға түсе қоймады. Әйтсе де ол принципіне адалдық танытып, ешкімге бас ұрмады, ұлтын, жолдастарын жасытып, сатып кетпеді. Әділдік орнығар деген үмітпен ғұмыр кешіп, еңбек етті.

Сол қызыл империя саясатының бел ортасында жүріп мұсылмандықты сақ­­тауды насихаттады, қорғады, қол­да­ды. «Ислам және коммунизм» мақа­ла­сында Ислам діні мешеу қараңғылықта қал­ды­рады деген қағиданы өмірден тәжі­ри­белер келтіре отырып теріске шығарды. 1921 жылдың 7 ақпанында Үкімет бас­шысы Н.Төреқұлұлы мұсылман жамаға­тының ыңғайын бағып, бүкіл Түркістан Республикасының көлемінде демалыс күнін жексенбіден жұмаға ауыстырған №14 декретке қол қояды. Сонымен бірге Құрбан айт күндерін мереке деп жария­лауы өзінің кеудесін оққа тіккенмен бір­дей еді.

Өкінішке қарай, Н.Төреқұлұлының бұл бастамасын сол дәуірде жүзеге асы­ру мүмкін болмады. Тек еліміз тәуел­сіздік алғаннан кейін ғана Тұңғыш Пре­зи­дентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың Жар­лығымен Құрбан айт демалыс күні болып жарияланды.

Сонымен қатар Нәзір Төреқұлұлы Пржевальск қаласының Қарақол атауын қолдаған.

Оның оқу-ағарту сала­сын­дағы ат­қар­ған жұмыстары, айтқан сөздері, жаз­ған мақалалары әлі де маңыз­ды. Кезінде ол елді сауаттандыруға баса назар аударып, бірінші кезекте жергілікті ұлттық мамандарды даярлауға ерекше мән берген еді. Ұлттық мамандар арқылы ұлттық мектептер ашуға, әр ұлттың өз тілінде білім алуына баса назар аударған.

Ташкентте әуелі қазақ ағарту институты аталған, кейін­нен жоғары педа­го­ги­калық институтқа айнал­­ған оқу орнын құрудың басы-қа­сын­да жүрді. Бұл қазақ халқының тари­хындағы тұңғыш жоғары оқу орны еді.

1922-1926 жылдары Мәскеуге ша­қы­рылып, КСРО халық­та­рының Орта­лық баспасын басқарды, ғылыми-педа­гогикалық жұмысқа ара­лас­қан. Шы­ғыс еңбекшілерінің Ком­мунистік универ­ситетінде (КУТВ) дә­ріс оқып, біраз уақыт осы оқу орнында проректорлық қыз­мет атқарған. Осы жылдары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Бай­тұрсынов, Мағ­жан Жұмабаев сияқ­ты ақыл-ой алып­тары, «алашордашыл­дарға» қолдау көр­сеткені үшін ұлтшыл атанды. Осылайша, өкін­ішке қарай, 1937 жылы нақақтан жала жабылып, жазықсыз атылып кетті.

Өзінің қысқа өмірін Нәзір Төреқұл­ұлы толығымен ұлтына, оның болашағына арнады. Сол бір аласапыран заманда одақтық деңгейде басшылық қызметтер атқарды. Соның ішінде Түркістан Орта­лық атқару комитетінің төрағасы ретінде халқымыздың жағдайын, әл-ауқатын жақсарту, олардың рухани мәдениетін арттыру, мәдениет, білім ошақтарын көбейту, жастарды тәрбиелеудегі еңбегі ұшан-теңіз. Ол тек қана қазақ халқы емес, бүкіл түркітілдес халықтардың мақ­та­нышына айналды. Өмір жолының қай кезеңінде болсын, халықпен етене араласып, адамдарды мәдениетке, әдебиетке баулыды. Өзі шығарып отырған газет, журналдар беттерінде жарияланған ма­қа­­лалары езілген халықтарды жігер­лендіріп, бойларына күш-қуат берді.

Түркістан Орталық комитетінің төр­ағасы болып жүріп жерді пайдалану жө­­ніндегі шығарған қаулы-қарарлары бүгінгі күнге дейін өз маңызын жойған емес. Әсіресе жеке қожалықтар құру жө­ніндегі ойлары бүгінгі нарық заманында іске асуда.

Түркістан Үкі­метін басқарып тұр­ған­да Түркістан Рес­пуб­­ликасының Маң­ғышлақ уезі мен Адай болысының Қа­зақ Республикасына берілуін қолдаған қа­рарға қол қойып, оған өзгелерді де көн­діре білген. Яғни, Маңғышлақ уезі мен Красновод уезінің №4, 5 Адай болыстарын Өзбекстан мен Түрікменстанның аумақтық бөлінісі­не кіргелі тұрған же­­рінен тұрмыстық ерек­шелігі мен этно­­графиялық құрамына қа­рай Қыр­ғыз (Қазақ) Кеңестік Социа­лис­тік Рес­пуб­ликасына беру туралы №341 дек­рет­ті бекітіп, қазақ елінің рес­ми тер­ри­ториялық картасына қабыл­­дат­қызған. Cол кезеңде бүгінгі Маңғыс­тау об­лы­сы Закаспий облысының құра­мын­да болған еді. Закаспийдің бергі беті – Түрікменстан, Маңғыстау жері бол­са, арғы беті Дағыстанның жері бола­тын. Мұндай тарихи маңызы зор құ­жат­тың бастамасында 1920 жылдың 16 қа­занында Түркістан Республикасы Орталық Атқару Кеңесінің төрағасы Нәзір Төреқұлұлы тұрған еді. Осылайша, ел болашағын айқындаған құжатқа қол қойған Алаштың біртуар ұлының ерен еңбегінің арқасында қойнауына құт қонған қасиетті Маңғыстау түбегі қазақтың бағына айналды.

1927 жылы 15 желтоқсанда КСРО Орталық Атқару Комитетінің Төралқасы Нәзір Төреқұлұлын Хиджаздағы (Сауд Арабиясы) елші етіп тағайындайды. Сегіз айдан соң Нәзір жаңа қызметке Таяу Шығысқа аттанады. 1928 жылғы маусымда Сауд Арабиясында КСРО Бас консулы – Сауд Арабиясындағы КСРО Төтенше елшісі және Өкілетті министрі болып тағайындалады. 1928 жыл­­дың 3 қазанында Мекке қаласында ко­­рольдің ұлы Фейсал ханзадаға сенім гра­­мотасын тапсырады. Осылайша, Нә­зір Төреқұлұлы КСРО-дағы тұңғыш қа­зақ елшісі атанды. Жаңадан іргесі қала­нып, әлемді тек мұнайымен ғана емес, рухани байлығымен аузына қаратқан Сауд Арабиясына КСРО-ның елшісі болу қарапайым қызмет емес еді. Бұл елге елші таңдаудың өзі үлкен саясаттың жемісі болатын. Тағайындау алдында мұсылмандығы, қабілеті, білім дәреже­сі, қазақ халқының өкілі екендігі – бәрі ескерілген. Түркістан Автономиясында оқып, білім алғаны, қызмет істегені де назарға алынған. Сөйтіп ол алып им­перияның өкілі ретінде шетелде 8 жыл бойы қайраткерлік көрсетті. Елшілік міндетіне кіріскен Н.Төреқұлұлы елшілік жанынан емдеу клиникасын ашуға күш салады. Артынша балаларға арналған тіс емдейтін кабинет аштырып, Мәскеуден Мерзон деген маманды алдырады.

Елші Нәзір Төреқұлұлы араб түбе­гіне келгенде жергілікті саяси ахуал Англиямен қарым-қатынасқа байланысты барынша шиелініскен кезең еді. Мұсылман дүниесінің жан сырына қа­нық, хас иманды, аузы уәлі елші ғалам­дық дау-дамайға батыл араласады. Араб­­ша білмейтін Нәзір көп ұзамай аудар­­машысыз-ақ байланыс орната біл­ген. Мұнысы еуропалық елшілерді, әсі­ре­се, ағылшын Бонд мырзаның өзін таң­ғал­дырған. Сонымен қатар Нәзір ко­роль­дің аса ықпалды тұлғасы, қаржы ми­нистрі Абдулла Сулейманды КСРО-мен сауда қа­тынасын жасауға көндіреді.

Нәзір Төреқұлұлының дипломатия­лық корпус дуайены (бір мемлекет­те­гі бүкіл ел елшілерінің жетекшісі) болып тағайындалуы ағылшындар­­мен арадағы «тарихи тартысты» өз пай­да­сына шешкендігінің нәтижесі еді. Осы қызметте жүріп, әлденеше рет үлкен және кіші қажылыққа барып, мұ­сылмандық парызын да өтейді. Сегіз тіл­ді еркін меңгерген азулы елдің ел­шісі Н.Төреқұлұлының жастайынан қа­лыптасқан мәмілешіл, бітімгершілік қасиеті екі елдің арасындағы дипло­матиялық қатынастарды биік са­тыға көтергені – тарихи шындық.

Академик, Ресейдің көрнекті мемлекет қайраткері Евгений Примаков өз еңбектерінде: «Қайсыбір мемлекетке қатысты саяси бағдарымыз көбіне оның кімнің әрі қалай жүзеге асыруына қа­тысты келеді. Бұл ретте КСРО-ның Сауд Арабиясындағы өкілетті елшісі Нәзір Төреқұлұлының орны айрықша екен­дігі даусыз. Сол жылдардағы басшы­лық­тың Ислам жеріндегі өз өкілі ре­тінде, біріншіден, діни нәзіктікті терең­нен түсінетін, екіншіден, аса зиялы, білімдар, революция ісіне адал мемлекет қайраткерін дұрыс таңдаған кадр саясатын атап өтуге міндеттіміз. Бұл өзін то­лайынан ақтаған таңдау еді. Нәзір Төре­құлұлы 8 жыл бойына (1928-1936) өз елін Сауд Арабиясына лайықты таныта білді – бұл сол уақыттағы рекордтық мерзім», деп атап өткен.

XX ғасырдың бас кезінде қоғамдық, мемлекеттік істерге араласа бастаған қазақ зиялылары ұлттар арасындағы тең­сіздікті жоюға, оқу, білім, мәдениет, ғылым, техника саласында артта қалған жергілікті халықтарды алға сүйреуге ұмтылды. Өзінің білім дәрежесі, күрес­керлік тәжірибесі, мұсылман елдері өр­кениетін жақсы білетіндігі жағынан Н.Төреқұлұлы өзге замандастарынан оқ бойы озық тұрды.

Н.Төреқұлұлының КСРО диплома­тиясы мен саяси тарихындағы алар ор­ны ерекше екендігіне қарамастан, Алаш арыстары С.Қожанов, Т.Рысқұлов, С.Сей­фуллин сияқты, Н.Төреқұлұлы да ке­ңес өкіметінің солақай саясатының құр­баны болды. Бір айырмашылығы, Н.Төреқұлұлы дербес мемлекет құру­ды арман­даған алашордалықтардың құ­ра­мында болғаны үшін емес, мұсылман елдері өкілдерімен тығыз байланыс­та болғаны және мұсылмандық дінді сақ­тап қалуды үгіттегені үшін кеңестік жен­деттердің қолынан мерт болды. Бірақ кеш болса да 1958 жылы толығымен ақ­талды. Халқына қалтқысыз қызмет етіп, артына өшпейтін мол мұра қалдырған Н.Төреқұлұлының жұлдызы жыл өткен сайын нұрланып, жарқырай бермек. Ұлт рухын ұлықтаған халқымыздың асыл азаматын кейінгі ұрпақ жадында мәңгі сақтағаны абзал.

Осы орайда алдағы уақытта нәзіртану саласында бүгінге дейін атқарылған игі­лікті істер жалғасын таба түссе дейміз. Себебі Нәзір Төреқұлұлының ғибратты өмірі мен қызметі терең зерттеліп, тиісті бағасын толық алды дей алмаймыз. Оның артында қалған мұрасын түгел жинастырып, халық назарына ұсынатын кез келді.

 

Әбдіжапар САПАРБАЕВ,

«Нәзір Төреқұлұлы» Халықаралық қорының президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

экономика ғылымдарының докторы,

профессор