TOKYO2020 • 05 Тамыз, 2021

Лопес – төрт дүркін Олимпиада чемпионы

326 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Талай жылдан бері төрткүл дүние жұртшылығын теңдессіз өнерімен тамсандырып жүрген тұлғалардың барлығы дерлік Токиода алауы тұтанған XXXII жазғы Олимпия ойындарында бас қосты. Міне, сондай сүйегі асыл, рухы биік, шеберлік деңгейі шарықтау шегіне жетіп, атақ-даңқы алысқа тараған азаматтардың бірі – «Кубаның қара нары» атанған грек-рим күресінің хас шебері Михаин Лопес. Жапонияның бас шаһарында өтіп жатқан жарыста жер-жаһан жанкүйерлерінің назары дәп осы апайтөске ауғаны сөзсіз. Оның өзіндік себебі де бар.

Лопес – төрт дүркін Олимпиада чемпионы

Спорттық шежіренің сар­ғай­ған беттерін парақтасақ, Токио­дағы додаға дейін жекпе-жек түрлері бойынша ерлер арасында Олимпиаданың төрт дүркін чемпионы атанған бірде-бір дарабоз жоқ еді. Тіпті, осы белесті үш реттен бағындырған спортшылардың өздері санаулы ғана. Мәселен, грек-рим күресін серік еткен саң­лақтардың үшеуі ғана сол дең­гейден көрінді. Олар – шве­ция­лық Карл Вестерген, ресейлік Алек­сандр Карелин және кубалық Михаин Лопес.

Еркін күрестен үш дүркін Олим­­пиада чемпионы атанған мар­қасқалардың саны – екеу. Ал­ғашқысы – белорус Александр Медведь. Екіншісі – ресейлік Бувайсар Сайтиев.

Ғаламдық додада үш рет топ жарған балуандар арасын­да Ивар Юханссон сынды тұлғаның орны ерекше. Ал дзю­дошылар арасынан жо­ғары­дағыдай құрметке бөленген жал­ғыз ғана балуан бар. Ол – Та­дахиро Номура. Жапониялық 1996-2004 жылдар аралығында алауы тұтанған Олимпия ойын­дары барысында қарсы кел­ген­дерді қоғадай жапырды. 

Үш дүркін Олимпиада чем­пио­­ны атағын жеңіп алған тұңғыш боксшы Ласло Папп екенін жан­күйерлер жақсы біледі. Араға ширек ғасырға жуық уақыт салып Ласло Папптың көрсеткішін Теофило Стивенсон қайталады. Аса ауыр салмақта ай­қасқан Кубаның «қара қабыла­ны» 1972 жылы Мюнхенде Олим­пия ой­ындарының жеңімпазы атанып қана қоймай, ең үздік боксшыға тиесілі Вэл Баркер кубогын да олжалады. 1976 жылы Монреаль және 1980 жылы Мәс­кеуде де оның мерейі үстем болды. Табаны күректей 15 жыл бойы 91 кг салмақ дәрежесінің тізгінін ешкімге ұстатпаған Феликс Савон да дәл сондай жағдайды басынан кешті.

Ал жекпе-жек түрлеріне ауыр атлетиканы да қосуға болады. Батпан темірмен бетпе-бет шыға­тын жігіттер арасында Олим­пиа­даның үш дүркін чем­пионы атану бақыты төрт саңлаққа бұйырды. Алғаш рет бұл белесті Түркияның тарланбозы Наим Сулейманоғлы бағындырды. Бастапқы кезеңдерде ол Болга­рия­ның намысын қорғады. Кейіннен Анадолы еліне аттанды. Наим 1988-1996 жылдар аралығында Сеул, Барселона және Атлантада атой салды.

Пиррос Димас пен Кахи Ка­хиашвили 1992-2000 жылдар аралығында төрткүл дүниенің тең­дессіздері екенін түбегейлі мойындатты.

Олимп шыңын үш мәрте ба­ғындырған төртінші зілтемір­ші – Халил Мутлу. Ол да Наим Сулейманоғлы секілді Болга­рияның тумасы. Бірақ ертеректе ата-анасымен бірге тарихи Отаны­на оралды.

Токио­дағы додада жоғарыдағы нәти­желер жаңарды. Ал сол саң­лақ жайында біз не білеміз?

Михаин Лопес 1982 жылдың 20 тамызында Кубаның Пинар-дель-Рио қаласында дүниеге келді. Бойы – 195 сантиметр, сал­мағы 130 кг. Алғаш рет ол 2004 жылы Афина Олимпиадасында көп­шілік назарына ілікті. Ежелгі Эллада елінде «қара қабылан» ширек финалға дейін жетіп, сол межеде ресейлік Хасан Бароевтан жеңілді. Арада төрт жыл өткен соң Бейжіңде дәл сол Бароевтан басым түсіп, алғаш рет Олимпия ойындарының жеңімпазы атанды. 2012 жылы Лондон және 2016 жылы Рио-де-Жанейрода да дәл сол көрсеткішін қайталап, әлемдегі ең атақты балуандардың санатына еркін қосылды. Айтулы жарыстардың финалында ол эсто­ния­лық Хейки Наби мен түр­кия­лық Рыза Каяалпты қапы қал­дырды.

Жоғарыдағы табысынан бөлек, Лопестің бес дүркін әлем чем­­пионы, сол жарыстың үш дүр­кін күміс жүлдегері, бес дүр­кін Панамерика ойындарының же­ңімпазы және тоғыз дүркін Панамерика чемпионы деген атақтары тағы бар. Кезінде оның байрақты бәсекелердегі басты қарсыласы Хасан Бароев болса, соңғы жылдардағы жарыстардың шешуші тұсында Рыза Каяалппен жолы жиі қиысуда. Ресми жарыс­тарда олар алты рет күш сынасты. Түркияның тарланбозы Лопесті 2011 және 2015 жылдардағы дүние­жүзілік доданың финалында ұтса, қалған алты айқаста Бостандық аралы өкілінің асығы алшысынан түсті.

Бостандық аралында еңбек­теген баладан, еңкейген қартқа дейін Михаинды пір тұтады. Бар­ша жұрт оны ерекше құрметтеп, айрықша қастерлейді. Қазіргі кезде Лопестің суреті Кубадағы әрбір кеңсе мен әрбір шаңырақтың төрінде ілулі тұр. Бір ғана мысал, Олим­пия ойындарының дүбірі естілген сайын «Ашылу салтанатында мемлекеттік туды ұстап шығуды кімге сеніп тап­сырсақ екен?» деген мәселе туын­даған кезде түрлі деңгейдегі басшылар мен бапкерлерден бастап, спорт­шылардың барлығы да бір­ауыздан Лопестің есімін атауда. Осы жайттан-ақ өз елінде айтулы спортшының беделі қаншалықты зор екенін аңғаруға болады. Даңқы жер жарған балуан Кубаның туын 2008 жылы Бейжің, 2012 жылы Лондон және 2016 жылы Рио-де-Жанейро Олим­пиадаларының ашылу салта­натында ұстап шықты.

Токио Олимпиадасында Ми­хаин Лопестің қарқынына ешкі­м шыдай алмады. Бастапқы бәсе­келерде румыниялық Алин-Алек­сук-Чурариу (9:0) мен иран­дық Амин Мырзазаденің (8:0) тас-тал­қанын шығарған ол жартылай финалда өзінің басты қар­сыласы Рыза Каяалпқа (2:0) еш мүм­кіндік бермеді. Өзіне қа­жетті екі ұпайды қоржынға салды да, айқас аяқталғанға дейін тіресіп жүріп алды. Соның өзі же­ңіске жету үшін жеткілікті бол­ды. Финалда Кубаның алыбы гру­зиялық Якоб Каджаяны (5:0) қапы қалдырды. Осылайша, Лопес жекпе-жек түрлерінен төрт дүркін Олимпиада чемпио­ны атанған алғашқы спортшы ретінде өз есімін тарихқа ал­тын әріптермен жазды. Енді бұл нә­тижені қайталау кім-кімге болса да аса қиын болады. Бір кереметі, Токио төрінде Ми­хаин қарсыластарына соқыр ұпай ұстатпады. Төрт бәсекенің қоры­тындысы бойынша 24:0 есебі тіркелді. Міне, Бостандық ара­лының бағына туған Михаин Ло­пестің болмысы осындай!