Спорттық шежіренің сарғайған беттерін парақтасақ, Токиодағы додаға дейін жекпе-жек түрлері бойынша ерлер арасында Олимпиаданың төрт дүркін чемпионы атанған бірде-бір дарабоз жоқ еді. Тіпті, осы белесті үш реттен бағындырған спортшылардың өздері санаулы ғана. Мәселен, грек-рим күресін серік еткен саңлақтардың үшеуі ғана сол деңгейден көрінді. Олар – швециялық Карл Вестерген, ресейлік Александр Карелин және кубалық Михаин Лопес.
Еркін күрестен үш дүркін Олимпиада чемпионы атанған марқасқалардың саны – екеу. Алғашқысы – белорус Александр Медведь. Екіншісі – ресейлік Бувайсар Сайтиев.
Ғаламдық додада үш рет топ жарған балуандар арасында Ивар Юханссон сынды тұлғаның орны ерекше. Ал дзюдошылар арасынан жоғарыдағыдай құрметке бөленген жалғыз ғана балуан бар. Ол – Тадахиро Номура. Жапониялық 1996-2004 жылдар аралығында алауы тұтанған Олимпия ойындары барысында қарсы келгендерді қоғадай жапырды.
Үш дүркін Олимпиада чемпионы атағын жеңіп алған тұңғыш боксшы Ласло Папп екенін жанкүйерлер жақсы біледі. Араға ширек ғасырға жуық уақыт салып Ласло Папптың көрсеткішін Теофило Стивенсон қайталады. Аса ауыр салмақта айқасқан Кубаның «қара қабыланы» 1972 жылы Мюнхенде Олимпия ойындарының жеңімпазы атанып қана қоймай, ең үздік боксшыға тиесілі Вэл Баркер кубогын да олжалады. 1976 жылы Монреаль және 1980 жылы Мәскеуде де оның мерейі үстем болды. Табаны күректей 15 жыл бойы 91 кг салмақ дәрежесінің тізгінін ешкімге ұстатпаған Феликс Савон да дәл сондай жағдайды басынан кешті.
Ал жекпе-жек түрлеріне ауыр атлетиканы да қосуға болады. Батпан темірмен бетпе-бет шығатын жігіттер арасында Олимпиаданың үш дүркін чемпионы атану бақыты төрт саңлаққа бұйырды. Алғаш рет бұл белесті Түркияның тарланбозы Наим Сулейманоғлы бағындырды. Бастапқы кезеңдерде ол Болгарияның намысын қорғады. Кейіннен Анадолы еліне аттанды. Наим 1988-1996 жылдар аралығында Сеул, Барселона және Атлантада атой салды.
Пиррос Димас пен Кахи Кахиашвили 1992-2000 жылдар аралығында төрткүл дүниенің теңдессіздері екенін түбегейлі мойындатты.
Олимп шыңын үш мәрте бағындырған төртінші зілтемірші – Халил Мутлу. Ол да Наим Сулейманоғлы секілді Болгарияның тумасы. Бірақ ертеректе ата-анасымен бірге тарихи Отанына оралды.
Токиодағы додада жоғарыдағы нәтижелер жаңарды. Ал сол саңлақ жайында біз не білеміз?
Михаин Лопес 1982 жылдың 20 тамызында Кубаның Пинар-дель-Рио қаласында дүниеге келді. Бойы – 195 сантиметр, салмағы 130 кг. Алғаш рет ол 2004 жылы Афина Олимпиадасында көпшілік назарына ілікті. Ежелгі Эллада елінде «қара қабылан» ширек финалға дейін жетіп, сол межеде ресейлік Хасан Бароевтан жеңілді. Арада төрт жыл өткен соң Бейжіңде дәл сол Бароевтан басым түсіп, алғаш рет Олимпия ойындарының жеңімпазы атанды. 2012 жылы Лондон және 2016 жылы Рио-де-Жанейрода да дәл сол көрсеткішін қайталап, әлемдегі ең атақты балуандардың санатына еркін қосылды. Айтулы жарыстардың финалында ол эстониялық Хейки Наби мен түркиялық Рыза Каяалпты қапы қалдырды.
Жоғарыдағы табысынан бөлек, Лопестің бес дүркін әлем чемпионы, сол жарыстың үш дүркін күміс жүлдегері, бес дүркін Панамерика ойындарының жеңімпазы және тоғыз дүркін Панамерика чемпионы деген атақтары тағы бар. Кезінде оның байрақты бәсекелердегі басты қарсыласы Хасан Бароев болса, соңғы жылдардағы жарыстардың шешуші тұсында Рыза Каяалппен жолы жиі қиысуда. Ресми жарыстарда олар алты рет күш сынасты. Түркияның тарланбозы Лопесті 2011 және 2015 жылдардағы дүниежүзілік доданың финалында ұтса, қалған алты айқаста Бостандық аралы өкілінің асығы алшысынан түсті.
Бостандық аралында еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін Михаинды пір тұтады. Барша жұрт оны ерекше құрметтеп, айрықша қастерлейді. Қазіргі кезде Лопестің суреті Кубадағы әрбір кеңсе мен әрбір шаңырақтың төрінде ілулі тұр. Бір ғана мысал, Олимпия ойындарының дүбірі естілген сайын «Ашылу салтанатында мемлекеттік туды ұстап шығуды кімге сеніп тапсырсақ екен?» деген мәселе туындаған кезде түрлі деңгейдегі басшылар мен бапкерлерден бастап, спортшылардың барлығы да бірауыздан Лопестің есімін атауда. Осы жайттан-ақ өз елінде айтулы спортшының беделі қаншалықты зор екенін аңғаруға болады. Даңқы жер жарған балуан Кубаның туын 2008 жылы Бейжің, 2012 жылы Лондон және 2016 жылы Рио-де-Жанейро Олимпиадаларының ашылу салтанатында ұстап шықты.
Токио Олимпиадасында Михаин Лопестің қарқынына ешкім шыдай алмады. Бастапқы бәсекелерде румыниялық Алин-Алексук-Чурариу (9:0) мен ирандық Амин Мырзазаденің (8:0) тас-талқанын шығарған ол жартылай финалда өзінің басты қарсыласы Рыза Каяалпқа (2:0) еш мүмкіндік бермеді. Өзіне қажетті екі ұпайды қоржынға салды да, айқас аяқталғанға дейін тіресіп жүріп алды. Соның өзі жеңіске жету үшін жеткілікті болды. Финалда Кубаның алыбы грузиялық Якоб Каджаяны (5:0) қапы қалдырды. Осылайша, Лопес жекпе-жек түрлерінен төрт дүркін Олимпиада чемпионы атанған алғашқы спортшы ретінде өз есімін тарихқа алтын әріптермен жазды. Енді бұл нәтижені қайталау кім-кімге болса да аса қиын болады. Бір кереметі, Токио төрінде Михаин қарсыластарына соқыр ұпай ұстатпады. Төрт бәсекенің қорытындысы бойынша 24:0 есебі тіркелді. Міне, Бостандық аралының бағына туған Михаин Лопестің болмысы осындай!