Мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрағасының орынбасар Жомарт Қарамбаевтың айтуынша, әрбір әкімдіктің білім басқармасы мен білім беру ұйымдарының пандемия кезінде санитарлық талаптарды сақтай отырып кезекші сыныптар мен мектептердің жұмысын ұйымдастыруда тәжірибесі бар. Дегенмен күндізгі оқу процесін ұйымдастыру мәселесіне үлкен жауапкершілікпен қарау керек. Бастысы – балалардың денсаулығы. Сондықтан әр сынып басқа кабинетке ауыспай, өз кабинетінде оқиды. Оқушылар да мұғалімдер сияқты бетперде киеді. Үзілістер әртүрлі уақытта болады, қажет болған жағдайда қосымша ауысымдар енгізіледі. Кіреберісте температураны өлшейтін және дезинфекциялық құралдардың болуы міндетті. Сондай-ақ оқушылардың білім олқылықтарын толтыру бойынша педагогтердің көлемді жұмыс жүргізуі маңызды», деді.
Жаңа оқу жылында осылайша жергілікті атқарушы органдардың білім басқармаларына жүк түскелі тұр. Басқармалар оқу орындарында санитарлық нормалардың сақталуына ерекше назар аударып, бақылауы қажет. Барлық мектепте қызметкерлер мен білім алушылардың температурасын өлшеу, қауіпсіздік шараларын сақтап, кабинеттердің ауасын зарарсыздандыру (кварцтау) және дезинфекциялау шараларын жүргізу керек. Білім беру ұйымдары дезинфекциялау құралдарымен қамтамасыз етілуі тиіс.
Жалғасып жатқан шектеу шаралары кезінде оқу орындарының сыйымдылық қуаты мен білім алушылардың санына қарай ауысым мен жұмыс режімін алдын ала анықтап, әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып оқу процесін ұйымдастыру да маңызды. Әкімдіктердің білім басқармалары мен мектеп әкімшіліктері балалардың дәліздер мен буфеттерде жиналуын болдырмау үшін үзілістерді әртүрлі уақытта өткізуді ұйымдастыруы қажет.
Сондай-ақ білім алушылар мен қызметкерлер арасында маска тағу режімін сақтауды қамтамасыз ету керек. Бір сынып бір кабинетте оқуы тиіс. Сабақ кестесі санитарлық талаптарды ескеріп жасалуы тиіс. Білім беру ұйымдары бұқаралық, мәдени және спорттық іс-шараларды өткізуді шектеуі қажет. Дәстүрлі оқыту форматында мектеп формасы бұрынғыдай сақталады. Ескеретін жайт, санитарлық қызметтің талабы бойынша алдағы оқу жылында мектептерді ашу шарттарының бірі – мұғалімдер мен қызметкерлерді вакциналау.
«Білім беру ұйымдарын дәстүрлі форматқа қайтару елдегі санитарлық-эпидемиялық жағдайға байланысты болады. Оқыту форматы туралы шешімді коронавирус инфекциясының пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия, елдің бас мемлекеттік санитарлық дәрігері және өңірлердің бас санитарлық дәрігерлері қабылдайды. Былтыр оқыту форматы эпидемиялық жағдайға байланысты өзгеріп отырды. Кейбір оқушылар қашықтан білім алды, бір бөлігі аралас форматта оқыды. Ахуал оңалып, дәстүрлі оқуға мүмкіндік болған кезде кейбір оқушылар кезекші сыныптарға барды. Яғни елде жаппай қашықтан оқыту болған жоқ. Іс жүзінде орта есеппен 4 мыңға жуық шағын ауылдардағы мектептер жыл бойы дәстүрлі форматта оқытылды. Дәстүрлі форматта оқитындардың жалпы саны кезекші сыныптарды қоса алғанда бірінші тоқсанда 1 млн бала болса, төртінші тоқсанда 2 млн балаға дейін жетті», деді Ж.Қарамбаев.
Ендігі мәселе – мектеп формасы. Карантин кезінде министрлік оқушыларға мектеп формасымен қатар классикалық стильдегі киімде де сабаққа қатысуға рұқсат берді. Ал жаңа оқу жылында қалай болмақ? Бұл сұраққа Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов:
«Мен өзім ата-ана ретінде де, Білім және ғылым министрі ретінде де мектеп формасын киюді қолдаймын. Педагогтер мектеп формасының балаларды бір тәртіппен тәрбиелеуге ықпал ететінін, сол мектепке баратын балалармен бірлікті сезінуге мүмкіндік беретінін және ең бастысы оқушылар арасындағы әлеуметтік айырмашылықты азайтуға көмектесетінін айтады. Бірақ мектеп формасын қолдағандар мен қарсылық білдіргендердің пікірлерін саралап, барлық жағдайды ескеріп, біз оқушыларға мектепке тек мектеп формасында ғана емес, сонымен қатар классикалық стильдегі киімде де келуге мүмкіндік беретін шешімді қабылдадық. Бұл шешім тек келесі оқу жылы үшін қабылданды», деп жауап берді.
Министрдің мәлімдеуінше, жоғарыдағы мектеп формасына қатысты шешімді қабылдауға ең алдымен эпидемиялық жағдай негіз болған. Қазір еліміздің көптеген аймағында карантиндік шектеу шаралары күшейген. Дүкендер белгілі бір уақытта, кейбір қалаларда жұмыс күндері ғана істейді. Егер ата-аналар балаларға мектеп формасын сатып алу үшін сауда орталықтары мен дүкендерге жаппай барса, ұзын-сонар кезек болып, вирус жұқтыру қаупін тудырады.
«Екіншіден, кейбір отбасылардағы уақытша экономикалық қиындықтарға байланысты мектеп формасын сатып алу отбасылық бюджетке қосымша жүктеме болуы мүмкін. Сондықтан ата-аналар түрлі жағдайларға байланысты балаға мектеп формасын ала алмаса, онда уақытша, келесі оқу жылына дейін мектепке классикалық стильдегі киіммен баруға болады. Мектеп формасына қатысты қандай шешім қабылданса да пікірлердің әртүрлі болатынын түсінемін. Мектеп формасын жақтаушылар да, қарсы болғандар да өз пікірлерін айтатыны белгілі. Бірақ бұл мәселеде біз үшін қалыптасқан жағдайды объективті бағалау және ықтимал тәуекелдерді қарастыру маңызды болды», деді министр А.Аймағамбетов.
Сонымен алдағы жаңа оқу жылында 3,5 млн-нан аса бала үшін 7 475 мектеп ашу жоспарланған. Жауапты ведомствоның хабарлауынша, қазір мектептерде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олардың барысын әкімдіктердің білім басқармалары бақылайды. Барлық білім беру ұйымында жөндеу жұмыстары аяқталады, соның ішінде 263 мектеп күрделі жөндеуден өтпек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оқушылар мен студенттерді дәстүрлі форматта оқытуға дайындықты қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Осыған орай Білім және ғылым министрлігі жаңа оқу жылына дайындыққа қатысты ұсынымдар әзірледі. Бүгінде өңірлерде ведомство әзірленген ұсынымдар бойынша дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Жастар» Сарайының 50 жылдығы тойланады
Аңдатпа • Бүгін, 12:46
Санжар Тәшкенбай күміс жүлдегер атанды
Бокс • Бүгін, 12:41
Ауыл шаруашылығы саласында 142 миллиард теңге тиімсіз игерілген
Оқиға • Бүгін, 12:25
Ел мектептерінде медиация қызметтері пайда болады
Оқиға • Бүгін, 11:50
Сегіз жасар оқушы шахматтан Азия чемпионы атанды
Шахмат • Бүгін, 11:28
Ольга Рыпакова басшылық лауазымға тағайындалды
Спорт • Бүгін, 11:14