Экономика • 06 Тамыз, 2021

2025 жылға дейін еңбек өнімділігі артады

535 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР ИИДМ баспасөз қызметі индустрияландырудың жаңа жобалары туралы мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.

2025 жылға дейін еңбек өнімділігі артады

Көрнекі сурет

Индустрияландырудың үшінші кезеңі экспортқа бағдарланған жобаларды дамытуға бағытталған. Бұл бес жылда мемлекеттік қолдау шаралары ішкі нарықты сапалы өніммен толықтыруға және экспорттауға бағытталады.

Басты назар терең өңдеу деңгейі мен қосылған құнның жоғары деңгейі бар өнім шығаруды қолдауға аударылады.

Қостанай облысында ірі машина жасау кластерін қалыптастыру бойынша ауқымды жоба іске қосылады. Онда ауыл шаруашылығы техникасы мен автомобильдерін өндіруге арналған компоненттер, бөлшектер мен тораптардың мыңға жуық атауы шығарылады. Осы жерде Қостанай өнеркәсіптік аймағында «КамАЗ» қозғалтқыштарына арналған жинақтауыштардың құю өндірісінің құрылысы басталды.

Биыл «Kaspy Service» ЖШС мұнара крандары мен лифтілер шығаратын зауыттың, «United Energy Qazaqstan» ЖШС жел генераторларын шығаратын зауыттың, «Сайман корпорациясы» ЖШС аспап жасау зауытының құрылысын бастауды жоспарлап отыр.

Еуропаның, Жапонияның, Канаданың, АҚШ-тың дамыған нарықтары экологиялық таза өнімдер мен көлік өндірісін дамытуға ерекше назар аударады. Бұл біздің еліміз үшін де маңызды.

ҚР Президентінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында ҚР ИИДМ-ге экспортқа бағдарланған электромобильдер өндірісін одан әрі дамыту, қажетті инфрақұрылым құру мәселесін пысықтау тапсырылды. Бұл тапсырма сәтті орындалып жатыр.  

Қазақстандық «СарыарқаАвтоПром» зауыты JAC iEv7S электромобильінің сериялық өндірісін іске қосуға дайындалып жатыр. ЕАЭО-ның барлық аумағында автомобильді айналымға шығаруға мүмкіндік беретін Кеден Одағының көлік құралын мақұлдау сертификаты алынды. Халық арасында модельді танымал ету үшін сату көлемін дамытуға бағытталған ынталандырун шаралары дайындалуда.

Мемлекет басшылығы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің алдына үшінші бесжылдыққа маңызды индикаторлар қойып отыр. 2025 жылға қарай машина жасау мен өңдеу өнеркәсібінде экспорттық көлем екі есе, еңбек өнімділігінің нақты өсімі 1,6 есе, негізгі капиталға салынатын инвестициялар 1,6 есе өсуге тиіс. Отандық машина жасау саласының әлеуеті зор. Импортты алмастыру есебінен ғана 16,5 млрд АҚШ долларынан астам көлемде тауар өндіруге болады.