30 Сәуір, 2010

БІР РЕТТІК ШПРИЦ

1345 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Бұл құрал Атырауда шығарыла бастады Бұрын Атырау өнеркәсібімен танылған өңір еді. Енді медицина саласында күніне әл­де­неше рет қолданылатын бір реттік шприцтер шығарумен аты шықпақ. Өткен жылы Атырауда осындай өнім шығаратын зауыттың технологиясын құрастыру басталған болатын. Оны іске асырған “Брандо” ЖШС-нің  директоры Дәулет Досалиевтың түсіндірге­ніндей, зауыттың жылдық қуаты 250 миллион дана шприц шығаруға негізделген. Сұраныс  көбейген сайын оның көлемін екі есеге жуыққа арттыруға болады екен. – Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде сан түрлі өнімдер шығарылып жатыр. Бір реттік шприц өндіру жобасы  Атырауда алғаш рет қолға алынып отыр. Бұл –Атыраудағы инвестициялық жобалардың бірі, –деді облыс әкімі Бергей Рысқалиев зауыттың шикізатты дайындаудан өнім өндіруге дейінгі  үдерісімен танысу кезінде. Зауыт директоры Дәулет Досалиевтың ай­туынша, инвестициялық жобаның құны 6 мил­лион АҚШ долларын құрайды. Бұл –отандық инвестордың қаржысы. Зауытқа өнім өндіру үшін қажетті шикізаттар Корея, Бельгия, Ресей елдерінен әкелінген. Шикізат алғашқы сатыда арнайы аппаратпен өңделеді. Сонан соң шприцтің қалыбы жасалып, басқа да бөліктері дайындалады. Зауытта жұмыс жасайтын 25 маман медициналық шприц өндірудің барлық үдерісін қатаң бақылайды.  Арнайы жабдықтар арқылы шығып жатқан шприцтер қалыптарын мамандар микроскоппен тексеріп, жарамдылы­ғына көз жеткізіп барып жинақтау цехына жібереді. Соңынан  3, 5, 10, 20 грамдық шприцтердің барлық бөлшегі құрастырылып, залалсыздандыру мәшинесінде 10 сағатқа дейін сақталады. Мамандар шприцті осындай залалсыздандырудан соң ғана пайдалануға болатынын айтады. Өнім өндіру үдерісі толық автоматтандырылған. – Барлық қондырғылары Кореядан алын­ған  бұл зауыттағы барлық үдерістер  халық­аралық ІSO-9001 және ІSO-14001 стандарт­тарына сәйкес атқарылады. Сол себептен 6 маманды Кореяға оқуға жібердік. Олар сондағы зауытта өнім өндіру, жүргізу, басқару тәсілдері технологиясын меңгеріп келді. Енді олар осындағы мамандарды үйретуде, –дейді директор Д. Досалиев. Зауытта Корея технологтары қазақстандық мамандарға бағыт-бағдар беріп, өз тәжірибеле­рі­мен бөлісуде. Солардың бірі Чань У Ли қазақстандық жастардың жаңа мамандықты Кореяда  жедел меңгеріп, енді жаңа өндіріс ор­нында тәжірибе жинақтауда біліктілік танытуда екенін айтады. Мұндағы жұмысқа алынған­дардың барлығы жергілікті жастар. Бір сағатта 60 мың дана, жылына 250 миллион дана әр мөлшердегі шприцтерді шығаратын зауыттың экологияға зияны жоқ, дейді мамандар. Тек шприц шығаруға қажетті шикізат –полипро­пилен әзірге Қазақстанда өндірілмейді. Осы өнімді Атыраудан шығаратын жобалар ке­шеуілдеп жатыр. Сол себептен шикізат Корея, Бельгия және Ресей секілді алыс-жақын ел­дерден алынады. Соған қарамастан 5 грамдық шприцтің өзіндік құны 5 теңгеден аспайды, өзгелерінің құны мөлшеріне байланысты бұдан сәл қымбаттау болады, деп пайым жасайды зауыт басшылары. Қазір Атырауда өндірілген отандық шприц­тердің алғашқы легі сараптамадан өтуде. Аты­рау­дағы дәріханаларда өзге елдерден, соның ішінде алыстағы Герамниядан жеткізілген 5 грамдық шприц 15 теңгеден сатылуда екенін ескерсек, тұтынушы үшін дәл осындай отан­дық өнімнің бағасы одан әлдеқайда арзанға түседі. Оның үстіне Атырауда шығарылатын шприцтер түрлерінің сапасы халықаралық талаптарға толықтай сәйкес келеді. Ендеше отандық нарықта бұл шприцтер өз орнын иелене алатынына сенім бар. Тіпті алыс-жақын шетелдер рыногына  шығарудың мүмкіндігі болатындығы да дау тудырмайды. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ.Атырау облысы.